Өңірімізде экологиялық ахуал тұрақты болғанымен, кейбір мәселелерді бақылауда ұстау аса маңызды. Облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов жұмыс сапарымен Тайынша ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында тұрғындардың наразылығын тудырған бірқатар мәселелер талқыланды.
Бүгінгі күні өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 453 орын бар, оның 59-ы Тайынша ауданының аумағында орналасқан. Бұл полигондардың барлығында рұқсат құжаттары бар.
“Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” акционерлік қоғамының мәліметінше, өткен жылы Тайынша ауданы бойынша қалдықтарды орналастыру орындарына ғарыштық мониторинг жүргізгенде 49 заңсыз полигон анықталды. Олар толығымен жойылды.
– Жағымсыз иістердің негізгі көзі – “EMS-Агро” ЖШС-ның шошқа кешені және “BioOperations” ЖШС-ның ағынды сулардың буландырғыш тоғаны. “Bio Operations” ЖШС-ның бұрынғы иелерінен қалған буландырғыш тоған секцияларында көпжылдық шөгінділер бар. Осы кешенді сатып алғаннан кейін кәсіпорын жағымсыз иіс мәселесін шешу үшін өндірістік ағынды суларды тазарту және буландырғыш тоғанды жақсарту үшін тазарту қондырғыларын орнатты, – деді Азамат Бектасов.
Департамент мамандары санитарлық-қорғаныс аймағы шекараларында атмосфералық ауаның құрамын бірнеше рет тексерді. Алайда шектеулі-рұқсатты концентрация мөлшері нормаға сәйкес келеді. Сондай-ақ аудан тұрғындарымен және “EMS-Агро” ЖШС-ның өкілдерімен кездесу барысында кәсіпорынның қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерін азайту мақсатында ағаш отырғызу қажеттігі айтылды. Бұған дейін кәсіпорын 350 көшет отырғызған. Сол дәстүр бойынша биыл да көшеттерді отырғызу және күту жұмыстары жалғасады.
Бүгінгі күні кәсіпорын қаражаты есебінен тоғанның бірнеше бөлігін кептіру және тазалау жүргізілді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асырылмақ. Ол қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілген. Департамент осы жұмыстардың уақытылы орындалуына бақылау жүргізбек. Кездесу аясында департамент басшысы Экологиялық кодекстің нормаларын түсіндіріп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.