Қазақ халқы әлімсақтан ұлт, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген ғой. Соның бір шоғыры қыз балалардың келешегіне арналған. “Қызың өссе – жақсымен ауылдас бол”, “Қызды – қияға, ұлды – ұяға”, – деген тәмсілдер бекерден-бекер айтылмаған. Бір өкініштісі қазіргі қоғамда ата-бабаларымыз темірқазық етіп кеткен салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар өз деңгейінде орындалып жүрген жоқ. Соның салдары болса керек, қағынан безінген құландай басын тауға бір, тасқа бір соққан жастар көбейді.
Әңгіме қыз тәрбиесі дегеннен шығады ғой. Қазақ қыз баланы қай заманда болмасын ерекше қадірлеп, төріне отырғызған. Бүгінгі кейбір ата-аналар дәстүрдің жөні осы екен деп аялап өсірген қыздарын қияға қондыруды “ар” көріп жандарынан бір елі алыстатпай, өле-өлгенше үйлерінде ұстауға әзір. Осының кесірінен қияға қанат қақпай, ұяда қалған қыздар көбеюде.
Алыстан сыйласатын ағайынымыздың жан дегенде жалғыз қызы болды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Жасы жиырма екіден сәл асқанда бойжеткен анасына бір жігітпен танысқанын, оған тұрмысқа шыққысы келетінін айтады. Қыз баланың теңін тауып, тұрмыс құрғаны, дүниеге сәби әкеліп, мәуелі бәйтеректей ақ жаулықты кейуанаға айналғаны бақыт емес пе? Алайда олар қызғалдақтай қыздарының өзге үйдің түтінін түтетуіне қарсы болыпты. Үйлену тойынан кейін көп өтпей, қызы мен күйеубаласын шақырып алып, бірге тұру туралы ұсыныс жасайды. Аяғы ауыр келіншегінің қас қабағына қараған жігіттің келіспеске амалы қалмаған. Арада бірнеше жыл өтті. Дүниеге екі сәби келді. Өзге үйде “күшік” күйеу болудан шаршаған, замандастарының табасына қалған жігіт келіншегі мен екі перзентін тастап, кетіп қалады. Дәстүрді білмейтін, балаларының бақытынан гөрі қара бастарының қамын ойлауға бейім жандар екі жасты осылайша ажырастырып тынды.
Мұндай мысалдар жетіп артылады. Біздің еліміз ажырасу көрсеткіші жөнінен әлемде көш басында келе жатқан мемлекеттердің қатарында екен. Қоғамның жегіқұртына айналып отырған мәселені ушықтырып отырғандардың қатарында ата-аналардың болғаны жанға жара салмай қоймайды. Әрине, мұндай фактілерді елеп-екшеп отырған ұйым жоқ. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткендіктен тәлім-тәрбие мәселесі көтерілген жиындарға жиі ат басын бұрамын. Сондай шараларда ұлы мен келінін бөлек шығарып, қыздары мен күйеу балаларын жандарына көшіріп алғандар туралы көп айтылып жүр. Бұл мәселенің астарында ұл мен қыздың ғана емес, тұтас ұлттың болашағы жасырынып тұрған жоқ па? Сондықтан да оған елдік дейгейде қарауымыз керек. Әйтпесе, ертең кеш болады.
“Шыққан қыз – шиден әрі” деген қазақы ұғымның жоғалуынан қазіргі күні қанша отбасы ажырасып жатыр десейші! Қазақтың әр мақаланың астарында терең мағына, фәлсапалы мазмұн жатыр ғой. “Шыққан қыз – шиден әрі” деген мақалдағы ши сөзін алайықшы. Ши – керегенің сыртынан ұсталатын бұйым, яғни үйдің сырты. Тұрмысқа шыққан қыз барған жеріне тастай батып, судай сіңіп, сол әулеттің толықтай бір мүшесіне айналуы үшін айтылған сөз, қалыптасқан ұғым ғой бұл. Ұзатылған қыз енді бұл үйдің мүшесі емес, егер қыз бала осыны жан-жүрегімен сезінсе, онда міндетті түрде барған әулеттің толық бір мүшесі бола алады екен. Танымайтын әулетке барып, толықтай сіңгені өз алдына, сол жерде пайым-парасатын көрсетіп, әулетті билеп, “ел анасы” атанған, рулы ел сол кісінің атымен аталған қанша аналарымыз болды тарихта. Солардың бәрі барған жерінің бағын жандырып, биікке көтерілген. Ал төркінін ұмытпау, ата-анасына, бауырларына қамқор болу – ол өз алдына бөлек әңгіме. Яғни бұл шиден ішкері емес, тысқары тұрып жасалатын, қазақ қызының ғана қолынан келетін ұлы қамқорлық. Оны бір ауыз сөзбен, тіпті тілмен жеткізіп айту қиын. Тағдырына шиден тысқары болу міндеті жазылған қыздарды шиден “ішкері” еткісі келетіндердің бұл әрекеттерін қалай түсінуге болады?
“Қыз мұраты – кету”. Аялап өсірген қызғалдағың ар-абыроймен жарының шаңырағының босағасын аттаса, сол үйде өсіп-өнсе ата-ананың да перзенті алдындағы парызының өтелгені емес пе? Ата-баба аманатына адал болып, қыздарын қияға қондырып, сыйлы нағашы ата мен әже атанып жүрген жандар да жоқ емес. Бір танысымның үш қызы болды. Үшеуі де – алтын асықтай. Үлкені – Қарағандының, ортаншысы – Астананың, кішісі – Қызылжардың жігітіне тұрмысқа шықты. Екі жақтың ата-аналары да жастардың үйлі-жайлы болуларына, ел қатарына қосылып кетулеріне барлық жағдайды жасап бақты. Қыздардың әкесі мен шешесі көргенді кісілер еді. Төркіндеп келген балаларына: “Ата-енелеріңе қамқор болыңдар, үлкендердің ақ батасын алыңдар, сәбилеріңнің есімін өз беттеріңмен қоймаңдар, шаңырақтағы алдыңғы толқын өкілдерінен рұқсат сұраңдар”, – деп айтып отыратынын өз басым сан мәрте естідім. Ұядан тәрбиеге қанық болған олар да барған жерлеріне тастай батып, судай сіңді.
Қыз бала – бақ құсы. Ол ұядан ұшарда, әрине, жүрегің сыздайды. Алайда табиғаттың заңы, ата-баба дәстүрі сол – бойжеткен аруларымыз жат жұрттық болып жаралған. Барар жері қандай екен, енесі бауырына тартып, жақсылыққа баули ма екен деп көңіліңнен күдік кетпей, мазасыз күндерге, ұйқысыз түндерге тап болатынымыз тағы бар. Ол болса “бағына” еріп, жат жұртқа аттанбақ. Барған мекені құтты болса деп тілейсің. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа, Адам ата мен Хауа анадан бүгінге дейін үзілмей келе жатқан дәстүр. Біз ата-бабаларымыздың салған сара жолына берік болу арқылы балаларымыздың бақытына куә боламыз. Ендеше, ата-анасы мен бауырларына қонақ, барған жеріне бақ-ырыс болып жаралған қыздарымызды қадірлейік, ұядан ұшыруға асығайық, қияға қондырайық.
Асыл АЛДОҢҒАРОВА,
зейнеткер,
Петропавл қаласының тұрғыны.