Қазақ халқының өзгелерден бір ерекшелігі – асылдарын ардақтай алуында. Ардақтауға лайықты азаматтарымыздың бірі тұлғасына зор даусы үйлескен, бүгіндері ортамызда өзі жоқ болса да әні құлағымызда жүрген, көзі тірісінде талай мәрте республикалық ән байқауларының лауреаты атанған Рақым Бисарин еді.
Біреуге баяу, біреуге зымырай зулап бара жатқан уақыт. Өткен күндердің елесін, сағынышты сәттердің бейнесін ғасырдан-ғасырға жеткізетін өнердің бір түрі – ән. Бірде сырлы, бірде мұңлы, бірде рухты әндерде Ұлы даланың сазы, тұтас бір халықтың тарихы, үмітті тілегі жатыр емес пе?
Бойқызыл бойындағы қалың селеулі алқап. Ауылдың іргесінде айдынды көл. Аспан түстес көкжасыл тынық су шымырлап тыныш қозғалады. Қамыс-құрақты баяу соққан қоңыржай самал шаштарынан сипап, еркелете тербеткенде, судыр-судыр әуез шығады. Біздің ауылдың бар баласы ертелі-кеш Ілия көлінің жағасынан шықпайды.
“Сонау бір шеткі, сонау үй,
Кетер ме, сірә, көңілден?!. – деп әйгілі Қасым Аманжолов тебірене толғағандай, Ілия көлінің оңтүстік шығысындағы балшық үйден шыққан күмбірлеген домбыра үні мен шалқыған ән адамды өзіне еріксіз баурайтын еді.
Ән иесі – Рақым.
Қалай екенін қайдам, сол бір көлдің шығысындағы жатаған балшық үй біздің балалық шағымыздың көрінісі сияқтанады да тұрады. Бұл үйде Рақымның әңгімесін, әнін тыңдаймыз.
Рақым – Рамазанның жалғыз баласы. Анасы Айша жалғызы Рақымның құлын-тайдай ойнаған, бірге өскен құрдастары – Қайырбай, Қуантай, Әскер, Серік, Панаш, Шауыпкел сияқты балаларды қуана қарсы алатын.
Рақым бала кезінен атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеев айтқандай: “Естігенін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ” жандар қатарынан еді. Кітапты көп оқитын. Ауылымыздағы шағын кітапхананың бар кітабын оқып тауысты-ау деймін. Әдеби кітаптармен қоса тарихи шығармаларды да қызыға парақтайтын. Атақты Робин Гуд жайындағы Рақымның әңгімелерін балалар ерекше ықыластана тыңдайтын. Осы әңгімелерден кейін құрдастары Рақымды “Робин Гуд” атап кетті. “Робин Гуд” Рақымның екінші атына айналды.
Бір кездегі атақты Сегіз сері, Нияз сері сияқты ән дүлдүлдері шыққан біздің өңірде кеңес үкіметі кезінде дәстүрлі ән айту өнері жойылып кетудің аз-ақ алдында еді. Осы тұста домбыраға қосып ән айтуды меңгерген жас әнші Рақымның ауыл тұрғындары алдында салған әні әлі есімде.
1957 жылы “Амангелді” кеңшарының басқармасы Әбдіреш Дүйсенбиннің ұйымдастыруымен өткізілген 7 қараша (кеңес үкіметі кезінде тойланған) мерекесі әлі күнге есімізде. Сол жылы күз де жайлы, жылы болды. Ілия көлінің шығысындағы көк майсалы қырқаға ауылдың кәрі-жасы, бала-шағасы тегіс жиналды. Сол тойда бозбала Рақым Манарбек Ержановтың “Паровоз” әнін келістіре шырқады. Амангелді ауылының көгінде жас әнші Рақымның әні қалықтады. Жұрт сүйсіне тыңдап, қошемет-құрметін көрсетті.
Нәбидің Сейтахметі бастаған ауылдың қыз-жігіттері ән салды. Сахна – дала. Мықтыбай Наушәріпов Абайдың “Айттым сәлем, Қаламқасын”, Қайрөш Шалабаев Ақан серінің “Сырымбетін”, Есмақ Нұрымғожин “Ер Тарғын” операсынан Ақжүністің:
“Таудан жидек терейін
Күліп-ойнап қыздар-ау,
Көрінбей ме Ер Тарғын
Мұнда тұрған біз бар-ау”, – деп
басталатын ариясын әдемі, тенор даусымен шырқады.
