Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудағы жүргізіліп жатқан реформалардың маңызын атап өтті. Осыған орай сот шешімдерінің сапасын арттыруға, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізуге тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы соны жаңалықтардың бірі – соттарда татуластыру институттарының құрылуы бүгінде өзін-өзі ақтаған тәжірибе ретінде берік орнығып отыр. Жалпы дамыған елдерде дау-дамайлардың 80-90 пайызы медиация тәртібімен шешіліп, бітіммен аяқталады. Сондықтан аса күрделі мәселелер ғана сотта қаралып, қалғаны бойынша татуласу рәсімі қолданылып жатса, ешқандай әуре-сарсаң орын алмас еді. Уақыт және қаржы жағынан да көп үнем болары сөзсіз.
Сот екі тараптың талаптарын бірдей қанағаттандыра алмасы әуел бастан басы ашық жайт. Ал дау-дамай туындағанда бірден сотқа бармай, татуласу орталықтарынан болмаса, кәсіби заңгерлерден құқықтық көмек алып, екі жаққа да қолайлы шешімді, келіссөз жүргізудің тиімді жолын анықтап алған дұрыс. Мәселен, отбасылық дау-дамай, оның ішінде мүлікті бөлісу жиі кездеседі. Оны ағайын арасындағы ұрыс-керіске ұластырмай, бітімгершілік жолмен шешу әлдеқайда ұтымды. Татуластырудың бір мысалына тоқтала кетейін. Жақында акционерлік қоғамның жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен 99 миллион теңгені өндіріп алу туралы азаматтық ісі қаралды. Қос тарап 2019 жылдан бері екеуара шарттық қатынаста болғанымен, дау оның дұрыс орындалмауынан туындап, талап қоюшы жақ сотқа жүгінген. Іс қысқа мерзімде қаралып, тараптардың татуласуымен аяқталды. Бітімгершілік шарттары бойынша жауапкер қарызды толық қайтаруға міндеттелді. 3 миллион теңге мемлекеттік баж қайтарылды. Міне, бітімгершілік даулардың тез әрі тиімді шешілуі тараптардың материалдық шығынының азаюына, адамдардың моральдық тұрғыда шаршамауына, адамгершілік қасиеттерін жоғалтпауына, тараптардың бір-біріне кешірім жасауына зор ықпалын тигізері анық. Бұл тәсіл – сот жүйесіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Келіссөз рәсімі еріктілік, құпиялылық, тараптардың тең құқылығы, бейтараптылық, процедураға араласуға жол бермеу принциптеріне негізделеді. Ең бастысы, татуластыру рәсімдерінің салдары тараптарға іскерлік қатынастарды жалғастыруға, бұрын жасалған мәмілелер бойынша дауларды шешуге және жаңаларын жасауға, басқа көптеген даулар бойынша қатынастарын жалғастыруға, қаржылық, шарттық және басқа да мәселелерді қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді. Дауды шешудің осындай оңтайлы жолдары туралы біліп, екінші тараппен медиативтік келісімнің шарттарын талқылау арқылы сотқа жүгінетін азаматтар дауды тезірек және аз шығынмен шеше алады. Тараптардың татуласуға ниеті болмаған кезде дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу қиындық тудырады. Өйткені, қос тарап бұған дайын болмауы, кейбіреуі соңына дейін соттасуды көздеуі ықтимал. Қалай болғанда да сот жүргізетін татуластыру рәсімдері уақыт өткен сайын оң нәтиже беріп келеді. Соның арқасында жүздеген адамның өмірі жақсарады, даулы жағдайдан бейбіт жолмен шығады. Бітімгершілікке келуге ынталандыру үшін төленген бажды кері қайтару тәсілдері де қарастырылып отыр. Сот процесінде тараптар татуласып немесе бітімгершілік келісімге келіп жатса, іс бойынша төленген мемлекеттік баж кері қайтарылады. Тараптардың бітімге келіп, істің бейбіт жолмен шешілуінің өзі – материалдық тұрғыдан зор көмек. Былтыр мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьялары 267 іс бойынша тараптарды татуластырып, 42894131 теңгеден астам мемлекеттік баж қайтарылды. Оның ішінде бітімгер судья 129 іс бойынша тараптарды татуластырды, 69 бітімгершілік келісім, 60 іс бойынша медиативтік келісім жасалды. Осы істер барысында 22332274 теңгеден астам мемлекеттік баж қайтарылды.
Жыл басынан бері сот судьялары 83 іс бойынша тараптарды татуластырды. Қайтарылған мемлекеттік баж салығының көлемі – 34 621532 теңге. Оның ішінде бітімгер судья қараған 52 іс бойынша тараптар бітімге келді. 25 бітімгершілік келісім, 27 іс бойынша медиативтік келісім жасалды, 27561342 теңгеден астам мемлекеттік баж қайтарылды.
Тараптар достық, кәсіпкерлік қатынастарды сақтап, ортақ келісімге келе отырып, дауды бейбіт түрде шешудің қажеттігі қаншалықты маңызды екенін түсінгендері абзал. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, татуластыру рәсімдері дауласқан тараптардың ымыраға келуін басты мақсат етеді.
Бауыржан ЖАЙЖҰМАНОВ,
облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.