“Amanat” партиясының облыстық филиалы жанындағы бақылау комиссиясы алты айдың ішінде 82 сауда нүктесіне барып, тұрақтандыру қорынан бөлінетін азық-түлік өнімдерінің бағасын қадағалады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 түрлі тағам енгізілген. Олардың ішінде ұн, макарон, жұмыртқа, күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, сиыр, тауық еті, көкөніс, тұз секілді жұртшылық көп тұтынатын азық-түлік бар.
Мониторинг барысында сауда орындарында сатылатын тұрақтандыру қоры өнімдерінің бағасы белгіленген 15 пайыздық үстемеден аспайтыны анықталды. Кейбір тауар түрлерінің бағасы шекті бағадан төмен екен. Мәселен, бір килограмм қанттың бағасы 460 теңгеден аспауы тиіс болса, бірқатар супермаркеттерде ол 394 теңгеден саудаланып жатыр.
Тұрақтандыру қорының өнімдерін сататын супермаркеттердің бірі – “Aimer”. Мұнда барлық көтерме және бөлшек сауда бағалары белгіленген нормаларға сәйкес. Күріш – 335, жұмыртқа – 350, өсімдік майы – 700, картоп – 110 теңге. Бағаға үстеме қосылмағанымен, кей тауарлар сөрелерде болмай шықты. Бұл өнімдердің сұранысқа ие екендігін айтқан сауда үйінің әкімшілігі жақын күндері жеткізілетінін айтып сендірді.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Александр Зель тұрғындар тұрақтандыру қоры белгілеген қолжетімді бағаға риза екенін айтады. Басқа сауда нүктелерімен салыстырғанда біршама арзан.
Партия мүшелері жанар-жағармай, көмір бағаларын да тексеріп, дәрілік препараттарға мониторинг жүргізді. Дәлірек айтқанда, 30 жанар-жағармай бекеті мен 35 дәріханада болды. Ондағы мақсат – шекті бағадан асып кетуіне жол бермеу.
Бағаға байланысты келеңсіздіктер орын алса, “Amanat” партиясы филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жүгінуге болады.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“Amanat” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.