Рақым екеуміз бір жылдың төлі болсақ та, ол мектепке менен ертерек барды. Оқуда зерек, мектептің аса беделді оқушысы болды.
Көңілдегі сөзін ірікпей ашық айтатын, алғыр, әдеби кітаптарды көп оқитын, оқығанын қызықтыра айтып беретін шебер әңгімешілдігі де күні бүгінге дейін есімізде.
Біз мектепте оқыған кезде ауылда телевизордың да, радиоторабының да жоқ кезі. Қайырбек Тайланов деген ағамыздың үйінде патефон болды. Рақым сол патефоннан атақты әншілердің пластинкаға жазылған әндерін екі-үш рет тыңдағаннан кейін әннің әуенін де, сөзін де жаттап алып айта беретін.
Ауылдағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін кәрі әке-шешесінің жалғыз баласы Рақымның әрі қарай оқуға мүмкіндігі болмай, жастайынан еңбекке араласты. Ерте үйленді. Балалы-шағалы болды.
Рақым он сегіз жасында отау құрды. Құдай қосқан қосағы Үлгі ауылының қызы Ырысты әкесі Есмаханға тартқан мол пішілген, мінезі кең, қазақы дәстүрді бойына сіңірген қазақтың аяулы аналарының бірі еді. Өмірге бес бала әкеліп, олардың қызығын көре алмай бұл дүниеден мезгілсіз ерте кетті.
Ырысты Рақымның өнерін бағалай білді. Әншінің талантына тұсау болмай, еркіне жіберді. Баяғының сал-серілері сияқты Рақым да жылдың бір мезгілінде айлап ән салып, туыстарын аралап, мауқын басып келетін әдеті болушы еді.
Сондайда әкесі Рамазан марқұм баласына:
– Жабысқыр, ұлып-ұлып келдің бе? – деп кейістік білдіретін.
Рақымның әкесі Рамазан әнге, өнерге әуестігі жоқ, біртоға, мінезі қатал, әділ, турашыл, шаруа адамы болды.
Алғашқы әйелі Ырысты қайтыс болып, Рақым бес баламен, кәрі шешесімен қалған ауыр күндерді бастан өткерді. Бұл кезеңде Рақымды тығырықтан алып шыққан бойындағы өнері еді.
Бірде Ортақкөл ауылындағы бір тойда Майра деген әнші қызбен танысады. Әнші жігіт те, әнші қыз да бірінің өнеріне бірі тәнті болып, Майра Рақымның әніне құлай беріледі. Тұрмысқа шықпаған қыздың бес баласы бар Рақым үйінің от анасы болуына себепші Рақымның әншілік өнері еді. Кейіннен Рақым Майрасын қалжыңы аралас “Тобылғы торы тоқалым” деп еркелететін.
Тәңір сыйлаған бойдағы өнер Рақымның жанына тыным бермейтін. Жаратушы иесі оған қазақта сирек кездесетін күндік жерден күркіреп естілетін баритоннан кейде басқа ұласып кететін аса қуатты күшті дауыс берген. Арнайы музыкалық білім алғанында қазақтың Алпамыс, Ер Тарғын, Бекежандарын опера театрының сахнасында шырқайтын әнші болатын еді.
Рақымның әншілігі – табиғатына біткен Тәңір сыйы. Оның даусын, ән шырқау мәнерін ешкіммен шатастырмайсың. Аса қуатты, күшті баритон даусы Рақымды көп әншілерден ерекше оқшау танытатын. Рақым әнді әрқашан шабыттана айтады. Рақым домбырасын қолға алып, құлағын бұрап қағып-қағып жібергенде жүйрік аттай сыланып сала беретін. Өткір көздері күлімсірей қадалып, жайдарыланып, домбыраның құлақ күйіне барлық тәнін, жанын бергендей төніп отырған сәтінде оның кеудесінен ғажайып ән сазының төгілетінін сезесің. Ылдидан салса төске озған, ертеңнен шапса кешке озған, өрге салса өршеленетін шын жүйрікке ұқсатамын әнші Рақымды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары атақты әнші Ғарифолланы тыңдағаным бар. Бір өзі екі сағат ән шырқады. Сонда байқағаным, Ғарекең бір әннен бір әнді жақсы айтып, екпінін үдете түседі, екі көзі ойнақшып, әннің ырғағына беріліп, басын изеп отырып, небір туындыларды бірінен соң бірін шырқайды. Туабітті әншілер осындай болады екен ғой деп тамсанып, таңданғанбыз.
Біздің Рақым да осындай арқалы әнші еді.
Кешегі кеңес үкіметі кезінде халық арасынан шыққан талантты өнерпаздардың жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық байқаулары өтетін. Сондай ән байқауларына Рақым екеуміз қатысатынбыз.
Рақымның ән қоры бай болатын. Қазақтың халық әндері, халық композиторларының әндері, осы заманғы әндермен қатар басқа ұлт өкілдерінің әндері де әншінің ән қоржынын толықтыра түсетін.
Қазақтың күлдіргі әні “Нақ-нақты” ерекше нәшіне келтіріп, құтырта, күлдірте орындайтын. Қуатты оң қолының салалы саусақтары домбыра шанағында ойқастай ойнағанда домбыраның өзі де ойнақшып, жан біткендей әсерде боласың.
Атақты әнші-композитор Манарбек Ержановтың “Паровоз” әнін Рақым бозбала кезінен айтатын. Есейген шағында орындағанда бұл әнді тереңнен толғап, жайлап бастап, әннің ырғағын паровоздың вагондар легін ауырлай ақырын қозғала тартып, бірте-бірте қарқын алып, жүрісін үдете түсіп, денесі әбден қызып жүйткіп келе жатқан паровоздың екпініне ұқсатып әншінің өзі де ілесіп, делебесі қозып, көзі жалт-жұлт етіп жайнап, ентелей ұмтылып, отырған орнынан қозғала жылжып кететінін әнге шын берілген Рақым байқамайтын.
Бір күні:
– Қақа, мен бір тамаша ән үйреніп, өз репертуарыма қостым. Ән болғанда қандай! Ол кімнің, қандай ән дейсің ғой?.. Ол – Абайдың Ақылбайының әні. Тыңдашы, – деп әнді бастай жөнелді.
“Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,
Матайды алыс бірталай жер деген соң.
Он минутта ойыма осы ән түсті,
Қапаш-құпаш қолымды сермеген соң”.
Тереңнен толғап, бірте-бірте көтерілген әуезді үн Рақымның бояуы қою баритон даусымен әуелеп барады.
“Ішік кидім бұлғыннан құндыз жаға,
Жас дәуренді өткіздік бермей баға.
“Ақылжан” деп тұрушы ед талай қыздар,
Сұмдық шықты дейтұғын “Ақыл аға”.
Әнді тыңдап отырып, кезінде жас дәуреннің бағасына жетпей өткізіп алған, жаза басқан сәттер, артқа қалған қайтып оралмас жастық шағымыз ойға оралады.
Рақымның ерекше тебіреніспен айтатын әндерінің бірі – Кенен Әзірбаевтың “Базар – Назары”.
“От басында сарғайып апаң қалды-ау,
Төр басында шошайып атаң қалды-ау,
Құлын-тайдай ойнаған, қарақтарым,
Төр алдында шашылып сақаң қалды-ау.
Айхай, дүние-ай,
Салдың күйге-ай,
Омырауымнан үзіліп түсті,
Екі түйме-ай, ой дүние-ай.
Базарым-ай, Назарым-ай,
Сен өлген соң,
Бәсең болды-ау ажарым-ай, ой, дүние-ай”.
Бұл әнді Рақымның орындауында жұрт егіле тыңдаушы еді-ау!..
Рақымның ақындық, айтыскерлік өнерге де бет бұрған кездері ойға оралады.
“Ілия” атты өлеңінде:
“Екеумізді бір тағдыр қосақтаған,
Сенде тудым, сенде өстім, масаттанам!
Алыстан аңсап сені келгенімде,
Көркіңе көңіл тойып жасап қалам.
Өзіңді желекке орап тастаған деп,
Айналаң қалың орман, тостаған көл.
Әуенін балалықтың салып сен де,
Жүректен лекіп шыққан асқан әндер”, – деп әнші туған жерін сағына, тебірене еске алады.
Алпысыншы жылдары қазақтың бәсеңсіп қалған айтыс өнері жаңадан жандана бастаған шақта біздің өңірімізде ұмыт бола бастаған айтыс өнеріне де көңіл бөлініп, жер-жерден айтыскерлер шыға бастады. Өнерпаздар кеңшар мен кеңшар, аудан мен аудан болып айтысқа түсетін. Шаруашылықтағы жетістік, кемшіліктерді тілге тиек етіп айтысатын. Суырыпсалмалық дәстүр үзіліп қалар кезеңге жеткен сол уақыттарда айтыскерлер айтарын алдын ала қағазға түсіріп, жаттап айтатын кез еді ғой.
1971 жылы Жамбыл ақынның 125 жылдық тойына арналған Жамбыл кеңшарының клубында облыстық айтыс өтті. Бұл айтыста біздің ауданның атынан облыстың халық ақыны Әшім Меңдібаев қатысты. Рақым Әшім Меңдібаевтың айтыс өлеңін жаттап алып, белгілі бір мақаммен домбыраға қосып халыққа жеткізді. Кейін Рақымның өзі де айтысқа түсіп жүрді.
Арнайы оқу орнында оқымаған, белгілі бір мамандығы болмағандықтан, Рақым ауылда әртүрлі жұмыстар істеді. Қой бақты, шопан атанды.
Әңгімеміздің басында баяндағанымыздай, Рақымның әншіліктен басқа бір әуестігі – кітапқұмарлығы. Ол кезде Рақым сияқты қойшының қонышында “Жұлдыз” журналы жүретін. Қой бағып жүріп кітаптың қызығына түсіп кеткен Рақым бір отар қойдан көз жазып қалады. Қой бағу кезегінен бос қойшылар жоғалған қойларды іздесіп, Құдай дес бергенде, қойдан шығын жоқ, табылады.
Әр жұмыстың басын бір шалып, байыз таппай жүрген күндердің бірінде Рақым дос біздікіне келді.
“Әй, Қақа, мен Алматыдағы өзің оқып бітірген ҚазМУ-дың тарих факультетінің сырттай бөліміне түсіп, жұрт қатарлы бір мамандық иесі болуды ойлаймын. Тарих пен әдебиеттен жоғары оқу орнына түсетін сынақтан өтетіндей білім-білігім бар сияқты. Сен маған қазақ тілінен мектеп программасы бойынша оқығандарымның ұмытқан тұстарынан түсінік беріп, көмек көрсет”, – деді.
Айтқандайын, Рақым еш қиналмастан ҚазМУ-дың тарих факультетінің сырттай бөліміне түсіп, өте жақсы бітіріп шықты.
Алматыға кетерінде Рақым:
“Бес жыл Алматыда оқығанда танысқан, бірге оқыған өнер, телестудия саласында қызмет етіп жатқан жолдастарың болса, солардың бір-екеуінің мекенжайын, аты-жөнін жазып бер, сенің атыңнан олармен мен де танысайын”, – деп қолқа салды.
Өзіммен университетте бес жыл бірге оқыған, оқу орнын бітіргеннен кейін Алматы телестудиясының “Құрдастар” бірлестігінің бастығы қызметіндегі Жарылқасын Нұсқабаев деген досымның аты-жөнін жазып бердім. Кейіннен Алматыға жол түсіп барғанымда Жарылқасын достан: “Біздің ауылдан бір жігіт келіп жолықты ма?” – деп сұрағанымда:
– Иә, гүрілдеген дауысы бар, бір дәу жігіт өзін “қойшы Бисарин Рақыммын, Қарақаттың жолдасымын деп таныстырды”, – деді ол.
Бұл да Рақымның аңқылдаған ақ көңіл, ақ көйлек, адам жатырқамайтын мінезін аңғартса керек.
Университетте Рақым Кенен Әзірбаевтың Бақытжан деген баласымен бірге оқыпты. Бақытжан Рақымды атақты композитор Нұрғиса Тілендиевпен таныстырады.
– Нұрғиса Тілендиевтің алдында “Алатау” әнін айттым, – дегені де бар Рақымның.
Университетті бітіргеннен кейін Рақым Рамазанұлы Архангелка ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеге директордың орынбасары болып тағайындалды. Бес жыл осы қызметте абыройлы еңбек етті.1985 жылы Жамбыл ауданындағы Есперлі орталау мектебінің директоры болды. Көп ұзамай Есперлі орталау мектебі қазақша оқытатын мектептердің қатарына қосылды.
Туған ауылының атын өнерімен асқақтатқан талантты әнші, адал дос Рақымның бейнесі көкірегімізде сағыныш болып сақталуда.
Қарақат ШАЛАБАЕВ,
еңбек ардагері.