«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүрегін ән тербеген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқының өзгелерден бір ерекшелігі – асылдарын ардақтай алуында. Ардақтауға лайықты азаматтарымыздың бірі тұлғасына зор даусы үйлескен, бүгіндері ортамызда өзі жоқ болса да әні құлағымызда жүрген, көзі тірісінде талай мәрте республикалық ән байқауларының лауреаты атанған Рақым Бисарин еді.

Біреуге баяу, біреуге зымырай зу­лап бара жатқан уақыт. Өткен күн­дердің елесін, сағынышты сәттердің бейнесін ғасырдан-ғасырға жеткі­зетін өнердің бір түрі – ән. Бірде сыр­лы, бірде мұңлы, бірде рухты әндер­де Ұлы даланың сазы, тұтас бір ха­лықтың тарихы, үмітті тілегі жатыр емес пе?

Бойқызыл бойындағы қалың селеулі алқап. Ауылдың іргесінде айдынды көл. Аспан түстес көкжа­сыл тынық су шымырлап тыныш қоз­ғалады. Қамыс-құрақты баяу соққан қоңыржай самал шаштарынан си­пап, еркелете тербеткенде, судыр-судыр әуез шығады. Біздің ауылдың бар баласы ертелі-кеш Ілия көлінің жағасынан шықпайды.

“Сонау бір шеткі, сонау үй,

Кетер ме, сірә, көңілден?!. – деп әйгілі Қасым Аманжолов тебірене толғағандай, Ілия көлінің оңтүстік шы­ғысындағы балшық үйден шық­қан күмбірлеген домбыра үні мен шал­қыған ән адамды өзіне еріксіз бау­райтын еді.

Ән иесі – Рақым.

Қалай екенін қайдам, сол бір көл­дің шығысындағы жатаған балшық үй біздің балалық шағымыздың кө­рінісі сияқтанады да тұрады. Бұл үй­де Рақымның әңгімесін, әнін тың­даймыз.

Рақым – Рамазанның жалғыз ба­ласы. Анасы Айша жал­ғызы Рақым­ның құлын-тайдай ойнаған, бірге өс­кен құрдастары – Қа­йырбай, Қуан­тай, Әскер, Серік, Па­наш, Шауыпкел сияқты бала­ларды қуана қарсы алатын.

Рақым бала кезінен атақты Мәш­һүр Жүсіп Көпеев айтқандай: “Есті­ге­нін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ” жандар қатарынан еді. Кітапты көп оқитын. Ауылымыздағы шағын кі­тап­­ха­наның бар кітабын оқып та­уысты-ау деймін. Әдеби кітаптар­мен қоса тарихи шығармаларды да қызыға парақтайтын. Атақты Робин Гуд жа­йындағы Рақымның әңгіме­лерін ба­ла­лар ерекше ықыластана тыңдай­тын. Осы әңгімелерден кейін құрдас­тары Рақымды “Робин Гуд” атап кетті. “Робин Гуд” Рақымның екінші атына айналды.

Бір кездегі атақты Сегіз сері, Нияз сері сияқты ән дүлдүлдері шыққан біздің өңірде кеңес үкіметі ке­зінде дәстүрлі ән айту өнері жойы­лып кетудің аз-ақ алдында еді. Осы тұста домбыраға қосып ән айтуды меңгерген жас әнші Рақымның ауыл тұрғындары алдында салған әні әлі есімде.

1957 жылы “Амангелді” кеңшары­ның басқармасы Әбді­реш Дүй­сенбиннің ұйымдастыруымен өткі­зіл­ген 7 қараша (кеңес үкіметі кезін­де той­­ланған) мерекесі әлі күнге есі­мізде. Сол жылы күз де жайлы, жы­лы бол­ды. Ілия көлінің шығысында­ғы көк май­салы қырқаға ауылдың кә­рі-жасы, бала-шағасы тегіс жи­нал­ды. Сол тойда бозбала Рақым Ма­нарбек Ержановтың “Паровоз” әнін келістіре шырқады. Амангелді ауы­лының көгінде жас әнші Рақым­ның әні қа­лықтады. Жұрт сүйсіне тың­дап, қо­шемет-құрметін көрсетті.

Нәбидің Сейтахметі бастаған ауылдың қыз-жігіттері ән салды. Сах­на – дала. Мықтыбай Наушәріпов Абай­дың “Айттым сәлем, Қаламқа­сын”, Қайрөш Шалабаев Ақан се­рінің “Сырымбетін”, Есмақ Нұрым­ғожин “Ер Тарғын” операсынан Ақжүністің:

“Таудан жидек терейін

Күліп-ойнап қыздар-ау,

Көрінбей ме Ер Тарғын

Мұнда тұрған біз бар-ау”, – деп

басталатын ариясын әдемі, тенор даусымен шырқады.

