«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫЛҒАЛ ЖАПҚАННЫҢ ЫРЫСЫ МОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көктемнің әр күнін тиімді пайдалану керек. Осыны жақсы білетін өңір диқандары жауапты науқанға кірісіп кетті. Қазір – ылғал жабу жүріп жатыр. Аққайың ауданы “Астраханское” серіктестігінің механизаторлары егіс басын еңбек дүбіріне бөлеген. Алғашқы күні жүздеген гектар алқапта ылғал жабу жүріп жатыр. Агроқұрылым басшылығы қауырт шақты оңтайлы пайдалану үшін жұмысты екі ауысыммен істеуді ұйымдастырған.

– Биыл 7343 гектар алқапқа астық өсіру жоспарланған. 5 мамырдан бастап дән сіңіруге кірісеміз, – дейді “Астраханское” ЖШС-ның директоры Жанархан Мапенов.

Петропавл қаласында құрастырылған “CLAАS” тракторлары жүйтки жөнелгенде ұзындығы 19 метрді құрайтын тырмалар тусырап жатқан жерді лезде қопсытып шығады, ол ылғалдың мол сақталуына септеседі.

“Көктемнің бір күні – жылға азық” екенін жақсы түсінетін диқандардың бірі – Тайынша ауданы “Астык-STEM” серіктестігінің директоры Сергей Звольский науқанға мұқият дайындалыпты. Агроқұрылым егістікті әртараптандыру жұмысына да басымдық берген.

– Биыл көкөніске тиесілі жердің көлемін ұлғайттық. Мысалы, картоптың өзіне 500 гектар бөліп отырмыз. Минералды және органикалық тыңайтқыш қолдану – аса маңызды. Біз бірнеше жылдан бері құстың қиын қолданамыз. Нәтижесі көңіл қуантарлық, – дейді серіктестік басшысы Сергей Звольский.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының жедел ақпараттарына сүйенсек, ылғал жабу Мамлют, Жамбыл, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев аудандарында қарқынды. Алдағы күндері ылғал жабылған танаптарға тұқым себіліп, минералды тыңайтқыш сіңіріледі. Биыл облыс бойынша 3 млн. гектар егістік жер 200 мың тоннадан астам минералды тыңайтқышпен қоректендірілмек.

Мол әрі сапалы өнім үшін күні-түні еңбек етіп жатқан диқандардың бір тілегі – жаңбыр. “Қазгидромет”-тің өкілдері қуантарлық ақпаратпен бөлісті. Синоптиктердің болжауына қарағанда, мамыр айы жауын-шашынды болмақ.

Әйгерім ӘБЕНОВА,

облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp