Адам өмірі кілт үзіліп, денсаулығына залал келетін жайттардың бірі – жол апаты. Үстіміздегі жылдың үш айында өңірімізде 35 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 3 адам қаза тауып, 65-і жарақат алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 11 адам қаза тауып, 50-і жарақаттаныпты. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жайы айтылды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов апаттардың дені көліктердің соқтығысуынан болатынын айтты. Биыл көліктердің соқтығысуынан үш адам ажал құшып, 45 адам жарақаттанды. Жүргізушілер тарапынан маневр жасау ережесін бұзу, қарсы жолаққа шығып кету, бағдаршамды елемеу, қиылыстардағы жолдарды дұрыс кеспеу, жылдамдықты арттыру, көлік құралдары арасындағы қашықтықты сақтамаудан да жол-апаттары орын алады.
Жыл басынан бері патрульдік полиция қызметкерлері жол жүру ережесін бұзған 16687 фактіні анықтаса, соның 7603-і – өрескел ереже бұзушылық. Мас күйде рөлге отырған 237 жүргізуші ұсталып, 68-і жүргізуші куәлігінен айырылған. Заңды бұлай өрескел бұзғандар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады немесе 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Екінші рет ереже бұзса, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ірі айыппұл төлеуден бастап, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ондайда жүргізуші өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылады.
Қарсы бағытқа шығып кеткен 53 жүргізуші жауапқа тартылды. Жол ережесін сақтамайтын жаяу жүргіншілер де аз емес. Биыл ондай 2363 адам тіркелді. Сондықтан жолға шыққан жүргізуші де, жаяу жүргінші де өзінің ғана емес, өзгенің де қауіпсіздігі үшін жол ережесін қатаң сақтауы қажет.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.