«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үш күдікті қамалды

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Облыстық прокуратура­ның қылмыстық қудалау жө­ніндегі басқармасының бас­ты­­ғы Ғани Жалби мен аға прокурор Максим Доровиктің қатысуымен өт­кен брифингте “Ха­лық кеңесі” деп аталатын топ­тың үш бел­сендісінің қа­мауға алынғаны бел­гілі болды.

Ғани Жалби биыл наурыз айын­да “Халық кеңесі” тобы қатысушы­ларының облыс орталығындағы кол­ледждердің бірінде жиын өткізгені жайлы ақпарат әлеуметтік желілер­де таралып, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің жергілікті де­партаменті сепаратизм фактісі бо­йынша сотқа дейінгі тер­геп-тексеру амалдарын жүргізгенін айтты.

Облыстық прокуратураның нұс­қауымен Ұлттық қауіпсіздік, поли­ция, экономикалық тергеу департаменттері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінен ведо­мство­аралық жедел-тергеу тобы құ­рылып, процестік прокурорлар та­ғайындалды.

Тергеу барысында “Халық ке­ңесі” тобына қатысушы 20 адамның 2023 жылы 19 наурызда Петропавл қаласындағы колледждердің бірінде жиналыс ұйымдастырғаны, өздерінің сепаратистік көзқарастарын білдіргені анықталды. Жиналыста Қазақстан Республикасынан бөлініп, тәуелсіз Петропавл қаласының халық кеңесін құру туралы шешім қабылдап, “Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы­ның халық кеңесі декла­рациясын” жариялаған. Елі­міз­дің конституциялық құрылысын бұзуға әрекет ете отырып, оның тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын жоққа шығарған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ба­рысында әртүрлі сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Түрлі мамандардың қатысуымен өткен психологиялық-филологиялық сараптаманың қоры­тын­дысына сәйкес сепаратизм белгілері анықталды.

Қылмыстық істің жинақталған материалдары негізінде “Халықтық кеңестің” үш мүшесінің әрекеттері Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлімі бойынша Қазақстан Республикасының біртұтастығын ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде бұқаралық ақпарат құралдарын және телебайланыс желілерін пайдалану және Қылмыстық кодекстің 179-бабына сәйкес мемлекеттің конституциялық құрылысын күштеп өзгерту баптары бойынша сараланды. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау оқ­шаулағышына қамалды. Он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Басқа ақпараттар Қылмыстық кодекстің 201-бабына орай жариялауға жатпайды.

– Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда. Жиналысқа қатысқан басқа адамдарға қатысты жан-жақты баға беріліп, кінәлары дәлелденген жағдайда жауапқа тартылатын болады, – деді сөзінің соңында Ғани Жалби.

Брифингте жиынға қатысушылардың бірі кәмелетке тол­маған баласын ертіп келгені, тағы бірі қабылданған шешімге қарсы шығып, қолдамағаны белгілі болды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp