Күн жылына Петропавл қаласына жағымсыз иіс тарайды. Қала сыртындағы биотоғаннан тарап жатқан иістен сол маңдағы тұрғындар зардап шегеді. Желдің бағыты өзгерген кезде қаланың бірнеше аудандарына жайылады.
Жақында экологтар биотоғанда болып, арнайы өлшеу аппаратын іске қосты. Облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Дамир Жұмабаев арнайы құралғыда микрограмма 8-ді көрсетіп тұрғанын айтты. Бұл – норма. Күкіртті сутегі көрсеткіші 80-ді көрсеткенде ғана дабыл қағуға болады.
Қаладан шыққан қалдық су төгілетін тоған сонау 50-ші жылдардан бері тазаланбаған. Жергілікті билік аталған проблеманы шешуді қолға алғанымен, әзірге нәтижесі мардымсыз. Қолданыстағы әдістің бірі – биотоғанға хлорелла жіберу. 2021 жылдың тамыз айында “Су ғылыми-технологиялық орталығы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі хлорелла жасыл микробалдырларын пайдалана отырып, ағынды су қоймасын биологиялық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе бастады.
– Осыдан бір-екі жыл бұрын ауадағы күкіртті сутегінің көрсеткіші 49-ға дейін жетті. Адамдар бір жарым ай жағымсыз иіспен тыныстап келді. Биыл олай болмауы тиіс. Қазір тараған жағымсыз иіс мұздың еріп, желдің көтерілуінен туындаған жағдай. Күн жылынып, хлорелла көбейген шақта иіс біртіндеп азаяды, – дейді “Су ғылыми-технологиялық орталығы” ЖШС-ның директоры Александр Рейбандт.
“Қазгидромет” мекемесі облыстық филиалының мәліметі бойынша, 2023 жылдың 1 тоқсанында Петропавлда атмосфералық ауаның шекті рұқсат етілген концентрациясы 1256 рет нормадан асқан. Оның ішінде 1231 рет күкіртті сутегі мөлшерінің көбейгені анықталған.
Тәулік бойы күкіртті сутегін анықтауға арналған газ анализаторлары жұмыс істейді және әр 20 минут сайын көрсеткіштерді серверге жіберетін екі автоматты пост орнатылған. Ал мобильді қосымшада ақпарат сағат сайын жаңартылып отырады.
Байболат ҚҰЛТАНОВ,
журналист.