Петропавл қалалық мәслихатының депутаттары тұрмыстық қатты қалдықтар шығару тарифін бекітті. Бұл өзгерістер он күн ішінде облыстық әділет департаментінде тіркелгеннен кейін қолданысқа енеді.
Енді шаһар тұрғындары, соның ішінде жеке үйде тұратындар тұрмыстық қатты қалдықтар үшін бір адамға 510,15 теңге төлемек. Көппәтерлі үйдің тұрғындары бір адам үшін айына 480 теңге жұмсайды.
Халық қалаулылары мұндай шешімге келмес бұрын коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері мен тұрғындардың пікірін ескерген. Петропавлдықтар соңғы кездері қоқыстың уақытында шығарылмауына жиі шағымданатын болған. Ал коммуналдық қызмет көрсететін компаниялар, өз кезегінде, оның күнделікті шығарылмауын тарифтің төмендігімен түсіндіріп келді. Кәсіпкерлердің айтуынша, коммуналдық кәсіпорындардың табысы шығынды жаппайды. Бірнеше жылдан бері олардың меншігіндегі техникалар жаңартылмаған. Соңғы уақытта тіпті кейбір кәсіпорындар қажетті қосалқы бөлшектерді қарызға алатын болған. Мұның бәрі қызметтің сапасына әсер етіп отыр.
Жалпы Петропавлда соңғы рет қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі 2018 жылы көтерілген. Тұрғындардың қоқыс үшін қарызы бүгінде 23 млн. теңгеден асып кеткен.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.