Рақым екеуміз бір жылдың төлі болсақ та, ол мектепке менен ер­терек барды. Оқуда зерек, мектептің аса беделді оқушысы болды.

Көңілдегі сөзін ірікпей ашық ай­татын, алғыр, әдеби кітаптарды көп оқитын, оқығанын қызықтыра айтып беретін шебер әңгімешілдігі де күні бүгінге дейін есімізде.

Біз мектепте оқыған кезде ауыл­да телевизордың да, радиоторабы­ның да жоқ кезі. Қайырбек Тайланов деген ағамыздың үйінде патефон болды. Рақым сол патефоннан атақты әнші­лердің пластинкаға жазылған әнде­рін екі-үш рет тыңдағаннан кейін ән­нің әуенін де, сөзін де жат­тап алып айта беретін.

Ауылдағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін кәрі әке-шешесінің жалғыз баласы Рақымның әрі қарай оқуға мүмкіндігі болмай, жастайынан еңбекке араласты. Ерте үй­ленді. Балалы-шағалы болды.

Рақым он сегіз жасында отау құр­ды. Құдай қосқан қосағы Үлгі ауылы­ның қызы Ырысты әкесі Есмаханға тартқан мол пішілген, мінезі кең, қазақы дәстүрді бойына сіңірген қазақтың аяулы аналарының бірі еді. Өмірге бес бала әкеліп, олардың қызығын көре алмай бұл дүниеден мезгілсіз ерте кетті.

Ырысты Рақымның өнерін баға­лай білді. Әншінің талантына тұсау болмай, еркіне жіберді. Баяғының сал-серілері сияқты Рақым да жыл­дың бір мезгілінде айлап ән салып, туыстарын аралап, мауқын басып келетін әдеті болушы еді.

Сондайда әкесі Рамазан марқұм баласына:

– Жабысқыр, ұлып-ұлып келдің бе? – деп кейістік білдіретін.

Рақымның әкесі Рамазан әнге, өнерге әуестігі жоқ, біртоға, мінезі қатал, әділ, турашыл, шаруа адамы болды.

Алғашқы әйелі Ырысты қайтыс болып, Рақым бес баламен, кәрі шешесімен қалған ауыр күндерді бас­тан өткерді. Бұл кезеңде Рақым­ды тығырықтан алып шыққан бо­йындағы өнері еді.

Бірде Ортақкөл ауылындағы бір тойда Майра деген әнші қызбен танысады. Әнші жігіт те, әнші қыз да бі­рінің өнеріне бірі тәнті болып, Май­ра Рақымның әніне құлай беріледі. Тұрмысқа шықпаған қыздың бес баласы бар Рақым үйінің от анасы болуына себепші Рақымның әншілік өнері еді. Кейіннен Рақым Май­расын қалжыңы аралас “Тобылғы торы тоқалым” деп еркелететін.

Тәңір сыйлаған бойдағы өнер Рақымның жанына тыным бермей­тін. Жаратушы иесі оған қазақта си­рек кездесетін күндік жерден күр­кіреп естілетін баритоннан кейде бас­қа ұласып кететін аса қуатты күшті дауыс берген. Арнайы музы­калық білім алғанында қазақтың Ал­памыс, Ер Тарғын, Бекежандарын опера театрының сахнасында шыр­қайтын әнші болатын еді.

Рақымның әншілігі – табиғатына біткен Тәңір сыйы. Оның даусын, ән шырқау мәнерін ешкіммен шатас­тыр­майсың. Аса қуатты, күшті бари­тон даусы Рақымды көп әншілерден ерекше оқшау танытатын. Рақым әнді әрқашан шабыттана айтады. Рақым домбырасын қолға алып, құлағын бұрап қағып-қағып жібер­генде жүйрік аттай сыланып сала беретін. Өткір көздері күлімсірей қа­далып, жайдарыланып, домбыра­ның құлақ күйіне барлық тәнін, жа­нын бергендей төніп отырған сәтін­де оның кеудесінен ғажайып ән са­зы­ның төгілетінін сезесің. Ылдидан салса төске озған, ертеңнен шапса кешке озған, өрге салса өршеле­не­тін шын жүйрікке ұқсатамын әнші Рақымды.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары атақты әнші Ғарифолла­ны тыңдағаным бар. Бір өзі екі сағат ән шырқады. Сонда байқағаным, Ғарекең бір әннен бір әнді жақсы айтып, екпінін үдете түседі, екі көзі ойнақшып, әннің ырғағына беріліп, басын изеп отырып, небір туын­ды­ларды бірінен соң бірін шыр­қайды. Туабітті әншілер осындай болады екен ғой деп тамсанып, таң­данғанбыз.

Біздің Рақым да осындай арқалы әнші еді.

Кешегі кеңес үкіметі кезінде халық арасынан шыққан талантты өнерпаздардың жыл сайын аудан­дық, облыстық, республикалық бай­қаулары өтетін. Сондай ән байқау­ларына Рақым екеуміз қатыса­тынбыз.

Рақымның ән қоры бай болатын. Қазақтың халық әндері, халық ком­позиторларының әндері, осы заман­ғы әндермен қатар басқа ұлт өкіл­дерінің әндері де әншінің ән қор­жынын толықтыра түсетін.

Қазақтың күлдіргі әні “Нақ-нақ­ты” ерекше нәшіне келтіріп, құ­тырта, күлдірте орындайтын. Қуатты оң қолының салалы саусақтары дом­быра шанағында ойқастай ойнаған­да домбыраның өзі де ойнақшып, жан біткендей әсерде боласың.

Атақты әнші-композитор Манар­бек Ержановтың “Паровоз” әнін Ра­қым бозбала кезінен айтатын. Есей­ген шағында орындағанда бұл әнді тереңнен толғап, жайлап бастап, әннің ырғағын паровоздың вагондар легін ауырлай ақырын қозғала тар­тып, бірте-бірте қарқын алып, жүрі­сін үдете түсіп, денесі әбден қызып жүйткіп келе жатқан паровоздың ек­пініне ұқсатып әншінің өзі де ілесіп, де­лебесі қозып, көзі жалт-жұлт етіп жайнап, ентелей ұмтылып, отырған орнынан қозғала жылжып кететінін әнге шын берілген Рақым байқамай­тын.

Бір күні:

– Қақа, мен бір тамаша ән үйреніп, өз репертуарыма қос­тым. Ән болғанда қандай! Ол кімнің, қандай ән дейсің ғой?.. Ол – Абай­дың Ақылбайының әні. Тыңдашы, – деп әнді бастай жөнелді.

“Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,

Матайды алыс бірталай жер деген соң.

Он минутта ойыма осы ән түсті,

Қапаш-құпаш қолымды серме­ген соң”.

Тереңнен толғап, бірте-бірте көтерілген әуезді үн Рақымның бояуы қою баритон даусымен әуе­леп барады.

“Ішік кидім бұлғыннан құндыз жаға,

Жас дәуренді өткіздік бермей баға.

“Ақылжан” деп тұрушы ед талай қыздар,

Сұмдық шықты дейтұғын “Ақыл аға”.

Әнді тыңдап отырып, кезінде жас дәуреннің бағасына жетпей өткізіп алған, жаза басқан сәттер, артқа қалған қайтып оралмас жас­тық шағымыз ойға оралады.

Рақымның ерекше тебіреніспен айтатын әндерінің бірі – Кенен Әзірбаевтың “Базар – Назары”.

“От басында сарғайып апаң қалды-ау,

Төр басында шошайып атаң қалды-ау,

Құлын-тайдай ойнаған, қарақтарым,

Төр алдында шашылып сақаң қалды-ау.

Айхай, дүние-ай,

Салдың күйге-ай,

Омырауымнан үзіліп түсті,

Екі түйме-ай, ой дүние-ай.

Базарым-ай, Назарым-ай,

Сен өлген соң,

Бәсең болды-ау ажарым-ай, ой, дүние-ай”.

Бұл әнді Рақымның орында­уында жұрт егіле тыңдаушы еді-ау!..

Рақымның ақындық, айтыскер­лік өнерге де бет бұрған кездері ойға оралады.

“Ілия” атты өлеңінде:

“Екеумізді бір тағдыр қосақтаған,

Сенде тудым, сенде өстім, масаттанам!

Алыстан аңсап сені келгенімде,

Көркіңе көңіл тойып жасап қалам.

Өзіңді желекке орап тастаған деп,

Айналаң қалың орман, тостаған көл.

Әуенін балалықтың салып сен де,

Жүректен лекіп шыққан асқан әндер”, – деп әнші туған жерін сағына, тебірене еске алады.

