«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АПАТТЫҢ СЕБЕБІ – ЕРЕЖЕНІ ЕЛЕМЕУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адам өмірі кілт үзіліп, денсау­лығына залал келетін жайттардың бірі – жол апаты. Үстіміздегі жылдың үш айында өңірімізде 35 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 3 адам қаза тауып, 65-і жарақат алды. Өткен жылдың сәйкес кезе­ңінде 11 адам қаза тауып, 50-і жарақаттаныпты. Өңірлік коммуника­ция қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жайы айтылды.

Облыстық полиция департаменті­нің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов апаттардың дені көліктердің соқтығысуынан болатынын айтты. Биыл көліктердің соқтығы­суынан үш адам ажал құшып, 45 адам жара­қаттанды. Жүргізушілер тарапынан маневр жасау ережесін бұзу, қарсы жолаққа шығып кету, бағдаршамды елемеу, қиылыстардағы жолдарды дұрыс кеспеу, жылдам­дықты арттыру, көлік құралдары арасындағы қашықтықты сақтамаудан да жол-апаттары орын алады.

Жыл басынан бері патрульдік полиция қызметкерлері жол жүру ережесін бұзған 16687 фактіні анық­та­са, соның 7603-і – өрескел ереже бұзу­шылық. Мас күйде рөлге отырған 237 жүргізуші ұсталып, 68-і жүргізуші куәлігінен айырылған. Заңды бұлай өрескел бұзғандар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады немесе 7 жылға көлік жүргізу құқы­ғы­нан айырылады. Екінші рет ереже бұзса, бес мың айлық есептік көр­сеткішке дейінгі мөлшерде ірі айыппұл төлеуден бастап, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ондайда жүргізу­ші өмір бойы көлік басқару құқы­ғынан айырылады.

Қарсы бағытқа шығып кеткен 53 жүргізуші жауапқа тартылды. Жол ережесін сақтамайтын жаяу жүргіншілер де аз емес. Биыл ондай 2363 адам тіркелді. Сондықтан жолға шыққан жүргізуші де, жаяу жүргінші де өзінің ғана емес, өзгенің де қауіпсіздігі үшін жол ережесін қатаң сақтауы қажет.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp