«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРДІҢ СЫНАҒЫНА СЫНЫП КЕТПЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір тәтті ғой, шіркін! Жанның амандығы, тәннің саулығы –тағдыр маңдайға жазған бес күндік ғұмыр­дың ғажабы. Ертеректе үлкендер бір күні өтсе, “өмірім өтіп бара жатыр” деп жылайды екен. “Таңертең көзіңді ашсаң, ұйқыдан оянғаныңа қуан” дейді көпті көргендер. Бұлардың бар­лығы қиындыққа мойымай, өмірді сүюге баулиды. Себебі өлшеулі өмірдің қадірін білуіміз керек.

Бірақ қазір бесіктен белі шықпа­ған баладан бастап, еңкейген қария­ға дейін өмірді тәрк етуге бейім. Со­дан да болар жалғыз біздің елде ғана емес, әлем бойынша суицид мәсе­ле­сі ушығып тұр. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының дерегінше, жер шарында 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды. Өкініштісі, әлем бойынша Қазақстан суицид статистикасында алғашқы он­дыққа енген. Ал Орта Азияда алғаш­қы орында тұр. Әсіресе елімізде жастар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы белең алған.

Аузынан ана сүті кеппеген жас­өспірімнің өмірден түңілуіне, жастық­тың ең шуақты, алаңсыз шағында ажалға асығуына не себеп? Өмірдің мәнін, жарық дүниенің қадірін жете түсінбей жатып, жабығу мен жалғыз­сыраудың қамытын киюіне не түрткі болды? Елімізде жыл сайын осы сұрақтардың жауабын іздеген түрлі жиындар өтеді. Жастар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша жаса­лып жатқан іс-шаралар да, әзірлен­ген жобалар мен қабылданған бағ­дар­ламалар да жетіп артылады. Бі­рақ қыршыннан қиылып жатқан жет­кіншектердің саны азаяр емес. Дін өкілдері суицидті “Алладан алыстаған адамдардың ауруы” дейді. Ал пси­хологтар жақындарынан жылы­лық сезініп, қолдау таппаған жеткін­шек қана өмірлік қиындыққа төтеп бе­ре алмай, морт сынатынын айта­ды. Бұл ретте, ең алдымен, жақын адам­дар бір-бірінің жан дүниесіне үңіліп, қайғысы мен қуанышын бөлісіп отырудың пайдасы зор. Отбасында осындай қарым-қатынас болғанда ғана жасөспірімдер арасындағы жа­бығу мен жалғызсырау азаяды.

Өңірімізде соңғы үш жылда жастар мен жасөспірімдер арасында 7 суицид әрекеті тіркелді. 2021 жылы өзіне қол жұмсаудың екі фактісі тіркелсе, он үш жасөспірім өмірмен қош айтысуға әрекеттенген. Былтыр бес жасөспірім өзіне қол жұмсаса, он бала өмірді тәрк етуге талпынған. Ал үстіміздегі жылы 4 жасөспірім суи­цид жасауға әрекеттенді.

Балалар суицидінің негізгі үш се­бебі бар екен. Ең әуелі ата-ана мен ба­ланың арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы­нан. Одан кейін алғашқы махаббат, болашаққа сенімсіздік, өмір сүруден қорқу бол­са, сабақ үлгерімі нашар оқушылар да осындай жолға түсіп кетуі мүмкін екен. Бұл, әсіресе ҰБТ кезінде көп туындайтын көрі­неді. Мұндай жағ­дайда кез келген оқушының бойында белгісіз үрей пайда болып, психика­сы бұзылады. Облыс орта­лы­ғын­да­ғы Қожаберген жырау атын­дағы №6 орта мектептің психологы Айнұр Аки­шеваның айтуынша, жастар ара­сын­да суицидтің бірнеше себебі бар. Ол – мектептегі қорқыту (бул­линг), әлеу­меттік мінез-құлық норма­ла­рының төмендеуі, ата-аналар мен жа­қында­рының сүйіспеншілігін се­зін­­беу, ере­сектер тарапынан сөгіс есту. Осы рет­те жер-жерде “Білім ту­ралы” Қазақ­стан Республикасы За­ңының 48-бабының 1-тармағына сәй­кес, бала­ның құқықтарын қорғауды кү­шейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қар­сы іс-қимыл және жасөспі­рімдер ара­сындағы суицид мәселе­лерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға ар­налған жол картасына, кәмелетке толмағандардың жыныс­тық қолсұ­ғылмаушылығына қарсы қылмыс­тық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық іс-қимыл жоспарына сәйкес тиісті ша­ралары жүргізіледі.

– Кәмелетке толмағандардың жы­ныс­тық тиіспеушілігіне, тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа және балаларға қатыгездікке қарсы қылмыстардың алдын алу жөніндегі ведомство­аралық іс-қимыл жоспарына сәйкес бі­лім беру ұйымдарында 420-дан ас­там іс-шара өткізілді. Мектеп психо­лог­тары 7-11 сынып арасын­дағы қыз­дарға “Қарым-қатынасты қалай үзуге болады”, “Қыздардың қауіпсіздігі”, “Зорлық-зомбылықтан қалай құтылу­ға болады” деген тақырыптарда топ­тық сабақтар мен рөлдік ойындар өткізеді. Қазір тәрбие үдерісіне қа­тысты көзқарас­тар өзгерді. Ата-аналармен өзара әрекеттесу, ба­ла­ның өміріне араласу және оларды оқу-тәрбие үде­рісіне тартуға баса назар ауда­рылады, – дейді білім беру са­ласын­дағы әдістемелік жұмыс және ақпа­раттық технологиялар орталы­ғының директоры Роза Сәркен.

Осы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін орталық маман­дары “Біз өз әрекеттерімізге жауап­тымыз”, “Қазақстандағы отбасы инс­титуты және оның құндылықтары”, “Ата-ана ақиқатының заңдары”, “Қыл­­­­­мыс және жасөспірім”, “Қыл­мыс­тық жауапкершілік” тақырып­та­рымен “дөңгелек үстел”, отырыс­та­ры, “Қа­ты­гез­діктің себептері – қорша­ған ор­таның әсері” тақыры­бында пі­кір­та­лас, “Балалардың құ­қық­тары мен олар­дың міндеттері” дәрістері, “Құ­қық сабақтары – өмір сабақтары”, “От­басы және баланы тәрбиелеу”, “Ре­нішсіз және қорлық­сыз балалар”, “Құ­қық бұзушылық. Қылмыс. Жауап­кер­шілік. Кәмелетке толмағандарды жа­за­лау”, “Бұзақы­лық. Вандализм. Жап­пай тәртіпсіз­дік”, жоғары сынып оқу­шы­ларына ар­налған “Менің құ­қық­тарым – менің бай­лығым”, “Жан­жал­дан, төбелестен қалай құтылуға бо­ла­ды?”, “Кәмелет­ке толмағандар­дың құқық бұзушы­лық­тары мен қа­рау­сыз қалуының ал­дын алудағы от­басы мен мектептің өзара іс-қимылы”, “Ба­қытты отбасы”, “Мен – сен – біз әлем­ді бірге өзгерте­міз” фотобай­қауы, “Сен және Заң”, “Әрекет пен теріс қы­лық дегеніміз не?” виктори­налық ойын­дары, “Ата-аналардың тәрбиеге жа­уапкершілігі ту­ра­лы” тақырыптық ата-аналар жи­налыста­ры, “Жақын жер­де қиын­дық”, “Отба­сы ата-ана­дан бастала­ды”, “Қиын жас­­өспірім. Ол кім?” де­ген тақырып­тарда басқа да шаралар ұйым­дас­тырылды.

Облыстық полиция департамен­ті мүдделі органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, кәмелетке тол­мағандар арасындағы құқық бұ­зу­шылықтардың алдын алу бойынша жұмысты тұрақты негізде жүзеге асы­рады. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар интернет же­лісіне деструк­тив­ті және суицидтік топтарды анық­тау, суицидті насихат­тайтын және кәмелетке толмаған­дар­ды ден­саулыққа зиян келтіретін әрекеттерді жасауға тартатын сайт­тарды әшкерелеу тұрғысынан мони­торинг жүргізеді. Желідегі қауіпті топ­тарға кірген кәмелетке толмаған жас анықталған жағдайда қажетті көмек көрсету үшін тиісті мамандар (білім беру ұйымдарының қызметкерлері, психологтар, пси­хиатрлар) тартыла­ды. Ата-аналарға немесе заңды өкіл­дерге баланы медициналық тексеру­ден өткізу және әлеуметтік желілер­дегі қарым-қатынасты және қауіпсіз­дік шара­ларының сақталуын бақы­лауды жү­зеге асыру жөнінде ұсы­нымдар бе­ріледі.

– Дәрістер, әңгімелер және та­қы­рыптық баяндамалар түріндегі ақпа­раттық-ағарту қызметі кәмелет­ке тол­мағандар арасында суицидтің ал­дын алу, интернет-кеңістікті қауіп­сіз пай­далану ерекшеліктерін түсін­діру­ге бағытталған. Бұл жұмыс кә­мелет­ке толмағандармен, сондай-ақ олар­дың ата-аналарымен және мұ­ға­лім­де­рімен жүргізіледі, – дейді об­лыс­тық полиция депар­таментінің баспа­сөз хатшысы Мәдина Ерғалиева.

“Бұл әлемді мейірімділік құтқара­ды” деген қанатты сөз бар. Бір-біріне деген мейі­рімі ортаймаған отбасын­да дүниеге келіп, ата-ана махабба­тына бөленіп өскен жас ажалға емес, алға қарай ұмт­ылары анық.

Әдия ТАСБОЛАТ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp