«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ — ЕУРОКУБОК ЖАРЫСТАРЫНА ЖОЛДАМА АЛУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде “Қызылжар” топ бастап келеді. Алты турдың қорытындысы бойынша жерлестеріміздің қоржынында 18 ұпай бар. Ел кубогының 1/8 финалында да жергілікті аяқдопшылар жеңіске жетті. Өткен маусымда Конференция лигасында өнер көрсеткен жерлестеріміз чемпионатта шаршаңқы ойнағаны белгілі. Екі жарыста қатар үздік нәтиже көрсету қиын, сондықтан биылғы трансферлік ауыс-түйіс кезінде клубқа жаңа ойыншылар қосылды. Команданың алға қойып отырған мақсаты жөнінде бас бапкері Әли Әлиевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Әли Ханалыұлы, футбол маусымы “Қызылжар” коман­дасы үшін сәтті басталды. Жан­күйерлердің қуанышында шек жоқ, ал мамандар аң-таң. Бұл же­ңістердің сыры неде? Ел бірін­шілігі басталмай тұрып жүргі­зілген селекциялық жұмыстар­дың нәтижесі болар? Чемпио­нат алдындағы оқу-жаттығу жиындары қалай өткенін айтып берсеңіз.

– Былтыр чемпионат аяқта­лы­сымен біз командаға қажет ойын­шыларды іздей бастадық. Алды­мен отандық клубтардың аяқдоп­шыларына назар аударып, ара­ларынан “Қызылжарда” ойнағысы келетіндерін сұрастырып көрдік. Бірақ кейбірінің жалақыларын біз төлей алмас едік. Трансферлік құн­дары да жоғары болды.

Чемпионат аяқталған соң Түр­кияның Анталия қаласына оқу-жат­тығу жиынына аттандық. Ол жерге ТМД елдерінің команда­ла­рында өнер көрсетіп жүрген аяқ­доп­шыларды шақырып, аралары­нан қажетті ойыншыларды іріктеп алдық. Футболшылардың арасы­нан физикалық және техникалық қабілеттері жоғары әрі теріскейдің ауа райына тез бейімделе алатын­дарын құрамға қостық. Нәтижесін­де осындай ұжым қалыптасты.

– “Қызылжар” клубының са­пында шетелден келген ойын­шы­лар басым екенін байқай­мыз. 70 пайызы легионер. Не­лік­тен командада жергілікті фут­болшылар аз?

– Клубымыздың президенті биылғы маусымда команданың ал­дына жаңа міндеттер қойып отыр. Бастысы – Еурокубок жа­рыс­та­рына жолдама алу. Ол үшін кәсіби біліктілігі жоғары ойыншы­лар қажет. Техникалық қабілеті, фи­зикалық дайындығы жағынан “Астана”, “Қайрат”, “Ордабасы” жә­не “Ақтөбе” сынды команда­лар­дың ойыншыларымен терезесі тең болуы шарт. Азулы қарсыласта­ры­мызды жеңу үшін осындай аяқ­допшылар керек. Әзірге “Қызыл­жардың” жастар командасынан негізгі құрамға лайықтыларды табу қиын.

Біз ойыншыларды негізгі құ­рам­ға қоспас бұрын бірінші лига клубтарына жалға беріп, шыңдай­мыз. Мәселен, биыл Алмаз Из­май­лов пен Максим Скорых “Екі­бас­тұз” сапында өнер көрсетіп жүр.

– Демек, олар келер мау­сымда “Қызылжар” сапына ора­ла ма?

– Бұл екі ойыншының физика­лық дайындығы жақсы. 90 минут бойы тоқтаусыз жүгіре алады. Алайда нәтижелі пастар беріп, гол соғуға келгенде әлсіздеу. Бұның се­бебін анықтап, қателіктермен жұ­мыс істеу қажет. Негізгі команда “ба­­лабақша” емес қой, бірден нә­ти­же көрсету керек. Егер Алмаз бен Максим “Екібастұз” сапында гол со­ғып, өздерін көрсетсе, мін­дет­ті түр­де қайта оралады. Қазір бірінші ли­ганың екі туры өтті. Бірақ екеуі­нің үздік ойынын көре алған жоқпыз.

– Қазір клубта Бразиялияны айтпағанда, Беларусь, Ресей, Босния және Герцоговина ойын­шылары бар. Олардың дең­гейі қазақстандық футбол­шылар­дан жоғары деп айта аласыз ба?

– Оқу-жаттығу жиындары ке­зінде бұл ойыншыларды сынап көрдік. Бізге ұнады. Менің ойым­ша, Пернамбуко, Сабино, Имнад­зе сияқты аяқдопшылар Қазақ­стан­ның кез келген клубындағы ойыншылармен тең дәрежеде ойнай алады. Деңгей жағынан Томасов, Оразов сияқты аяқдоп­шы­лардан кем түс­пейді деп ой­лаймын. Тіпті оларды Испания мен Италияның кейбір командала­ры сапындағы футбол­шылармен салыстырар едім. Егер алғашқы алты турдағыдай жақсы ойын өр­негін көрсетіп жатса, чем­пионат­тың соңында жүлдегер ата­нуымыз ғажап емес. Ең бастысы тыным­сыз еңбек ету қажет.

– Трансферлік терезе әлі жа­былған жоқ. Тағы қандай пози­цияға ойыншылар алуды көз­деп отырсыздар?

– Иә, құрамды күшейту үшін мықты ойыншылар қажет. Мәсе­лен, жуырда Сабино дос Сантос жарақат алып, орталық жартылай қорғаушысыз қалдық. Ол бірнеше ай бойы емделеді. Демек, оның позициясына бір футболшы керек. Мақсатымыз – орталық жартылай қорғаушы табу. Жақын және алыс шетелден бір-екі ойыншыны қа­рас­тырып жатырмыз. Әзірге есім­дерін айта алмаймын.

– “Қызылжар” клубының тү­легі Тимур Мульдинов биыл ойынға алғашқы минуттардан шықпай жүр. Ол неліктен қосал­қы құрамда отыр?

– Тимур Мульдинов – менің сүйікті ойыншым. Ол жаттығулар кезінде барлық тапсырмаларды тия­нақты орындайды, жиі гол со­ғады. Алайда матч барысында өз деңгейінде ойнай алмай жүр. Сон­дықтан қазір оны қосалқы құрамда ұстап отырмын. Алдағы уақытта чем­пионатта міндетті түрде гол со­ғып, өзін көрсететініне сенімдімін.

Ел кубогының 1/8 финалында талдықорғандық “Жетісуға” қарсы ойында Тимур бірінші минуттар­дан алаңға шықты және гол да соқты. Ол өте қабілетті ойыншы. “Же­тісуға” қарсы ойында “Қызыл­жар М” жастар командасының екі бірдей аяқдопшысы негізгі коман­дада ойнады. Олар – Жеңіс Мирас пен Жансерік Молдабаев. Айтқан тапсырманы тыңғылықты орында­ды, қателескен жоқ. Бірақ тал­дықорғандықтар да бізге екінші құ­раммен келгенін атап өткен жөн.

– Команда үшін қай жарыс маңыздырақ? Ел чемпионаты ма, әлде Қазақстан кубогы ма?

– Кубок пен чемпионат ойын­да­рының арасы 2-3 күн ғана. Осы аралықта бір құраммен ойнау қиынға соғады. Сондықтан кубок­тық матчтарда жастарға мүмкіндік беремін. Ал чемпионатта тәжіри­бесі мол аяқдопшыларды шыға­рамын. Дегенмен екі жарыста да жеңіске жету үшін барымызды са­ламыз. Себебі кубок жеңімпазына берілетін жүлде қоры қомақты. Яғни біз бұл турнирде жоғары нә­тижеге қол жеткізсек, клубқа қо­сымша пайда түседі.

– Ел чемпионатындағы ке­ле­сі матчты “Каспий” клу­бына қарсы өткізесіздер. Ақтау­лық ко­манда турнир кестесінде соңғы орында келеді. Бұл ойын­да үш ұпай алу оңай бола­тын шығар?

– “Каспий” өткен маусымда жақ­­сы ойын өрнегін көрсетті. Биыл­­ғы чемпионат әлі қарқын ал­ған жоқ. Оларда 3, ал бізде 18 ұпай. Осыдан-ақ ақтаулықтардың жеңіске жету үшін барын сала­тынын аңғару қиын емес. Матч тар­тысқа толы болады деп ойлай­мын. Біз де өз алаңымызда үш ұпай еншілеуге тырысамыз.

– Әңгімеңізге рақмет. “Қы­зыл­жар” жеңісті жолдан таймасын!

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp