Сексен жылдан астам тарихы бар М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті осы уақыт бедерінде түрлі жолдан өтті. Білім ордасының қалыптасуына аға буын өкілдерінің қосқан үлесі орасан. Жуырда облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен оқу ошағында қырық жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеу ісіне үлес қосқан аға буын өкілдері университеттің жаңадан салынған оқу-зертханалық корпусын аралап көрді.
Білім ордасының ректоры Ерлан Шұланов меймандарды университеттің жетістіктерімен, жаңа зертхана жұмысындағы жаңашылдықтармен таныстырды.
– Алдағы уақытта бұл корпусқа жаңа жиһаздар қойылады. Қыркүйек айынан бірқатар сабақтар осында өткізіледі деп жоспарлануда. Биылғы оқу жылынан бастап зертханалар өз жұмысын жандандырмақ. Бүгінде біз ғылымды дамыту ісіне ерекше көңіл бөлудеміз. Осы ретте еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғаш рет біздің университетте академиялық шеберлік орталығының құрылатынын айтып өткеніміз жөн, – деді Ерлан Нұрлыбекұлы.
Басқосуда университеттің басшылық құрамы ғылым және білім, медицина саласындағы бірқатар сұрақтар бойынша ардагерлермен ақылдасып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Білім ордасындағы жаңашылдықтарға қанық болған қонақтар университеттің басшылығы мен оқытушылар құрамының еңбектеріне жеміс тілеп, білімге құштар, ғылымға әуес жастар қатарының молая беретініне сенім білдірді.
Айнұр АЗБЕК,
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 4-курс студенті.