«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛЫҚ САЯСАТЫ ИКЕМДІ БОЛУЫ ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі Жолдауларында жария етілген ауқымды реформаларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңесте одан әрі дәйектеп, түпкі мақсат халықтың өмір сапасын жақсартуға, табысын көбейтуге, азаматтардың өзін-өзі дамытуға барлық мүмкіндікті жасауға жұмылдырылатынын айрықша атап көрсетті. Осыған орай азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, агроөнеркәсіп саласын дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізе отырып, монополиядан арылту, мемлекеттік басқару ісін жетілдіру сияқты іргелі міндеттерді анықтап берді. Соның ішінде салық саясатын ынталандырушы және икемді етуді тапсырды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымы өздеріне орасан зор талаптар жүктелгенін терең сезіне отырып, салық түсімдерінің жалпы өнімге қатысты өсу қарқынын еселей түсуді басты мақсат еткен. Осы жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік бюджет жоспары 5,6 млрд. теңгеге асыра орындалды. Салықтық әкімшілендіру блогы бойынша жұмыс жалғасып, 1,6 млрд. теңгеден астам қосымша кіріс түсті. Оның ішінде камералдық бақылау хабарламалары – 572 млн., тексеру актілері бойынша өндіріп алу – 286 млн., берешектерді өндіріп алу және оңалту – 130 млн., жанама салықтар – 200 млн. теңге. Өндіріп алу шараларын кешенді түрде қолданудың нәтижесінде берешек 509,4 млн. теңгеге дейін азайды. Бұған салықтар мен төлемдерді кейінге қалдыру туралы шешімдер, дебиторлық нақты ақша мен сомаларды өндіріп алу есебінен банкроттық рәсімдерді жүргізу, шектелген мүліктерді сату жатады. Біз үшін азаматтарымыздың міндетті зейнетақы, әлеуметік медициналық сақтандыру жарналары, әлеуметтік аударымдар секілді әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері де маңызды. Жыл басынан бері әлеуметтік төлемдер бойынша қарыз 87,3 млн. теңгеге төмендетілді. Заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде 178 қаулы шығарылып, 4,7 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Барлық бизнес процестерді, цифрландыру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау бағытында да тиісті шаралар атқарылып келеді. Тауарларды кедендік декларациялау толығымен алып тасталды. Кедендік тазарту “АСТАНА-1” ақпараттық жүйесі арқылы атқарылады, электрондық декларациялау енгізілді. Соның арқасында тауарларға арналған декларацияның 69 пайызы “жасыл дәліз” аясында орындалады. Шот-фактураларды электронды түрде жазып беру бағдарламасы іске қосылды, мұның өзі “көлеңкелі экономикаға” қарсы бағытталған пәрменді іс-қимыл тетігі болып табылады. Облыстың сыртқы сауда айналымы – 1,6, үш мемлекет аумағынан тауарлар импорты 2,4 есе өсті.

Бүгінде барлығы 36 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Бірінші тоқсанда оның саны 225559 болды. Электрондық түрде 224833 қызмет ұсынылды. Кәсіпкерлік субъектілер мен азаматтарға бизнесті жүргізуді жеңілдетуге, салықтарды жылдам төлеуге, мүлік объектілеріне түзетулер енгізуге мүмкіндік беретін цифрлық өнімдер “e-salyq Busines”, “e-SalyqAzamat” мобильді қосымшаларының көмегімен әзірленеді. 2022 жылдан бері арнайы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы арнайы салық режімі енгізілді. Бөлшек сауда бойынша қызмет түрлерінің саны артып, 180-ге жетті.

Кеңейтілген кеңесте айтылғандай, реформалардың нәтижесінде елімізде көп нәрсе өзгерді. Бірақ қол жеткенге тоқмейілсуге болмайды. Мемлекет басшысы талап еткендей, қабылданған кез келген шешім мемлекетшіл-реформаторлық мәнге ие болуы тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып бара жатқанын, оны әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың шегі бар екенін ескертті. Бұған қоса тұтыну несиелері көлемінің көбейе түскені де ойландырмай қоймайды. Бұл әрекет инфляция кезінде жан бағудың амалы секілді. Мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болатыны коронавирустық инфекцияға қатысты қойылған карантиндік шектеулер кезінде анық байқалды. Бұдан бөлек, жұмыссыздық, халықтың бір бөлігінің әл-ауқатының төмендеуі, салық, коммуналдық төлемдер бойынша қарыздың ұлғаюы белгілі дәрежеде теріс әсерін тигізіп, борышкерлер қатарын күрт көбейтті. Еліміз бойынша банк, микроқаржы ұйымдары алдында берешегі бар адамдардың саны 8 млн.-нан асады. Олардың жалпы қарызы 8 трлн. теңгеге жуық. 1,5 млн. жеке тұлғаның қарызын өтемегеніне 90 күннен асып, NPL90+ межесіне шығып кеткен.

Азаматтардың табысын көбейту жолдары көп. Несиені, ең алдымен, пайда, табыс әкелетін салаға бағыттап, озық жобалар жүзеге асырылуы керек. Еңбекақысы тұрақты жұмыс орындары құрылса, әсіресе ауылдықтардың нақты кәсіппен айналысуына жол ашылар еді. Екіншіден, бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді реттеудің оңтайлы бір әдісі – макроэкономикалық саясатты өте байыпты жүргізуге көп байланысты. Президент соңғы бес жылда бюджетке 30 трлн. теңге кем түскенін, осыған орай мәселені түпкілікті шешуді тапсырды. Жаңадан қабылданатын Бюджет кодексінде бұл жайттар жан-жақты ескеріледі деген ойдамыз.

