“Ұстаздың биігі, ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай”, – деген екен грек оқымыстысы Сократ. Өмірімнің әр кезеңінде жолыққан жақсы адамдардың арасында ауыл мектебінің қарапайым мұғалімінен бастап, үлкен ғылым ордасын басқарған академиктер де болды. Әрқайсысының өз орны бар. Мен үшін ең қымбаты – жарық әлемнің қыр-сырын танып болмаған кезде қолымнан жетелеп, білім баспалдақтарымен биікке бастаған Бұлақ орта мектебінің ұстаздары. Олардың ішінде осы білім ошағына 27 жыл жетекшілік етіп, жеті жылдықтан орта мектеп деңгейіне жеткізген Әбжан Қожабекұлының орны ерекше.
Болмыс-бітімі бекзаттықтан жаралған жан Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әке-шешеден ерте айырылып, әпке-жезделерінің қамқорлығында болады. Зұлмат соғыс ел басына ауыр қасірет орнатқанда Әбекең де өзінің қатарластары секілді еңбекке араласып, шынығып, ширығып өседі. Тойынып тамақ ішпей, жөні түзу киім кимей, жетімдіктің тауқыметін тартса да, қайсар да жігерлі жас орта мектепті ойдағыдай аяқтайды. Кейін асқақ арман жетегіне еріп, ақбас Алатаудың етегінде орналасқан әсем Алматыны бетке алады. Барлық емтиханды сәтті тапсырып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының студенті атанады. Жастайынан алдына биік мақсат қойған ол Қазақстандағы үлкен оқу ордасында білім алып, физика-математика пәнінің мұғалімі болып туған жерге оралады. Жас маман алғашқы еңбек жолын Есіл ауданындағы Еңбек орта мектебінде бастап, бірнеше жыл жұмыс істейді. Білімділігі, еңбекке құштарлығы, ізденімпаздығының арқасында ұжымның құрметіне бөленіп, көзге түседі. Олай деуімізге себеп – жас ұстаздың республика мұғалімдерінің съезіне делегат болып сайлануы, іле-шала Бұлақ жеті жылдық мектебіне директор болып тағайындалуы. Өмірінің ең бір қызықты да мәнді жылдары осында өтеді. Кейін ауылдың сыйлы тұрғынына айналған оған қарап ауыл ақсақалдары “Ауылға келгенде шашың желкілдеген жап-жас жігіт едің, сен де сақайдың-ау”, – деп отырады екен. Бұлақ орта мектебінің тарихын Әбжан Қожабекұлының болмысынан бөле-жарып қарауға болмайды. Оған бір мысал, жерлес жазушы Сәбит Мұқановқа мектеп үйін салуға ықпал ету жөнінде қолқа салуы. 1971 жылы Сәбең Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат болып тіркеліп, сайлаушылармен кездесу үшін “Бұлақ” кеңшарына келеді. Сәбеңнің сенімді өкілі болған Әбжан Қожабекұлы жұртшылықтың өтініш-тілегін жеткізеді.
Әбекеңнің озық іс-тәжірибелері облыс деңгейінде таратылып, әріптестеріне үлгі етілді. Педагогикалық оқуларда әркез ой-пікірлерімен бөлісіп отыратын. “Физиканы үйрену кезіндегі есептер шығарудың маңызы мен тәсілдері”, “Тиімді оқыту дегеніміз не?” секілді тақырыптарда жасаған баяндамалары ғылыми сипаттылығымен ерекшеленетін. Тынымсыз ізденістері ескерусіз қалған жоқ. Оның ішіндегі ең қомақтысы – КСРО Оқу министрлігінің мақтау грамотасы, “Халық ағарту ісінің үздігі” атағы. Өзі басшылық еткен мектепте білікті ұстаздар ұжымын қалыптастырды, білімді жастарды қатарға тарта білді. Математика пәнінің білгірі Балғабай Айсин, химия пәнінің оқытушысы Шайзада Қожанова, тарих пәнінің мұғалімі Бердібек Тоқпанов, тағы басқалары өздеріне білім берген мектепті гүлдендіруге ат салысты. Олар Күләнда Сағиева, Ибрагим Маликов, Сәркен Құлмағанбетов сияқты ұстаздарына барынша ұқсауға тырысып бақты.