Алпысыншы жылдары қазақтың бәсеңсіп қалған айтыс өнері жаңа­дан жандана бастаған шақта біздің өңірімізде ұмыт бола бастаған ай­тыс өнеріне де көңіл бөлініп, жер-жер­ден айтыскерлер шыға бастады. Өнерпаздар кеңшар мен кеңшар, аудан мен аудан болып айтысқа түсетін. Шаруашылықтағы жетістік, кемшіліктерді тілге тиек етіп айты­сатын. Суырыпсалмалық дәстүр үзіліп қалар кезеңге жеткен сол уақыттарда айтыскерлер айтарын алдын ала қағазға түсіріп, жаттап ай­татын кез еді ғой.

1971 жылы Жамбыл ақынның 125 жылдық тойына арналған Жам­был кеңшарының клубында облыс­тық айтыс өтті. Бұл айтыста біздің ауданның атынан облыстың халық ақыны Әшім Меңдібаев қатысты. Рақым Әшім Меңдібаевтың айтыс өлеңін жаттап алып, белгілі бір мақаммен домбыраға қосып ха­лыққа жеткізді. Кейін Рақымның өзі де айтысқа түсіп жүрді.

Арнайы оқу орнында оқымаған, белгілі бір мамандығы болмаған­дықтан, Рақым ауылда әртүрлі жұ­мыстар істеді. Қой бақты, шопан атанды.

Әңгімеміздің басында баяндаға­нымыздай, Рақымның әншіліктен басқа бір әуестігі – кітапқұмарлығы. Ол кезде Рақым сияқты қойшының қонышында “Жұлдыз” журналы жү­ретін. Қой бағып жүріп кітаптың қы­зығына түсіп кеткен Рақым бір отар қойдан көз жазып қалады. Қой бағу кезегінен бос қойшылар жоғалған қойларды іздесіп, Құдай дес берген­де, қойдан шығын жоқ, табы­лады.

Әр жұмыстың басын бір шалып, байыз таппай жүрген күндердің бірінде Рақым дос біздікіне келді.

“Әй, Қақа, мен Алматыдағы өзің оқып бітірген ҚазМУ-дың тарих факультетінің сырттай бөліміне түсіп, жұрт қатарлы бір мамандық иесі болуды ойлаймын. Тарих пен әдебиеттен жоғары оқу орнына тү­сетін сынақтан өтетіндей білім-бі­лігім бар сияқты. Сен маған қазақ ті­лінен мектеп программасы бойын­ша оқығандарымның ұмытқан тұста­рынан түсінік беріп, көмек көрсет”, – деді.

Айтқандайын, Рақым еш қинал­мастан ҚазМУ-дың тарих факуль­тетінің сырттай бөліміне түсіп, өте жақсы бітіріп шықты.

Алматыға кетерінде Рақым:

“Бес жыл Алматыда оқығанда танысқан, бірге оқыған өнер, теле­студия саласында қызмет етіп жат­қан жолдастарың болса, солардың бір-екеуінің мекенжайын, аты-жөнін жазып бер, сенің атыңнан олармен мен де танысайын”, – деп қолқа салды.

Өзіммен университетте бес жыл бірге оқыған, оқу орнын бітіргеннен кейін Алматы телестудиясының “Құр­дастар” бірлестігінің бастығы қызметіндегі Жарылқасын Нұсқа­баев деген досымның аты-жөнін жазып бердім. Кейіннен Алматыға жол түсіп барғанымда Жарылқасын достан: “Біздің ауылдан бір жігіт ке­ліп жолықты ма?” – деп сұраға­нымда:

– Иә, гүрілдеген дауысы бар, бір дәу жігіт өзін “қойшы Бисарин Ра­қыммын, Қарақаттың жолдасымын деп таныстырды”, – деді ол.

Бұл да Рақымның аңқылдаған ақ көңіл, ақ көйлек, адам жатырқа­майтын мінезін аңғартса керек.

Университетте Рақым Кенен Әзірбаевтың Бақытжан деген ба­ласымен бірге оқыпты. Бақытжан Рақымды атақты композитор Нұр­ғиса Тілендиевпен таныстырады.

– Нұрғиса Тілендиевтің алдында “Алатау” әнін айттым, – дегені де бар Рақымның.

Университетті бітіргеннен кейін Рақым Рамазанұлы Архангелка ауы­лындағы кәсіптік-техникалық учили­щеге директордың орынбасары болып тағайындалды. Бес жыл осы қызметте абыройлы еңбек етті.1985 жылы Жамбыл ауданындағы Ес­перлі орталау мектебінің директоры болды. Көп ұзамай Есперлі орталау мектебі қазақша оқытатын мектеп­тердің қатарына қосылды.

Туған ауылының атын өнерімен асқақтатқан талантты әнші, адал дос Рақымның бейнесі көкірегімізде сағыныш болып сақталуда.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp