Өмір тәтті ғой, шіркін! Жанның амандығы, тәннің саулығы –тағдыр маңдайға жазған бес күндік ғұмырдың ғажабы. Ертеректе үлкендер бір күні өтсе, “өмірім өтіп бара жатыр” деп жылайды екен. “Таңертең көзіңді ашсаң, ұйқыдан оянғаныңа қуан” дейді көпті көргендер. Бұлардың барлығы қиындыққа мойымай, өмірді сүюге баулиды. Себебі өлшеулі өмірдің қадірін білуіміз керек.
Бірақ қазір бесіктен белі шықпаған баладан бастап, еңкейген қарияға дейін өмірді тәрк етуге бейім. Содан да болар жалғыз біздің елде ғана емес, әлем бойынша суицид мәселесі ушығып тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер шарында 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды. Өкініштісі, әлем бойынша Қазақстан суицид статистикасында алғашқы ондыққа енген. Ал Орта Азияда алғашқы орында тұр. Әсіресе елімізде жастар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы белең алған.
Аузынан ана сүті кеппеген жасөспірімнің өмірден түңілуіне, жастықтың ең шуақты, алаңсыз шағында ажалға асығуына не себеп? Өмірдің мәнін, жарық дүниенің қадірін жете түсінбей жатып, жабығу мен жалғызсыраудың қамытын киюіне не түрткі болды? Елімізде жыл сайын осы сұрақтардың жауабын іздеген түрлі жиындар өтеді. Жастар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша жасалып жатқан іс-шаралар да, әзірленген жобалар мен қабылданған бағдарламалар да жетіп артылады. Бірақ қыршыннан қиылып жатқан жеткіншектердің саны азаяр емес. Дін өкілдері суицидті “Алладан алыстаған адамдардың ауруы” дейді. Ал психологтар жақындарынан жылылық сезініп, қолдау таппаған жеткіншек қана өмірлік қиындыққа төтеп бере алмай, морт сынатынын айтады. Бұл ретте, ең алдымен, жақын адамдар бір-бірінің жан дүниесіне үңіліп, қайғысы мен қуанышын бөлісіп отырудың пайдасы зор. Отбасында осындай қарым-қатынас болғанда ғана жасөспірімдер арасындағы жабығу мен жалғызсырау азаяды.
Өңірімізде соңғы үш жылда жастар мен жасөспірімдер арасында 7 суицид әрекеті тіркелді. 2021 жылы өзіне қол жұмсаудың екі фактісі тіркелсе, он үш жасөспірім өмірмен қош айтысуға әрекеттенген. Былтыр бес жасөспірім өзіне қол жұмсаса, он бала өмірді тәрк етуге талпынған. Ал үстіміздегі жылы 4 жасөспірім суицид жасауға әрекеттенді.
Балалар суицидінің негізгі үш себебі бар екен. Ең әуелі ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауынан. Одан кейін алғашқы махаббат, болашаққа сенімсіздік, өмір сүруден қорқу болса, сабақ үлгерімі нашар оқушылар да осындай жолға түсіп кетуі мүмкін екен. Бұл, әсіресе ҰБТ кезінде көп туындайтын көрінеді. Мұндай жағдайда кез келген оқушының бойында белгісіз үрей пайда болып, психикасы бұзылады. Облыс орталығындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің психологы Айнұр Акишеваның айтуынша, жастар арасында суицидтің бірнеше себебі бар. Ол – мектептегі қорқыту (буллинг), әлеуметтік мінез-құлық нормаларының төмендеуі, ата-аналар мен жақындарының сүйіспеншілігін сезінбеу, ересектер тарапынан сөгіс есту. Осы ретте жер-жерде “Білім туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының 1-тармағына сәйкес, баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасына, кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық іс-қимыл жоспарына сәйкес тиісті шаралары жүргізіледі.
– Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және балаларға қатыгездікке қарсы қылмыстардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық іс-қимыл жоспарына сәйкес білім беру ұйымдарында 420-дан астам іс-шара өткізілді. Мектеп психологтары 7-11 сынып арасындағы қыздарға “Қарым-қатынасты қалай үзуге болады”, “Қыздардың қауіпсіздігі”, “Зорлық-зомбылықтан қалай құтылуға болады” деген тақырыптарда топтық сабақтар мен рөлдік ойындар өткізеді. Қазір тәрбие үдерісіне қатысты көзқарастар өзгерді. Ата-аналармен өзара әрекеттесу, баланың өміріне араласу және оларды оқу-тәрбие үдерісіне тартуға баса назар аударылады, – дейді білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Роза Сәркен.
Осы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін орталық мамандары “Біз өз әрекеттерімізге жауаптымыз”, “Қазақстандағы отбасы институты және оның құндылықтары”, “Ата-ана ақиқатының заңдары”, “Қылмыс және жасөспірім”, “Қылмыстық жауапкершілік” тақырыптарымен “дөңгелек үстел”, отырыстары, “Қатыгездіктің себептері – қоршаған ортаның әсері” тақырыбында пікірталас, “Балалардың құқықтары мен олардың міндеттері” дәрістері, “Құқық сабақтары – өмір сабақтары”, “Отбасы және баланы тәрбиелеу”, “Ренішсіз және қорлықсыз балалар”, “Құқық бұзушылық. Қылмыс. Жауапкершілік. Кәмелетке толмағандарды жазалау”, “Бұзақылық. Вандализм. Жаппай тәртіпсіздік”, жоғары сынып оқушыларына арналған “Менің құқықтарым – менің байлығым”, “Жанжалдан, төбелестен қалай құтылуға болады?”, “Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары мен қараусыз қалуының алдын алудағы отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы”, “Бақытты отбасы”, “Мен – сен – біз әлемді бірге өзгертеміз” фотобайқауы, “Сен және Заң”, “Әрекет пен теріс қылық дегеніміз не?” викториналық ойындары, “Ата-аналардың тәрбиеге жауапкершілігі туралы” тақырыптық ата-аналар жиналыстары, “Жақын жерде қиындық”, “Отбасы ата-анадан басталады”, “Қиын жасөспірім. Ол кім?” деген тақырыптарда басқа да шаралар ұйымдастырылды.
Облыстық полиция департаменті мүдделі органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты тұрақты негізде жүзеге асырады. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар интернет желісіне деструктивті және суицидтік топтарды анықтау, суицидті насихаттайтын және кәмелетке толмағандарды денсаулыққа зиян келтіретін әрекеттерді жасауға тартатын сайттарды әшкерелеу тұрғысынан мониторинг жүргізеді. Желідегі қауіпті топтарға кірген кәмелетке толмаған жас анықталған жағдайда қажетті көмек көрсету үшін тиісті мамандар (білім беру ұйымдарының қызметкерлері, психологтар, психиатрлар) тартылады. Ата-аналарға немесе заңды өкілдерге баланы медициналық тексеруден өткізу және әлеуметтік желілердегі қарым-қатынасты және қауіпсіздік шараларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөнінде ұсынымдар беріледі.
– Дәрістер, әңгімелер және тақырыптық баяндамалар түріндегі ақпараттық-ағарту қызметі кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу, интернет-кеңістікті қауіпсіз пайдалану ерекшеліктерін түсіндіруге бағытталған. Бұл жұмыс кәмелетке толмағандармен, сондай-ақ олардың ата-аналарымен және мұғалімдерімен жүргізіледі, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мәдина Ерғалиева.
“Бұл әлемді мейірімділік құтқарады” деген қанатты сөз бар. Бір-біріне деген мейірімі ортаймаған отбасында дүниеге келіп, ата-ана махаббатына бөленіп өскен жас ажалға емес, алға қарай ұмтылары анық.
Әдия ТАСБОЛАТ,
“Soltüstık Qazaqstan”.