«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘҢГІЛ ҚАРТТЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаһандану мен қалалану дәуірінде қазақтың руханиятынан жоғалып бара жатқан өнердің бірі – әңгімешілдік. Әңгімешілдік – ғажап өнер! Шешендік өнермен қатарда тұруға лайық өнер. Қазақтың, қала берді әлемнің таңғажайып оқиғалары, әдеби мұрасы, тарихы әңгімешіл қарттардың әсерлі әңгімелерінің арқасында бүгінгі күнге жетті. Бір өзі бір театрдың жүгін арқалап, жиылған алқалы топты аузына қаратып, таңды таңға жалғайтын қазыналы қариялардың, кеудесі алтын сандық ақсақалдардың қатары қазір тым сиреп кетті.

Біздің Әңгіл есімді көршіміз бол­ды. “Азан шақырып қойған аты Жан­гелді” деп еститінбіз. Бірақ ешкім олай атаған емес. Не себепті Әңгіл атанғаны да – маған жұмбақ. Сол Әңгіл қарт керемет әңгімешіл кісі еді. Ауыл тұрғындары өңірдің арғы-бергі тарихын, өткенін, қызық оқиға­сын сол кісінің аузынан естуші еді. Ұзынша бойлы, жарғақ құлақты, ақсары келген келбетті адам бола­тын. Көздері үлкен әрі өткір еді. Қа­лың әйнекті көзілдірік тағып жүретін. Екінші дүниежүзілік соғыстың арда­гері. Орнықты, байсалды, еңсесін тік ұстайтын, болмысында бір бекзат­тығы бар жан болатын. Дауыс көте­ріп сөйлемейтін. Әңгіме айтқанда асықпай, байыппен айтады. Құлаққа жағымды қоңыр дауысы мен өзгеше тембрі тыңдаушының ішкі дүниесіне мамы­ражай тыныштық орнатып тастай­тын. Жыланға арбалған жем­тіктей аузына қарап отыра бересің. Со­ғысты суреттеп айтса да байып­пен, сарымайдан қыл суырғандай етіп ала жөнелуші еді. Ол кісінің кө­мейінен шыққан сөз биязы келін­шектің ожаудағы қымызды тоста­ғанға сыздықтата құйғанындай ғана болып құлағыңа сіңіп кететін. Тілі бай және мысқыл, сарказмды орны­мен, жөнімен қолданады. Кейіп­керінің кем тұсын да, артық жерін де соқырға таяқ ұстатқандай етіп сө­зімен сипаттап беретін. Сондықтан болса керек, көпшілік оны “Сары жорға” деп атайтын.

“Бір бойдақтың қалыңдығын алып келуге бардық”, – деп, бірде Әңгіл қарт сөз бастады. “Ырғалып-жырғалып, сырнай тартып, керней шалып жүретін кең заман емес. Со­ғыстан кейінгі қиын шақ. Ауылдың үйленбей жүрген салт басты, сабау қамшылы бір жігіті бар еді. Соның жалғызбасты шешесі келіп бір күні жағдайын айтты. Көрші ауылда бір қыздың әкесімен ауызша келісіп қойыпты әлгі кейуана. “Қызымды ұлың жалғыз кеп жетектеп кетпесін, дос бар, дұшпан бар дегендей… Ауылыңда жол білетін, сөз сөйлей ала­тын үлкендер бар шығар? Со­лардың ең құрығанда біреуі құда ор­нына құда боп келіп, жөн-жора­лғысы болмаса да ырымын жасап кетсін”, – депті құдасы. Жазған құл­да шаршау жоқ демекші, келістім. Күйеу жігіт – әзілге жоқ, ымды ұқпай­тын, дымды түсінбейтін қиын адам. Сазарып отыра береді. Әрі қисай десең бері домалайтын қисықтығы және бар. Ол аз дегендей, Құдай басына бір тал шашты да қимаған таз. Басының сол кемшілігінен қат­ты қысылатын.

…Содан келіскен күні күйеу жігітті ертіп, қалыңдықтың ауылына тартып отырдық. Қыс мезгілі еді. Құданың үйін тауып алып кіріп бардық. Қонақ күтуге дайын отырған үй екені көрініп тұр. Келетінімізді алдын ала хабарлап қойғанбыз. Қа­зан толы ет қайнап жатыр. Үй ыстық екен. Төрге оздық. Сырт киімді шешіп, дастарқанға жайғастық. Сөз бастап, аман-саулық сұрастық, келген мақсатымызды айтып, өзімді таныстырдым. Енді күйеу жігітті та­ныстырайын деп бұрылсам, әлгі не­ме сауыс-сауыс болған құлақшыны­мен әлі отыр. Басқа киімін шешкен. “Басыңдағыны шеш” дейін десем менен алыс жайғасыпты. Қас-қабақтың ымын екібастан ұқпайды. Бір ыңғайын тауып төбемді шұқып көрсетіп едім, басын шайқап, міз бақпай отыра берді. Шешуге ұялып отыр екен сабазың.

– Күйеудің басы қатты тоңған-ау? – деп, ыдыс-аяқ тасып жүрген бір әйел тілімен түйреп өтті.

– Ә, иә, бас терісі тым жұқа еді, – дедім мен де қалыспай.

Буы бұрқырап алдымызға ет келді. Ләм деместен ет соғып отыр күйеу жігіт. Қарап қоямын, самайдан шып-шып тер біліне бастады. Енді шыдамассың, шешерсің басың­да­ғыны деп мен отырмын. Жоқ, олай болмады. Басына қарға ұялағандай қалқиып отырды да қойды. Ет ар­тынан сорпа келді. Құрт салып оны сораптасын-ай келіп. Енді тер маң­дайдан шүмектеп ақты. Саусағы­ның сыртымен сүртіп үлгіре алмай жа­тыр. Оған мұрын қосылды. Сор­паны бір ұрттайды, мұрынды бір тартады, маңдайды бір сүртеді. Бірінен кейін бірін қайталап отыра­ды, жаңылыспай. Кәдімгі сағаттың бір механизмі сияқты.

Ас қайырып болып, тер басы­лам дегенше шай да дайын болды. Екі иінінен демалған жез самаурын сарқылғанша мына сормаңдай не болар екен деп тағы ойлап отыр­мын. Қолда бар тәттіні алдымызға әкепті. Жент қойыпты. Бірақ күйеу шайды көп ішпеді. Екі кеседен соң кесесіне қасықты көлденең қойып, дастарқаннан сәл шегініп отырды. Шай ішіліп болған соң, қалыңдықты алып біз де жөнелдік. Үн-түнсіз келе жатырмыз. Қыздың ауылынан ұзап шыққан соң, әлгім құлақшынын ба­сынан жұлып алып санына бір-ақ соқты.

– Әй, не қылды?

– Шай ішкім кеп тұр.

– Жаңа неге қанып ішпедің?

– Сіздің алдыңызға жент қойып, менің алдыма қоймапты. Жентпен ішкім келген…

“О, тоба!” – дедім. Қалыңсыз қыз алғанына қуанып шай батпай отыр екен десем, тәтті жей алмай бұр­тиып отыр екен. Сөйткен адам кейін үбірлі-шүбірлі үй боп кетті”, – деп әңгімесін аяқтап еді Әңгіл қарт.

Әңгіл Сәрсенбайұлы, ұмытпа­сам, 1995 жылы Арқалық ауруха­насында науқастан қайтыс болды. Жаратқан иеміз құлының қазына мен шежіреге толы кеудесінен өз аманатын күздің қыспен алмасатын өліара шағында қайтып алыпты. Қар түспеген қара суық еді. Біз мек­тептен қайтып келе жатсақ, аулада көршілер торы биені сойып жатыр екен. Ертесіне қазақтың кең са­харасын сахна еткен даланың “дип­ломсыз өнерпазы” торы биесіне мі­ніп, мәңгілік мекеніне аттанды.

Нұрболат ӘЛМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp