Öleñ özegı – ömır

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде жыр сарайының табалдырығын енді аттаған жастарымыздың қатары аз емес. Солардың бірі – Жамбыл ауданындағы Жамбыл орта мектебінің оқушысы Мөлдір Асқар газетіміздің поштасына өзінің бір топ өлеңін жолдаған екен. Өлең әлемінің есігін енді ашып, поэзия көгіне қанат қағуды мақсат тұтқан жас талапкердің жырларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ұлт жолында азаптың бәрін көрдің

(Мағжан Жұмабаевқа арнау)

Қазақ деген – қазына халық тұнған,

Айбынын күллі әлемге таныттырған.

Мағжан аты қазақтың жүрегінде,

Қалың үміт, алаулап жанып тұрған.

Жырлайды, нағыз ақын төгеді мың,

Алтыннан құны қымбат өлеңінің.

Тарихта атын жазып мәңгілікке,

Өсірді даңқын міне өр елінің.

Өр тұлғаңнан ерекше дарын көрдім,

Ұлт жолында азаптың бәрін көрдің.

Ұрпақ үшін кеудеңді отқа төсеп,

Жырларыңмен халқыңа жалын бердің.

Құрбан боп азаттықтың ағымында,

Жабырқаса толатын жаны мұңға.

Сенің мөлдір жырыңның әр тамшысы

Теңіз болып толқиды тамырымда.

Болсын деген өр рух жастарымда,

Арыстар жұлдыз боп тұр аспанымда.

Ауыр айып арқалап кеткен тұлға,

Ақталды азаттықтың ақ таңында.

Бұрыннан ыстық еді маған атың,

Заң жоқ қой өлген адам оралатын.

Рухты жастар ардақтап өтсе деймін,

Мағжанның табыстаған аманатын.

Өз елім

Мен қазақпын, қазақ болып туғанмын,

Қазақ үшін белді бекем буғанмын.

Ел мерейін өсірем деп биікке,

Қос қолыма желбіреген Туды алдым.

Сан ғасырлар арпалысты қазағым,

Қазағыма Тәуелсіздік – ғажап үн.

Елі үшін құрбан болған бабалар,

Ерлігіңді өшпестей қып жазамын.

Бір қазақпыз, бөлінбейік біз енді,

Жаңа ғасыр, заман беті түзелді.

Осы күні қазақтайын өр елді,

Таба алмаспын шарласам да жүз елді.

Жүрегімде өткен күннен бар қайғым,

Басымызға орнамасын ондай күн.

Қазақтығым кетпесін деп бойдағы,

Азаттығым, сені мәңгі толғаймын.

Анашым

Түн ұйқысын төрт бөлген жан мен үшін,

Жырымменен жүрегіңіз ерісін.

Мен күн сайын талпынамын сен жаққа,

Көрсетсем деп еңбегімнің жемісін.

Тірлігімен ұйытады ұяны,

Сен жайында барлық ойы, қиялы.

Мейірім мен шапағатпен аялап,

Жүрегіңе нұр сәулесін құяды.

Қызғалдақтай аяладың қызыңды,

Айта кетем сол туралы үзінді.

Жұмақ кілті табаныңның астында,

Күліп жүрші, көрейін нұр жүзіңді.

Анашым, сен шарықтаған әнімсің,

Өзің жайлы айтылатын әнім шын.

Сағынғанда барлық перзент жердегі,

Анасының жандарынан табылсын.

Ана деген – бір есім мен үш әріп,

Бала кезгі асаулықты тұсадық.

Өміріме мән берер жан өзіңсің,

Күлгеніңнен қанаттанам күш алып.

Достық

Досын дұшпан, дұшпанды дос санайтын,

Өтті емес пе басымыздан талай күн.

Қателікті бетке айтар дос шынайы,

Күлдірткенге сенетіндер неге көп?

Адал достар алынбайтын дара шың,

Сырыңды айтып жанның емін табасың.

Айырып ап, ақылға сап алдымен,

Жанашыр мен жағымпаздың арасын.

Досы үшін дос көнеді бейнетке,

Дос деген сөз ең қадірлі жер-көкте.

Бұл өмірде мына маған тағдыр жоқ,

Жүректегі достық оты сөнбекке.

Сөнбесінші жүректегі жалыным,

Болмайды ғой бұл өмірдің бәрі мұң.

Адаспаймыз бұл өмірдің жолында,

Шын достардың ұғына алсақ қадірін.

Мөлдір АСҚАР.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp