«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бекзат болмыс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ұстаздың биігі, ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай”, – деген екен грек оқымыстысы Сократ. Өмірімнің әр кезеңінде жолыққан жақсы адамдардың арасында ауыл мектебінің қарапайым мұғалімінен бастап, үлкен ғылым ордасын басқарған академиктер де болды. Әрқайсысының өз орны бар. Мен үшін ең қымбаты – жарық әлемнің қыр-сырын танып болмаған кезде қолымнан жетелеп, білім баспалдақтарымен биікке бастаған Бұлақ орта мектебінің ұстаздары. Олардың ішінде осы білім ошағына 27 жыл жетекшілік етіп, жеті жылдықтан орта мектеп деңгейіне жеткізген Әбжан Қожабекұлының орны ерекше.

Болмыс-бітімі бекзаттықтан жа­ралған жан Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылында қарапайым отба­сын­да дүниеге келген. Әке-шешеден ерте айырылып, әпке-жезделерінің қам­қорлығында болады. Зұл­мат соғыс ел басына ауыр қасірет орнатқанда Әбекең де өзінің қа­тарластары се­кілді еңбекке арала­сып, шынығып, ширығып өседі. Тойынып тамақ іш­пей, жөні түзу киім кимей, жетімдіктің тауқыметін тарт­са да, қайсар да жігерлі жас орта мектепті ойдағыдай аяқтайды. Кейін асқақ арман же­тегіне еріп, ақбас Алатаудың ете­гінде орналасқан әсем Алма­тыны бетке алады. Бар­лық емтиханды сәтті тапсырып, Абай атындағы Қа­зақ педагогикалық инс­титутының сту­денті атанады. Жас­тайынан алдына биік мақсат қойған ол Қазақстан­дағы үлкен оқу ордасында білім алып, физика-математика пәнінің мұғалімі болып туған жерге ора­лады. Жас маман алғашқы еңбек жолын Есіл ауда­нындағы Еңбек орта мектебінде бастап, бірнеше жыл жұмыс істейді. Білімділігі, еңбекке құштарлығы, ізденімпаздығының ар­қасында ұжым­­ның құрметіне бө­леніп, көзге түседі. Олай деуімізге себеп – жас ұстаздың республика мұ­ғалімдері­нің съезіне делегат болып сайла­нуы, іле-шала Бұлақ жеті жыл­дық мектебіне директор болып та­ғайындалуы. Өмірінің ең бір қызық­ты да мәнді жылдары осында өтеді. Кейін ауылдың сыйлы тұрғынына айналған оған қарап ауыл ақсақал­дары “Ауылға келгенде шашың жел­кілдеген жап-жас жігіт едің, сен де сақайдың-ау”, – деп отырады екен. Бұлақ орта мектебінің тарихын Әб­жан Қожабекұлының болмысы­нан бөле-жарып қарауға болмайды. Оған бір мысал, жерлес жазушы Сәбит Мұқановқа мектеп үйін салуға ықпал ету жөнінде қолқа салуы. 1971 жылы Сәбең Қазақ КСР Жо­ғар­ғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат болып тіркеліп, сайлаушылармен кездесу үшін “Бұлақ” кеңшарына келеді. Сәбеңнің сенімді өкілі болған Әбжан Қожабекұлы жұртшылықтың өтініш-тілегін жеткізеді.

Әбекеңнің озық іс-тәжірибелері облыс деңгейінде таратылып, әріп­тестеріне үлгі етілді. Педагогика­лық оқуларда әркез ой-пікірлерімен бөлісіп отыратын. “Физиканы үйрену кезіндегі есептер шығарудың маңы­зы мен тәсілдері”, “Тиімді оқыту дегеніміз не?” секілді тақырыптарда жасаған баяндамалары ғылыми сипаттылығымен ерекшеленетін. Тынымсыз ізденістері ескерусіз қалған жоқ. Оның ішіндегі ең қо­мақтысы – КСРО Оқу министрлігі­нің мақтау грамотасы, “Халық ағарту ісінің үздігі” атағы. Өзі басшылық ет­кен мектепте білікті ұстаздар ұжымын қалыптастырды, білімді жас­тар­ды қатарға тарта білді. Матема­тика пәнінің білгірі Балғабай Айсин, химия пәнінің оқытушысы Шайзада Қожанова, тарих пәнінің мұғалімі Бер­дібек Тоқпанов, тағы басқалары өздеріне білім берген мектепті гүл­дендіруге ат салысты. Олар Кү­лән­да Сағиева, Ибрагим Маликов, Сәр­кен Құлмағанбетов сияқты ұстазда­рына барынша ұқсауға ты­рысып бақты.

Әбекеңнің менің азамат болып қалыптасуыма тигізген әсері айрық­ша. Алматы, Мәскеу қалаларында оқып жүргенде талай белгілі ғалым­дардан тәлім алсам да, тәрбиемнің негізгі іргетасы Әбжан ағайымыздың қолымен қаланғанын әркез мақтан етемін. Бізді баласынбай тең дә­режеде сөйлесетін.

1975 жылдың жазы қуаңшылық болып, мал азы­ғын дайындау қиынға соқты. Күзде оныншы сынып есігін ашқан бізді малға азық әзірлеу үшін сабақтан босатып, орманға апаратын. Бірде сынып болып жұмысқа барудан бас тарттық. Уә­жіміз – келесі жылы оқуға түсуіміз керек, әзірлігіміз нашарлап кетеді-мыс. Әбжан Қожабекұлы ешкімге ұрысқан жоқ. Мені кабинетіне жеке шақырып, патриоттық тақырыпта ашық әңгімелесті. Адам­ның жеке бас мүддесінен басқа қоғамдық, мемлекеттік мәселелер болатынын, жемшөп дайындап үлгермесе, қатал қыста мал аштан қырылуы мүмкін екендігін, ал оқуды кез келген уақытта игеруге бола­тынын байыппен түсіндірді.

Бір кездері ана тіліміздің мәртебесі төмендеп, қазақ мектептері көптеп жабылып жатқанда Бұлақ орта мектебінің дәрежесін орыстілді білім ошақтарымен тең ұстап, асқақ­тата көтергені – нағыз ерлікке пара­пар іс. Білім деңгейі өңірдегі мақтаулы оқу ордаларынан кем еместұғын. Мектеп түлектері жоға­ры оқу орындарына көптеп түсіп жата­тын. Алматы, Целиноград, Мәс­кеу, Ленинград секілді қалаларда білім алған түлектер аз емес. Мы­салы, Амандық Сейфуллин Халық шаруашылығы институтында ле­нин­дік сти­пендиант болды. Өмірден қыр­шын кеткен Өтеген Қожанов кілең бес­ке оқыды. Әбекеңнен тәрбие ал­ған Шаһарап Құсайынов республика деңгейінде қызмет атқарады. Са­ғын­дық Ташенов – кәсіп­кер. Ауыл шаруашылығы ғылым­дарының кан­дитаты Шәкен Құлма­ғам­бетов дип­ломатиялық қызметте болды. Зарап Құсайынов пен Өмір Есқали – белгілі журналистер. Мереке Ақбұзауов республикалық гидрометеорология орталығын бас­қарады. Кемел Ос­панов көп жылдар бойы тіл, ішкі сая­сат басқарма­ла­ры­на жетекшілік етті. Бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. 1989 жылы Киев қаласында канди­даттық диссерта­циямды қорғап, ауылға келгенде анам ұстазда­рым­ды үйге қонаққа шақырған еді. Сонда Әбе­кеңнің ерекше қуанғаны есімде.

1999 жылдың 24 желтоқсанында сағат 14:00-де, яғни бір мезгілде Ал­маты қаласында екі докторлық дис­сертация қорғалды. Ғылым әле­мін­де мұндай сәйкес­тіктер жиі бола бе­реді. Бірақ бұл жолғының ерек­ше­лігі, диссертация қорғаушылар­дың екеуі де – Бұлақ орта мектебінің тү­лектері, Әбжан Қожабекұлының шә­кірттері белгілі академик Аман­дық Төлешов пен осы жолдардың авто­ры болатын. Тағы бір шәкірті Сә­ді­бек Тоқпанов – ғылым кандитаты, Нұр­сұлу Қапало­ва – ғылым докто­ры, Сәуле Мәлі­ко­ва – ғылым кан­дидаты.

Қазір өзіміз де ұстаздық қызмет­теміз. Қыр-сыры көп, қызығы мен шыжығы мол салада жүріп, ауық-ауық мектептегі күндерімді еске алып қоямын. Мына жағдайда ұста­зым не істер еді деп өзімді сынап та жатамын. Біздің парыз – ұстаз аруағына тағзым етіп, бойымызға дарытқан, санамызға сіңірген руха­ни байлықты келесі ұрпаққа жеткізу, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, адами тұлғамызды асқақ­тата түсу.

Әйіп ЫСҚАҚОВ,

биология ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp