«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫҚҚАН ҚЫЗ – ШИДЕН ӘРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқы әлімсақтан ұлт, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген ғой. Соның бір шоғыры қыз ба­ла­лардың келешегіне арналған. “Қызың өссе – жақсымен ауылдас бол”, “Қызды – қияға, ұлды – ұяға”, – деген тәмсілдер бекерден-бекер айтылмаған. Бір өкініштісі қазіргі қоғамда ата-бабаларымыз те­мір­­қазық етіп кеткен салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар өз деңгейінде орындалып жүрген жоқ. Со­ның салдары болса керек, қағынан безінген құландай басын тауға бір, тасқа бір соққан жастар көбейді.

Әңгіме қыз тәрбиесі дегеннен шы­ғады ғой. Қазақ қыз баланы қай за­манда болмасын ерекше қадірлеп, тө­ріне отырғызған. Бүгінгі кей­бір ата-аналар дәстүрдің жөні осы екен деп аялап өсірген қызда­рын қияға қондыруды “ар” көріп жан­дарынан бір елі алыстатпай, өле-өл­генше үйлерінде ұстауға әзір. Осы­ның кесірінен қияға қанат қақпай, ұяда қалған қыздар көбеюде.

Алыстан сыйласатын ағайыны­мыздың жан дегенде жалғыз қызы болды. Қанаттыға қақтырмай, тұм­сықтыға шоқыттырмай өсірді. Жасы жиырма екіден сәл асқанда бой­жет­кен анасына бір жігітпен танысқа­нын, оған тұрмысқа шыққысы келе­ті­нін айтады. Қыз баланың теңін та­уып, тұрмыс құрғаны, дүниеге сәби әкеліп, мәуелі бәйтеректей ақ жау­лықты кейуанаға айналғаны бақыт емес пе? Алайда олар қызғалдақтай қыздарының өзге үйдің түтінін түте­туіне қарсы болыпты. Үйлену тойы­нан кейін көп өтпей, қызы мен күйеу­баласын шақырып алып, бірге тұру туралы ұсыныс жасайды. Аяғы ауыр келіншегінің қас қабағына қараған жігіттің келіспеске амалы қалмаған. Арада бірнеше жыл өтті. Дүниеге екі сәби келді. Өзге үйде “күшік” күйеу болудан шаршаған, замандаста­рының табасына қалған жігіт келін­шегі мен екі перзентін тастап, кетіп қа­лады. Дәстүрді білмейтін, балалары­ның бақытынан гөрі қара бастары­ның қамын ойлауға бейім жандар екі жасты осылайша ажырастырып тынды.

Мұндай мысалдар жетіп артыла­ды. Біздің еліміз ажырасу көрсеткіші жөнінен әлемде көш басында келе жатқан мемлекеттердің қатарында екен. Қоғамның жегіқұртына айна­лып отырған мәселені ушықтырып отырғандардың қатарында ата-ана­лардың болғаны жанға жара салмай қоймайды. Әрине, мұндай факті­лер­ді елеп-екшеп отырған ұйым жоқ. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен­діктен тәлім-тәрбие мәселесі көте­ріл­ген жиындарға жиі ат басын бұра­мын. Сондай шараларда ұлы мен ке­лінін бөлек шығарып, қыздары мен күйеу балаларын жандарына кө­шіріп алғандар туралы көп айтылып жүр. Бұл мәселенің астарында ұл мен қыздың ғана емес, тұтас ұлттың болашағы жасырынып тұрған жоқ па? Сондықтан да оған елдік дейгей­де қарауымыз керек. Әйтпесе, ертең кеш болады.

“Шыққан қыз – шиден әрі” де­ген қазақы ұғымның жоғалуынан қа­зіргі күні қанша отбасы ажырасып жа­тыр десейші! Қазақтың әр мақала­ның астарында терең мағына, фәл­са­палы мазмұн жатыр ғой. “Шыққан қыз – шиден әрі” деген мақалдағы ши сөзін алайықшы. Ши – керегенің сыр­ты­нан ұсталатын бұйым, яғни үйдің сырты. Тұрмысқа шыққан қыз барған жеріне тастай батып, судай сіңіп, сол әулеттің толықтай бір мүшесіне ай­налуы үшін айтылған сөз, қалыптас­қан ұғым ғой бұл. Ұзатылған қыз енді бұл үйдің мүшесі емес, егер қыз бала осыны жан-жүрегімен сезінсе, онда міндетті түрде барған әулеттің толық бір мүшесі бола алады екен. Таны­майтын әулетке барып, толықтай сің­гені өз алдына, сол жерде пайым-па­расатын көрсетіп, әулетті билеп, “ел анасы” атанған, рулы ел сол кісі­нің атымен аталған қанша аналары­мыз болды тарихта. Солардың бәрі барған жерінің бағын жандырып, биікке көтерілген. Ал төркінін ұмыт­пау, ата-анасына, бауырларына қам­қор болу – ол өз алдына бөлек әңгі­ме. Яғни бұл шиден ішкері емес, тыс­қары тұрып жасалатын, қазақ қызы­ның ғана қолынан келетін ұлы қам­қорлық. Оны бір ауыз сөзбен, тіпті тіл­мен жеткізіп айту қиын. Тағ­дырына шиден тысқары болу міндеті жазылған қыздарды шиден “ішкері” еткісі келетіндердің бұл әрекеттерін қалай түсінуге болады?

“Қыз мұраты – кету”. Аялап өсір­ген қызғалдағың ар-абы­роймен жарының шаңырағының босағасын аттаса, сол үйде өсіп-өнсе ата-ананың да перзенті алдын­дағы парызының өтелгені емес пе? Ата-баба аманатына адал болып, қыздарын қияға қондырып, сыйлы на­ғашы ата мен әже атанып жүрген жан­дар да жоқ емес. Бір танысымның үш қызы болды. Үшеуі де – алтын асық­тай. Үлкені – Қарағандының, ортан­шы­сы – Астананың, кішісі – Қызыл­жардың жігітіне тұрмысқа шықты. Екі жақтың ата-аналары да жастардың үйлі-жайлы болуларына, ел қатары­на қосылып кетулеріне барлық жағ­дайды жасап бақты. Қыздардың әкесі мен шешесі көргенді кісілер еді. Төр­кіндеп келген балаларына: “Ата-енелеріңе қамқор болыңдар, үлкендер­дің ақ батасын алыңдар, сәбилерің­нің есімін өз беттеріңмен қоймаңдар, шаңырақтағы алдыңғы толқын өкіл­де­рінен рұқсат сұраңдар”, – деп айтып отыратынын өз басым сан мәрте ес­тідім. Ұядан тәрбиеге қанық болған олар да барған жерлеріне тастай батып, судай сіңді.

Қыз бала – бақ құсы. Ол ұядан ұшарда, әрине, жүрегің сыздайды. Алайда табиғаттың заңы, ата-баба дәстүрі сол – бойжеткен арулары­мыз жат жұрттық болып жаралған. Барар жері қандай екен, енесі бауы­рына тартып, жақсылыққа баули ма екен деп көңіліңнен күдік кетпей, мазасыз күндерге, ұйқысыз түндерге тап болатынымыз тағы бар. Ол бол­са “бағына” еріп, жат жұртқа аттан­бақ. Барған мекені құтты болса деп тілейсің. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа, Адам ата мен Хауа анадан бүгінге дейін үзілмей келе жатқан дәстүр. Біз ата-бабаларымыздың салған сара жолына берік болу арқылы балала­ры­мыздың бақытына куә боламыз. Ендеше, ата-анасы мен бауырлары­на қонақ, барған жеріне бақ-ырыс б­олып жаралған қыздарымызды қадірлейік, ұядан ұшыруға асығайық, қияға қондырайық.

Асыл АЛДОҢҒАРОВА,

зейнеткер,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp