«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПТЫ НАУҚАН ҚАРСАҢЫНДА

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Петропавлда Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің, аудан әкімдерінің, диқандардың, минералды тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруші компаниялар, қаржы ұйымдары, ғылыми орталықтар мамандарының, агроном-ғалымдардың қатысуымен көктемгі егіске әзірлікке арналған семинар-кеңес өтті. Алқалы басқосу облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеруге қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Осыны тілге тиек еткен өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалана отырып, ішкі сұранысты отандық өніммен қамтамасыз ету, оны сақтау мен өткізудің заманауи инфрақұрылымын жасау қажет екенін атап өтті.

– Жаhандану, ғылыми-техникалық бәсекелестік, сын-тегеуріндер жағдайында қазіргі заманғы озық технологияларды қолданбай ауыл шаруашылығын ілгерілету мүмкін емес, – деген облыс әкімі Айдарбек Сапаров еліміз бойынша астықтың төрттен бірін өсіретін өңір бойынша атқарылатын кешенді іс-шараларға тоқталды.

Көптеген шаруашылықтар әлі де ескі, таптаурын әдіспен жұмыс істейді. Техникалар жаңартылмағандықтан, минералдық тыңайтқыштармен қоректендірілмегендіктен, сараланған технологиялар енгізілмегендіктен астық түсімі төмен. Ал гектар берекелігін 25-30 центнерге жеткізіп жүрген “Зенченко және К”, “Мәмбетов және К”, “Петерфельд-Агро”, “СК Вагулинское”, тағы басқа серіктестіктерде жағдай мүлдем өзгеше. Бұлар мал шаруашылығымен де айналысады.

Үкімет көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқаруға барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Дизель отыны арзандатылған бағамен жеткілікті мөлшерде бөлінді. Тұқым қорының 97 пайызы егу стандарттарына толық сәйкес келеді. Элиталық тұқым сатып алуға – 70, минералды тыңайтқыштар, пестицидтерге – 50, отандық техникаға – 30, шетелдік техникаға 25 пайыз субсидия төленеді.

Өңір басшысы аудан әкімдеріне, агроқұрылым басшыларына ғылыми ұсыныстарды басшылыққа ала отырып, топырақтағы ылғал қорын толықтыру, ауыспалы егіс жүйесін сақтау, сапалы тұқым себу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, минералдық тыңайтқыштар енгізу, жемшөп дақылдары, картоп, көкөніс, қарақұмық алқаптарын ұлғайту, сервистік қызметтің жұмысын жандандыру мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндамасында егіншілік үшін тәуекелі мол өңірдің бірқатар аудандарында ылғалдың қалыпты деңгейден төмендігі ескеріліп, қар тоқтату, ылғал жабу тәжірибесіне айрықша мән берілгенін жеткізді. Бұл әдіс жылда өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Әсіресе құрғақшылық кезеңдерде пайдасы мол. Биыл жалпы егіс алқаптарының аумағы 4,5 млн. гектарды құрамақ. Басымдық әдеттегідей дәнді дақылдарға берілмек, оның көлемі – 3,2 млн. гектар. Майлы дақылдар – 960 мың, жемшөп – 353 мың, картоп пен көкөніс тиісінше 34,1 мың және 6,2 мың гектарға егілмек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен толтыру үшін қарақұмық алқабы – 3, картоп – 1,5, сәбіз 2 есе көбейтілмек.

Өңірде мал шаруашылығының қарқынды дамуына байланысты жемшөп өндірісіне сұраныстың күрт артқаны байқалады. Көпжылдық шөп жылда шамамен 204 мың, бір жылдық шөп –100 мың, сүрлемдік жүгері 26,5 мың гектар жерге егіліп жүр. Өкінішке қарай, өндірілетін жемшөптің құрамы мен сапасы тиісті талаптардан төмен. Әсіресе ақуыз, минералдық заттар жетіспейді. Бұршақ тұқымдас дақылдар (соя, жоңышқа, эспарцет, тәтті беде) жоққа тән. Сондықтан шырынды жемшөп қорын арттыру мақсатымен фермерлер суармалы жерлерді ұлғайтуға кірісті. Олардың қатарында “Зенченко және К”, “Тайынша-Астық”, “Дашка Николаевка” сияқты шаруашылықтар бар. Жемшөп өндірісіне интенсивті жүйені қолданудың басқа жолдары қарастырылған.

