Петропавлда құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары қызметкерлері арасында қазақ күресінен жарыс өтті. Республикалық турнир Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция генерал-майоры Ахмет Тұмарбековтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Елімізде қазақ күресінен дүбірлі дода осымен бесінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Петропавлдағы турнирдің салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов балуандарға сәттілік тіледі. Содан кейін “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамының дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерге Құрмет грамоталары табыс етілді.
Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыхановтың айтуынша, соңғы жылдары құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында ұлттық спорт түрлерімен айналысатындар қатары қалыңдап келеді.
– Погон таққан спортшылар республикалық жарыстардан бөлек, халықаралық сайыстарда да ел намысын қорғап жүр. Бұл, әрине, қазақ күресінің дамуына септігін тигізуде. Солтүстік Қазақстан облысында “Қызылжар арландары” клубы жұмыс істеп келеді. Осы спорттық ұйымның арқасында талай балуан елге танылды, – деді Дәулет Тұрлыханов.
Екі күнге созылған жарысқа 32 командадан 176 спортшы қатысты. Қазақ күресінен сайыс екі санат бойынша өтті. Біріншісі Ішкі істер министрлігі спартакиадасы шеңберінде ұйымдастырылды. 66 килограм салмақта – Ұлытау облыстық полиция департаментінің қызметкері Данияр Әлепов, 74 килограмда – Жамбыл облыстық полиция департаментінің өкілі Ерлан Махмұтов, 82 килограмда – Жетісу облыстық полиция департаментінің маманы Қуандық Есенеев, 90 килограмда – Ақмола облыстық полиция департаментінің қызметкері Әсет Жүнісов, 100 килограмда – жетісулық Ержан Еренғайыпов және аса ауыр салмақта Ұлытау облысының намысын арқалаған Құдайберген Тілеубаев жеңімпаз атанды.
Ал екіншісінде “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамының ведомствоаралық спартакиадасы аясында үздіктер анықталды. Мұнда 66 килограмм салмақта – Ұлттық ұланның маманы Ержан Еренғайыпов, 74 килограмда Ішкі істер министрлігінің қызметкері Батырхан Қайырбек алтыннан алқа тағынды. 82 және 90 килограмда – Ұлттық ұлан қызметкерлері Мәди Амангелді мен Еламан Қойшыбаев, 100 килогамда Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкері Қанат Өмірзақ және аса ауыр салмақ дәрежесінде осы ведомствоның өкілі Олжас Шынкеев чемпион атанды.