Жұмыстан кейін дүкенге соғу әдетім. Кешкі асқа көкөніс пен нан-сүт алу керек. Сауда орталығына бас сұғып едім, алған затым көбейіп, көтерер жүк те артты. Екі сөмкемен ұзақ жүре алмадым, қолым тала бастады. Демалып алатын орын іздеп, айналамды шолып келемін. Анадайда бос тұрған ағаш орындықты көріп, соған жетуге асықтым. Сөмкенің құлағы жіңішке екенін сонда аңғардым. Саусақтарымды қиып барады. Оның үстіне ауыр көтергеннен бел де баяғы әніне салып, сыздай бастады. Дәрігерлердің ауыр көтеруге болмайды деген ескертуі енді есіме түскендей, неге осынша зат алдым деп, күйініп келемін. Бүгін істер ісіңді кейінге қалдыруға болмайды деп, өзімді жұбатып та қоямын.
Әйтеуір, жеттім-ау. Екі сөмкені “гүрс” еткізіп, орындыққа тастай салдым. Орындықтың бір шетінде адам отыр, бірақ оған назар аударуға шама жоқ. Тізе бүгейін десем, сөмкелерді орындыққа жая тастаған екенмін. Оларды ортаға қарай ысырып, бір шетіне қонжия кеттім. Тегі сөмкені қатты итеріп жіберген болуым керек, орындықтың ана басында отырған адам жалт бұрылды. Айыбымды түсініп, кешірім сұрап, өзіме қарай тарта бастадым. Сөмкенің түбінде жатқан судың құтысы жамбасына қатты тиген сияқты. Құтыны бері суырып алып, сөмкенің бетіне тастай салдым. Әлгі адамнан тағы бір кешірім сұрадым. Үн-түнсіз кірпіктерін бір қағып, басын изегендей болды.
Кешкі уақыт болса да күннің ыстығы әлі қайта қоймаған. Аңызғақ жел бар. Тынысты кеңінен ала, бір күрсіндім. Қасымдағы адам басын ақырын бұрып қарады. Жымия күлген сыңай таныттым. Жас шамасы сексеннің маңайындағы кейуана екен. Жүзіндегі әжімнің қатпарлары терең. Құдды бір бет терісін әдейілеп бөлшектеп тастағандай. Жанары мұңды, от жоқ. Бір нәрсені уайымдап отырғандығы байқалады. Көйлегі үтіктелмесе де таза, өңі жаңа. Бас орамалы сәл қисайыңқырап, астынан ақ қыраудай шашы көрінеді. Аяқ киімі ерсілеу көрінді – үйде киетін жүн тәпішке. Жан-жағына жалтақтай қарайды да, басын қайтара салбыратады. Осылай екі-үш мәрте қайталады. Ара-арасында еріндерін жалап қояды. Шыдай алмай:
– Апа су ішкіңіз келіп отыр ма? – дедім. Мойынын маңғаздана бұрып, маған қарады да, жанарын төмен түсірді. Айтуға ыңғайсызданып отырғанын сезіп, манағы құтыны шығарып, қақпағын бұрай бастадым. Құйып беретін ыдысым жоқ, құтысымен ұсындым.
– Жоқ, айналайын керек жоқ, ауызынан ішкенім дұрыс болмас, – деп еріндерін тағы бір жалап қойды.
– Іше беріңіз, ештеңе етпейді, – дедім күліп.
– Қарағым-ай, жасымды берсін, бірақ өмірде көрген бейнетімді бермесін, – деген кезде жанары жасаурады.
Құтыны әжейге ұстаттым да, қолының сыртынан қос алақаныммен қысып, ниетім түзу екенін білдірдім. Тарамыс тартқан саусақтары жып-жылы екен. Анам есіме түсті. Аяулы анам өмірден ерте кетпегенінде, осы жаста болар ма еді…
– Ерніңізді жаламаңыз, судан ішіңізші, – дедім өз анамды жұбатқандай.
Менің көңілімнен жылылықты сезді ме, судан 4-5 рет ұрттады да құтыны өзіме қайтарып берді.
– Қатты шөлдеп, басым ауырып отыр еді, жақсы болып қалдым. Рақмет, айналайын, – дегенде жүзінен мейірім шуағы төгілді. Өзімді бір сәт анаммен отырғандай сезіндім.
– Қарағым-ай, Алла ғұмыр берсін, бірақ соны жыламайтындай етіп берсін. Алланың берген жасын көпсінетін кездерім болады. Кейде өлімге сұранып, Тәңірге жалбарынамын. Бірақ маңдайыма жазып қойған дәм-тұзым, өмірде көрер бейнетім бар екен әлі, – деген кезде менің жүрегім шымыр ете қалды. Әжейдің айтып отырған сөздерінің астарында мұң жатқанын сездім.
– Олай айтпаңызшы. Әлі де бәрі жақсы болып кетеді, – дедім. Кейуананың жүрегін кернеген шердің табы жүзінен аңғарылса да, не болғанын сұрауға батылым бармады.
– Қайдам, қартайғанда баладан қызық көремін бе десем… – деген әжей маған жәудіреп бір қарады да, ішкі шерін тыңдайтын адамын көргендей, әңгімесін әрі қарай жалғастырды, – Қызым-ай, мен далада күнге шуақтайын деп отыр дейсің бе?! Амалдың жоқтығынан отырмын. Далада отырғаныма екі сағаттай болды. Үйден қашып шықтым. Анау өркенің өскір балам, тағы ішіп келіп, қоқан-лоқысын көрсете бастады, – деген кейуананың жанары тағы жасқа толды.
Мен не айтарымды білмей, оң қолын алақаныма салып, сипай бердім. Адамның қиналып тұрғанын көргенде, аузыңа сөз де түспейді екен. Әжей сол қолындағы бет орамалымен жасын сүртті.
– Жұбайымыз екеуміз де мұғалім болдық. Тату-тәтті 47 жыл өмір сүріппіз. Оның өмірден өткеніне он жылдай болып қалды. Онымен бірге талай қиындықты да еңсердік, қызықты сәттерді де бөлістік. Бақытты өмір сүрдім деп айта аламын. Арман деген жалғыз ұлым бар. Оған дейін бес құрсақ көтергеніммен, бала тұрмады. Арманды 37 жасымда өмірге әкелдім. Жаратқаннан жалбарынып сұраған баламыздың аман-есен қатарға қосылғанына қуандық. Бетінен қақпай өсірдік. Тұрақты жұмысымыз болғандықтан, тұрмысымыз жаман болған жоқ. Бала не киемін, не жеймін демеді. Өз баламды танимын ғой. Қанына біткен алғырлығы болса да, ерке өскендіктен, сабақ оқуға ниет танытпады. Институтты да “әке-көкемен” бітіргіздік. Ең бастысы, бойына еңбекке, отбасына деген жауапкершілікті қалыптастыра алмаппыз. Жұрттың баласын тәрбиелеп жүргенде өз баламызды уыстан шығарып алған екенбіз. Баланы шектен тыс еркелету, айтқанын істеу зор қателік екенін кеш түсіндік. Күйеуім өле-өлгенше соған налып өтті. Жасы отызға келгенде үлкен той жасап, үйлендірдік. Отбасын құрған соң жауапкершілігі артып, күйбең тірліктің ыстық-суығына ысылады деп үміттендік. Келініміз де көргенді жердің қызы еді. Кішіпейіл, жанашыр, еңбекқор болды. Дүниеге екі немереміз келді. Күйеуінен материалдық та, рухани тұрғыдан да қолдау көрмегесін, босанғаннан кейін, үйде көп отырмай, бірден жұмысқа шығатын. Балалар бөлек тұрса, жауапкершілік пайда болар деген үмітпен екі бөлмелі пәтерімізді оларға беріп, өзіміз жер үй алып, бөлек тұрдық. Жұбайым екеуіміздің зейнетақымыз жақсы болды. Ай сайын балаларға беріп отырдық. Ұлымыз зейнетақымызды сұрап та алып жүрді. Келін қысылып, алғысы келмей, алса рақметін айтып риза қылатын. Шындығын айту керек, отбасының бар ауыртпашылығы келіннің мойнында болды. Ұлымыз жұмысты тиіп-қашып істеп, бей-берекет өмір сүрді. Еріншектігі былай тұрсын, ащы суға ауызданды. Ішіп алған күні отбасының тыныштығын кетіріп, шаңырағының ойран-асырын шығаратын. Келін мен немерелердің бізге қашып келуі жиіледі. Олардың қайда барып тығылатынын біліп алған Арман бізге келіп, басымызға әңгір-таяқ ойнатудан тайсалмады. Ішімдікке салынғаны соншалық, бізді сыйлаудан қалды. Былапыт сөздерін естіп, келінге, немерелерге қол көтергенін көріп, уайымымыз күшейді. Баланың күйігінен жұбайымның жүрегі шыдамады. Шалым қайтқаннан кейін, келін де шыдамай, екі баласын алып төркініне кетіп қалды. Ағалары – қарындасына қорған. Менің баламды мүлде жолатпайды. Оған несіне ренжимін, бәріне Арманның өзі кінәлі. Жер үйде жападан-жалғыз қалғаннан кейін, оны сатып, бар ақшасын “немерелердің несібесі” деп келінге бердім. Қазір баламмен сол баяғы екі бөлмелі пәтерде тұрамын. Балам тоқтамай 4-5 күн ішеді де, екі күн ауырып жатады. Аузына ащы су тисе, менімен алысады. Құдайдан жалбарынып, тілеп алған баламның сүйектен өтер балағат сөзін естіп өмір сүріп жатырмын. Бірде подъезде ес-түссіз мас болып, құлап жатқан жерінен сүйреп, үйге кіргіздім. Содан белім шойырылып, бір ай төсек тартып қалдым. Сол кезде ғана Арман, мені бақты. Мүмкін, төсек тартып жатып қалсам, балам ішпес деген оймен кейде өзіме жамандық та тілеймін. Өткенде ашуланып, мені итере салды. Теңселіп барып, құладым. Әйтеуір, еш жерім сынбады. Алайда балам осы қылығына өкінген де жоқ. Таң атпай жатып үйден шығып кетіп еді, жаңа үйге мас болып келді. Тағы да мезі қыла ма деп, далаға қашып шыққан түрім осы. Шаршадым, бой созып, жатқым келеді, – деген әженің түрі баласының күйігінен сұрланып кетті. Шер тарқатып жылайтын да жасы қалмаған сыңайлы.
– Апа, мүмкін, біздің үйге барарсыз. Қоныңыз, демалыңыз, – дедім.
– Жоқ, қызым. Үйге барайын. Баламның ішіп жүргеніне бесінші күн. Арақ өтіп кеткен болар, сорпа пісіріп берейін. Мен кетсем бұл ұл кімге керек, қаңғырып далада қалады. Жалпы балам ішпесе ақкөңіл, қайырымды жан. Әттең, жалқау. Еңбек етсе осылай ішқұса болып, арақ ішіп, жұрттың мазасын алмас еді. Отбасы да қасында отырар еді. Жақында үлкен немерем келемін деп хабарласты. Ұлым баласын дұрыс қарсы алса екен деймін, – деген кезде кейуананың беттеріне қан жүгіріп, көздері күлімдеп, үміттің ұшқыны сезілді. Үйіне қайтуға ыңғайланған әже аз уақытқа сырласы болған маған: “Рақмет, қызым. Бала қызығын көр!” – деп ақырын орнынан тұрып, жолға қарай беттеді. Қарт ана үмітін ақтамаған жалғыз баласына асықты. “Ананың көңілі балада” деп бекер айтылмаған ғой.
Гүлім ҚҰРМАН.