Облыстық полиция департаментінде биылғы үш айда атқарылған жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері қаралды. Оған облыстық полиция департаментінің басшылығы, басқармалардың бастықтары, батальондардың командирлері қатысты. Жедел кеңес отырысына аудандық полиция бөлімдерінің басшылары мен жеке құрамы бейнебайланыс арқылы қосылды.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин бөліністерінің жедел-қызметтік жұмысының бірінші тоқсандағы нәтижелері және алдағы кезеңге арналған басымдықтар туралы баяндады. Ол облыс бойынша жағдай тұрақты екенін атап өтті. Тіркелген құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға азайған. Ауыр қылмыстарды тіркеу 14, аса ауыр қылмыстарды тіркеу 23 пайызға төмендегені байқалады. Алайда Тайынша, Уәлиханов, Тимирязев аудандарында қылмыс көп тіркелген.
Жедел кеңесте полиция бөліністеріндегі тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйі қаралды. Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Арман Атанов бұл жұмыс тұрақты бақылауда екенін айтты. Басқарманың жедел уәкілдері мен жеке құрам бойынша инспекция қызметкерлері тәртіп бұзу фактілерінің алдын алу бойынша жоспардан тыс рейдтер жүргізеді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу да ерекше назарға алынған.
Жедел кеңестің күн тәртібінде көші-қон қызметіне қатысты мәселе қаралды. Бұл туралы көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов баяндады. Жыл басынан облыста көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2706 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған, олардың 204-і – шетелдік. Облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов көші-қон заңнамасын бұзу фактілерінің алдын алуға ерекше назар аударуды тапсырды.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.