Әбекеңнің менің азамат болып қалыптасуыма тигізген әсері айрықша. Алматы, Мәскеу қалаларында оқып жүргенде талай белгілі ғалымдардан тәлім алсам да, тәрбиемнің негізгі іргетасы Әбжан ағайымыздың қолымен қаланғанын әркез мақтан етемін. Бізді баласынбай тең дәрежеде сөйлесетін.
1975 жылдың жазы қуаңшылық болып, мал азығын дайындау қиынға соқты. Күзде оныншы сынып есігін ашқан бізді малға азық әзірлеу үшін сабақтан босатып, орманға апаратын. Бірде сынып болып жұмысқа барудан бас тарттық. Уәжіміз – келесі жылы оқуға түсуіміз керек, әзірлігіміз нашарлап кетеді-мыс. Әбжан Қожабекұлы ешкімге ұрысқан жоқ. Мені кабинетіне жеке шақырып, патриоттық тақырыпта ашық әңгімелесті. Адамның жеке бас мүддесінен басқа қоғамдық, мемлекеттік мәселелер болатынын, жемшөп дайындап үлгермесе, қатал қыста мал аштан қырылуы мүмкін екендігін, ал оқуды кез келген уақытта игеруге болатынын байыппен түсіндірді.
Бір кездері ана тіліміздің мәртебесі төмендеп, қазақ мектептері көптеп жабылып жатқанда Бұлақ орта мектебінің дәрежесін орыстілді білім ошақтарымен тең ұстап, асқақтата көтергені – нағыз ерлікке парапар іс. Білім деңгейі өңірдегі мақтаулы оқу ордаларынан кем еместұғын. Мектеп түлектері жоғары оқу орындарына көптеп түсіп жататын. Алматы, Целиноград, Мәскеу, Ленинград секілді қалаларда білім алған түлектер аз емес. Мысалы, Амандық Сейфуллин Халық шаруашылығы институтында лениндік стипендиант болды. Өмірден қыршын кеткен Өтеген Қожанов кілең беске оқыды. Әбекеңнен тәрбие алған Шаһарап Құсайынов республика деңгейінде қызмет атқарады. Сағындық Ташенов – кәсіпкер. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандитаты Шәкен Құлмағамбетов дипломатиялық қызметте болды. Зарап Құсайынов пен Өмір Есқали – белгілі журналистер. Мереке Ақбұзауов республикалық гидрометеорология орталығын басқарады. Кемел Оспанов көп жылдар бойы тіл, ішкі саясат басқармаларына жетекшілік етті. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. 1989 жылы Киев қаласында кандидаттық диссертациямды қорғап, ауылға келгенде анам ұстаздарымды үйге қонаққа шақырған еді. Сонда Әбекеңнің ерекше қуанғаны есімде.
1999 жылдың 24 желтоқсанында сағат 14:00-де, яғни бір мезгілде Алматы қаласында екі докторлық диссертация қорғалды. Ғылым әлемінде мұндай сәйкестіктер жиі бола береді. Бірақ бұл жолғының ерекшелігі, диссертация қорғаушылардың екеуі де – Бұлақ орта мектебінің түлектері, Әбжан Қожабекұлының шәкірттері белгілі академик Амандық Төлешов пен осы жолдардың авторы болатын. Тағы бір шәкірті Сәдібек Тоқпанов – ғылым кандитаты, Нұрсұлу Қапалова – ғылым докторы, Сәуле Мәлікова – ғылым кандидаты.
Қазір өзіміз де ұстаздық қызметтеміз. Қыр-сыры көп, қызығы мен шыжығы мол салада жүріп, ауық-ауық мектептегі күндерімді еске алып қоямын. Мына жағдайда ұстазым не істер еді деп өзімді сынап та жатамын. Біздің парыз – ұстаз аруағына тағзым етіп, бойымызға дарытқан, санамызға сіңірген рухани байлықты келесі ұрпаққа жеткізу, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, адами тұлғамызды асқақтата түсу.
Әйіп ЫСҚАҚОВ,
биология ғылымдарының докторы.