Марат Иманбайұлының айтуынша, ауыл шаруашылығы құрылымдары қажетті 488,5 мың тонна тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілген, оның 8,8 мың тоннасы – элиталы, 87,5 мың тоннасы – бірінші, 177,8 мың тоннасы – екінші, 213,1 мың тоннасы – үшінші сұрыпты. Тұқым қорының 9,5 пайызы жаңартылған. Қазақстанның өзге өңірлерінен, Ресей Федерациясынан, Еуропа елдерінен 26,3 мың тонна тұқым әкелінген. Бүгінгі күні облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өсіру және сатумен 35 аттестатталған тұқым шаруашылығы шұғылданады.

Үстіміздегі жылы 3 млн. гектар алқапқа 200 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш сіңіру жоспарланған. 181,2 мың тонна тыңайтқышқа келісім жасалып, 66,5 мың тонна аммофос, 33 мың тонна аммиак селитрасы, 20 мың тонна карбамид, 5 мың тонна аммоний сульфаты, 19 мың тонна сульфоаммофос сатып алынды. Негізгі жеткізушілер – “Байдала”, “Қазфосфат”, “ҚазАзот”, “Казкемикал”, “Дархан Дала” компаниялары. Ресейге қарағанда Қазақстан өнімдерінің бағасы қолжетімді. Фитосанитариялық диагностика және болжам деректері бойынша арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу мөлшері 3,3 млн. гектарды қамтымақ.

Көктемгі жауапты науқанды ұйымшылдықпен өткізуге 13 мыңнан астам модификациялы трактор, 14 мыңға жуық астық сепкіш, 1,4 мың егіс кешенін тарту белгіленген. Бүгінде машина-трактор паркінің 99 пайызы әзір. Ауыл шаруашылығы саласын техникалық қайта жарақтандыру белсенді жүргізіліп келеді. Олардың ішінде жаңа астық сеялкалары үлкен сұранысқа ие, 1,2 млрд. теңгеге оның 476 данасы, 19,8 млрд. теңгеге 455 трактор сатып алынған. “CLAAS” зауыты былтыр 70 трактор, 136 комбайн, 36 егіс кешенін құрастырса, биыл 491 техниканы тұтынушыларға жөнелтуді межелеп отыр. Былтыр 81,1 млрд. теңгенің 2408 техникасы жеткізілді. Биыл 70 млрд. теңгенің 2450 техникасы әкелінеді.

Дала жұмыстарын жанар-жағармай материалдарымен іркіліссіз қамтамасыз етудің маңызы зор. Жеңілдікті бағамен бөлінген 73,6 мың тонна дизель отынының әр литрі 224 теңгеден босатылады. Операторлар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жасасқан келісімшартқа орай жанармайдың жартысына жуығын жеткізді. Ал субсидия түріндегі мемлекетік қолдау мөлшері 63,3 млрд. теңгеге жуық, оның 19,6 млрд. теңгесі өсімдік шаруашылығына бағытталмақ. Инвестициялық субсидиялар бойынша өтінімдер қабылдау басталып, 8,9 млрд. теңгесі төленді.

Осы күнге дейін басты мәселенің бірі болған астық алқаптарын міндетті цифрландыру талаптары жойылмақ. Сол сияқты минералдық тыңайтқыштарды субсидиялау үшін агрохимиялық карталардың міндетті түрде болу қағидаты да алынып тасталады. “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның филиалдары арқылы 5,9 млрд. теңгенің 112 өтінімі қаржыландырылды. Бір атап өтетіні, қаржы институттарының қаражаты есебінен техниканы лизингке кредиттеу кезінде аванстық төлемді төлеу инвестициялық субсидиялар есебінен жүзеге асырылады. Сөйтіп, техниканы лизингке сатып алудың қолжетімділігі артады. “Азық-түлік” корпорациясы” АҚ форвардтық сатып алу бағдарламасы шеңберінде 8 млрд. теңгеге 44 өтінімді рәсімдеді.

Семинар-кеңесте “С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің” басқарма төрағасы Исмаил Тоқбергенов, Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі Әділхан Бабкенов, Бүкілресейлік майлы дақылдарды ғылыми-зерттеу институты Сібір тәжірибе шаруашылығының директоры Иван Лошкомойников, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы басқармасының төрағасы Виталий Заика, Омбы аграрлық ғылыми орталығы селекциялық тұқым орталығының жетекшісі Петр Николаев, тағы басқалары ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологияларын жетілдіру, салқын климатқа бейімделген төзімді, тез пісетін сұрыптарды аудандастыру, топырақ құнарлылығын арттыру, ғылым мен тәжірибенің байланысын нығайту, ақпараттық жүйені жетілдіру мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Айдарбек Сапаров көктемгі дала жұмыстарын өз мерзімінде өткізуге барлық алғышарттар барын, тек жауапты науқанды ұйымшылдықпен аяқтауға жұмыла кірісу ғана қалғанын атап көрсетті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp