Петропавлда қызмет көрсету саласы колледжінің студенттеріне арналған жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Іргесі өткен жылдың мамыр айында қаланған ғимарат биыл қолданысқа тапсырылмақшы.
Жатақхана тоғыз қабаттан тұрады, 244 орынға шақталған. Бүгінде нысандағы құрылыс жұмыстары 60 пайызға орындалды. Қазіргі уақытта ғимараттың шатыры мен өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатына арналған арнайы сатылар орнатылуда. Мердігер “Пилон” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Оксана Грибанова ішкі әрлеу жұмыстарының да қолға алынғанын жеткізді.
– Ғимарат қаламыздағы орталық көшелердің бірінде орналасқандықтан қасбетін заманауи фибропанельдермен қаптау жоспарланып отыр. Бұл материалды өңір құрылысшылары әзірге пайдаланып көрген жоқ. Өңірдің қақаған аязы мен суық желіне шыдас бере алады деп ойлаймын. Құрылысқа қажетті шикізат ретінде отандық және ресейлік өнімдерді қолдандық. Жатақхананы осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға бермекпіз, – дейді Оксана Грибанова.
Қазіргі таңда құрылыс алаңына мердігер компанияның 50 маманы жұмылдырылған. Олардың қатарында білікті жұмысшылармен қатар Петропавлдағы құрылыс-экономикалық колледжінің студенттері де бар. Уақытпен санаспай еңбек етіп жүргендердің бірі – Максим Малявин.
– Мен төртінші курстың студентімін. Оқытушыларым мені бұл нысанға тәжірибеден өту үшін жіберді. Колледжде игерген теориялық білімімді құрылыс алаңында пайдаланудамын. Білікті мамандардан үйренерім мол, – дейді жас құрылысшы.
Майгүл ҚАЖЖАН,
облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы.