М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан шағын дендробақ ашылды. Оның жалпы аумағы – 0,3 гектар. Бұл жерге ерекше және сирек кездесетін 50 шақты ағаш отырғызылды.
“Былтыр Назарбаев университеті еліміздің жоғары оқу орындары арасында конкурс жариялаған болатын. Біз екі бірдей грантты ұтып алдық. Әрқайсысы – 800 мың теңге. Университет басшылығы қосымша қаржы бөліп, нәтижесінде дендробақ пайда болды. Мамандармен ақылдаса келе дендробаққа өңірімізде кездесе бермейтін, бірақ климаттың ұқсас болуына орай тез жерсініп кететін ағаш түрлерін отырғызуды мақсат еттік”, – дейді жоғары оқу орнының доценті Тимур Зверяченко.
Дендробақ ашу бастамасы университет оқытушыларының да көңілінен шыққан. Солтүстік Америкадан, Канаданың оңтүстігінен, Альпі ормандарынан ерекше ағаштар арнайы тапсырыспен әкелінген.
Дендробақта канадалық псевдотсуга мензис ағашы бар. Ол көлемі бойынша секвоядан кейін екінші орында тұр. Бұл өсімдіктің биіктігі 100 метрге дейін барады, ал диаметрі 6 метрге жетеді.
Дендробақтың бір бөлігіне Қызылжар топырағында өсетін ағаштар да егілген. Соның бірі – қара қандыағаш. Маманның айтуынша, оны Сергеев су қоймасының маңынан ғана көруге болады екен.
Болашақта бұл дендропаркті жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері ғылыми жұмыстарына пайдалана алады. Сирек кездесетін ағаштарды тәжірибе жасау үшін қолдануға болады. Дендробақ – орман шаруашылығы мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге жақсы тәжірибе алаңы іспеттес.
“Студенттердің көмегінсіз біз мұндай ауқымды жұмысты атқара алмас едік. Топырақтың нашарлығынан ағаштарды жоспарлағандай бір күнде емес, сегіз күн ішінде ғана отырғызып болдық. Жастар бұл жұмысты үлкен қызығушылықпен атқарды. Дендропаркті құру кезінде оларға ағашты дұрыс отырғызу, топырақты дайындау, шұңқыр қандай тереңдікте болуы қажеттігі, топыраққа күтім жасау тұрғысынан білім бердік”, – дейді Тимур Зверяченко.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.