Елімізде бекітілген жұмыспен қамту карталары шеңберінде жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Бұл мақсат үшін қазынадан 130 млрд. теңге бөлінген. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар. Солай бола тұра, жеке тұлғалардың банктер мен қаржы ұйымдарынан рәсімдеген кредит мөлшерінің азаймай отыруы неліктен? Кез келген мемлекетте экономиканы несие арқылы қолдаудың екі жолы бар, оның бірі – халыққа берілетін кредит. Бұл қаражат тауарлар мен қызметтерге деген тұтынушылар сұранысын қанағаттандыруға бағытталады. Алайда жекелеген азаматтар тарапынан несиені уақтылы өтей алмау сияқты түйткіл қалыптасып, төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің тұйыққа тірелгені рас. Жағдайдың өте күрделі екеніне назар аударған Президент 2022 жылғы 5 қаңтарда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа заң жобасын әзірлеуге тапсырма бергені белгілі. Осыған орай “Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы” Заң қабылданып, 2022 жылы 30 желтоқсанда қол қойылды. Аталмыш заң биыл 3 наурыздан бастап толық күшіне енді.

Заң Қазақстан Республикасының азаматы төлемге қабілетсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеп, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін, сондай-ақ соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға арналған негіздерді, оларды жүргізу тәртібі мен шарттарын белгілейді. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендер кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыра алмауына байланысты туындайтын қатынастарға қолданылады. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану, сонымен бірге бітімгершілік келісім жасау туралы арызды осы заңда белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, азаматтық іс жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қарайды. Деректер бойынша республикада бір млн.-нан астам адам несиелерін төлеу мерзімін бұзып, төлем қабілетінің жоқ екенін айғақтап отыр. Енді олар қаржылық жағдайының нашарлауына байланысты өздерінің төлем қабілетін қалпына келтіруге, қаржылық төлемдерін біржола реттеп алуға құқылы. Облыс бойынша жеке тұлғалар банкроттыққа 492 өтініш беріп, 22-і қабылданды. Жүгінгендердің арасында атаулы көмек алушылар да, қарызын көп жылдан бері өтемегендер де бар. 156 өтініш қанағаттандырылмады. Оның нақты себептері бар.

Заңда несиесін төлей алмай жүрген азаматтардың төлем қабілеттігін қалпына келтірудің немесе банкрот етіп жариялаудың үш нақты жолы қарастырылған: олар – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Барлық үш рәсімді борышкерлер ғана жазбаша өтініш беру арқылы жүзеге асыра алады. Бұған несие берушілердің араласуға құқы жоқ. Соттан тыс банкроттық банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша және келесі шарттар негізінде қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда, берешек 5,5 млн. теңгеден аспаса (1600 АЕК) және өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмесе, мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болған жағдайда, банк берешектерді реттестіру бойынша жұмыс жүргізген жағдайда. Ал сот банкроттығы 5,5 млн. теңгеден асатын қарыздар негізінде азаматтардың мүлкі есебінен жүргізіледі. Өтініштер тұрғылықты мекенжай бойынша сот органымен барлық берешек түрлері бойынша қарастырылады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тұрақты табысы болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылады. Банкроттықтан кейін 5 жылға дейін несиелер мен кредиттер алуды шектеу, 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну, 3 жыл қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу талаптары бар. Заңның ерекшеліктері аз емес. Мәселен, өзге мемлекеттерде елден тыс жерлерге шығуға, қандай да бір қызметпен айналысуға, сайланбалы лауазымдарға орналасуға қатаң санкциялық тыйым салынса, Қазақстанда мұндай шектеулер жоқ. Егер жеке тұлға банкроттықтан соң заңды түрде жұмысқа орналасса және жоғары жалақы алатын болса, несиесін төлеуге міндеттелмейді. Банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін салық есептілігі және өзге де ақпараттар негізінде кредитордан өзінің мүлкін жасырғандар не қарызын өтеуден жалтарғандар анықталса, банкроттық процедураның күші жойылып, ол адам борышкерге айналады, талап ету шаралары қолданылады. Сондықтан несие қарызын кешіру бірреттік акция емес екенін түсінген абзал.

Егер 12 ай ішінде берешек ішінара өтелсе, қарыз сомасы 1600 АЕК-тен асса, 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушы екені расталмаса, жұбайынан рәсімді қолдануға келісім алмаса, меншік құқығында жылжымайтын мүлкі, жер учаскесі, автокөлігі болса, бұл банкроттықтан бас тартудың негізгі себебі болып табылады. Банкроттық рәсімді қолданудан бас тарту туралы хабарлама алған жағдайда сотқа жүгінуге болмаса арызды қайтадан 3 айдан кейін беруге болады.

Қазақстан банкроттық тәртібін реттеуге, заң тетіктері арқылы негіздеуге басымдық беріп отыр. Түпкі мақсат – азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру институтын құру. Бұл жерде банкрот деп жариялауға жататындардың көбі кепілсіз тұтынушылық несие және атаулы әлеуметтік көмек алып отырғандар екені ескерілген.

Төлеген ҚАБДӨШЕВ,

облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp