Жұртшылық арасында “жаман ауру” аталып кеткен обыр дерті жылдан-жылға жасарып барады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде онкологиялық аурулар бойынша 205 мыңнан астам пациент бақылауға алынған. Жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталады. Әйелдер арасында аурушаңдық ерлермен салыстырғанда жоғары – 57 пайызды құрайды. Ал сырқаттанғандардың 56 пайызы – еңбекке қабілетті адамдар. Жыл сайын елімізде обырдан 13 мыңнан астам сырқат қайтыс болады. Қазіргі уақытта өңірімізде 11 мыңға жуық адам диспансерлік есепке алынып, ем-дом қабылдап жатыр. Дерттің таралуы бойынша облысымыз республикада көш басында тұр. Дәстүрлі айдарымызды облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталық жұмысына арнадық. Емдеу мекемесінің директоры Олег Дудяк оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап беріп, онкологиялық орталықтың жұмысына тоқталды, обыр ауруының пайда болу себептері, емдеу, алдын алу шаралары жайында айтып берді.
Еркін ТАСТАНОВ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Онкологиялық орталықта қандай бөлімдер жұмыс істейді? Олардың жұмысы туралы айтып өтсеңіз.
– Онкологиялық орталықтың емханасы және 8 бөлімі бар. Оларды атап өтер болсам – хирургия, торакалды, сәулелі терапия, сәулелі диагностика, реанимация және анестезиология, химиотерапия, патологоанатомиялық бөлім мен ота блогы. Бұл бөлімдерде қазіргі уақытта 290 адам еңбек етуде.
Біз соңғы жылдары онкологиялық ауруларды хирургиялық жолмен емдеудің аз инвазивті, яғни ағзаны сақтайтын әдістерін енгіздік. Дәрілік емдеудің жаңа, заманауи режімдері, атап айтқанда қатерлі ісіктердің иммунотерапиясы қолданылады. Бұл қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді төмендетуге, онкологиялық науқастардың бақыланатын контингентін 3 жылда 1500-ге жуық адамға арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген Онкологиялық саланың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары онкологтар мен онкологиялық орталықтардың мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жоспар республиканың барлық онкологиялық орталықтары мен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен әр аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді. Мәселен, биыл материалдық базамыз желілік үдеткіш қондырғысымен толықпақ. Ол жерлестеріміздің өмір сүру сапасын жақсарта түсуге көмектеспек. Қатерлі ісіктер медицинасында “алтын стандартқа” айналған аппараттың көмегімен барынша нақты әрі қарқынды терапия жүргізіледі. Инновациялық құрал-жабдық радиотерапияның барлық түрлерін атқара алады. Сәулелі терапия барысында науқастың дене пішіні, қозғалысы, дем алысы ескеріледі. Нәтижесінде сәулелер ағзаның өзге органдарына зиян келтірмей, тек қатерлі ісіктің ошағына ғана түседі.
Есен ҚЫДЫРБЕКОВ,
Қызылжар ауданының
тұрғыны:
– Қазіргі уақытта облысымызда қатерлі ісіктің қай түрлері кең тараған, оның себебін түсіндіре аласыз ба?
– Біздің өңірімізде ең көп таралған онкологиялық аурулар – өкпе және тері қатерлі ісігі. Өкпенің қатерлі ісігінің басым болуына – алдымен біздің өңірге тән суық ауа райы себеп. Облыста өкпе-бронх аурулары, оның қабынуы жиі кездеседі. Дер кезінде емделмеудің салдары обырға ұласуы мүмкін. Ал екінші себеп – темекі шегумен байланысты. Тері қатерлі ісігі өлімге әкелетін ауру болмаса да, оның біздің аймақта таралуы алаңдаушылық тудырып отыр. Әдетте, бұл дерттен күн астында көп жүретін егде жастағы адамдар зардап шегеді. Сондықтан егер теріде өзгерістер байқалса, дәрігерге көрінген абзал. Маман терінің өзгеруін зерттеп, себебін анықтайды. Тері қатерлі ісіктерінің көпшілігінің алдын алуға болады. Күннен қорғайтын жақпамайларды пайдаланған дұрыс. Қорғаныс киімін киіп, ультрафиолет сәулесінен сақтану да артықтық етпейді.
Теріде жаңа өсінділер немесе меңдерде, секпілдерде өзгерістер бар-жоғын білу үшін дәрігерлік тексерістен өтіп тұруға кеңес беремін.
Қанағат СЕРІКҰЛЫ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Онкологиялық орталықта қандай емдік шаралар қолжетімді, науқастарға диагностиканың қай түрлері жасалады? Ем-дом алу, тексерілу тегін бе?
– Науқастарға көрсетілетін мамандандырылған онкологиялық көмектің көлемін кеңейтіп, сапасын арттыру, оларды оңалту үшін орталықта хирургиялық және дәрілік емдеудің барлық дерлік түрлері бар. Қолдағы жабдықтардың жеткіліксіздігіне байланысты сәулелік терапия бойынша бірқатар шектеу енгізілген. Жақын арада бұл мәселе желілік үдеткіш қондырғысын әкеліп орнатқаннан кейін жойылады деп үміттенеміз. Онкологиялық ауруларды тексеру және емдеу тегін. Жалпы бұл салаға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Диспансерлер химиялық препараттармен қамтылып, тиісті құралдармен жабдықталған. Тұрғындарға онкологиялық көмек көрсету үшін мамандар қайта оқытудан өтіп тұрады. Алайда, шыны керек, орталыққа келушілер аз. Тұрғындар алдын ала тексерілуді қажет деп таппайды. Сосын ауруы әбден меңдеп, асқынған кезде дәрігерлерден емдеуді талап етеді.
Асыл ЕСІМСЕЙІТОВА,
Ақжар ауданының тұрғыны,
мұғалім:
– Қатерлі ісік неден пайда болады? Обырдың алдын алу жолдары қандай?
– Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын нақты айту қиын. Обырдың пайда болғаны науқасқа бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішек, т.б. ағзаларға өткен кезде ғана байқалады. Қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі – созылмалы аурулар. Сондықтан созылмалы ауруларды уақтылы емдеткен дұрыс. Жалпы қатерлі ісікке әкелетін факторлар өте көп. Обырдың кейбірі тұқым қуалайды. Тұқым қуалағанда да дәл сол ауру емес, обырдың басқа түрі болуы мүмкін. Артық салмақ, аз қимылдау – мұның бәрі қатерлі ісіктің дамуына сеп болуы мүмкін. Күнделікті жеп жүрген тамаққа да мән берген жөн. Канцерогендер – қатерлі жаңа өскіндердің дамуына себеп болатын химиялық заттар көптеген азық-түліктерде, әсіресе майға қуырылған, консервіленген және маринадталған, ұзақ сақталған, ысталған тағамдарда жиі кездеседі. Майлы тағамдарды, соның ішінде малдың майын тұтынуды азайту қажет. Қатты тоя тамақтанбауға кеңес беремін, күнделікті тамақтану рационы 2500 калориядан аспауы керек. Дұрыс тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану, темекі өнімдерінен, қорқордан, алкогольден түбегейлі бас тарту, семіздікке ұрынбау, құрамында жеміс пен көкөніс бар тамақ жеу, инфекция жұқтыратын кез келген жыныстық қатынастан тыйылу, гепатиттен немесе канцерогендік инфекцияларға қарсы вакцинация қабылдау, иондаушы және ультракүлгін сәулелену әсерін азайту, таза ауада жиі серуендеу обырдан бөлек, кез келген аурудың алдын алады.
Темекі шегу – өкпе, кеңірдек, ерін, өңеш, асқазан, ұйқы безі, қуық органдарының қатерлі ісігіне әкеліп соғуы мүмкін. Арақты көп ішу – асқазан, бауыр, ұйқы безі, өңеш обырына шалдықтырады. Дене қимылының аздығы, сондай-ақ, артық салмақ – тоқ ішек пен тік ішек, сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына себеп. Сары аурумен ауырған адамда бауырдың ісігі жиі кездеседі. Сүрленген, қақталған, кептірілген, консервіленген тағамдарда ащы, тұзды заттар шамадан тыс көп болады. Тағамда көкөністердің аздығы, не болмауы ағзаның ауруға қарсы тұру мүмкіндігін азайтады. Мысалы, америкалықтар иммунитетті жақсарту үшін тамақ алдында шырын ішіп, тамақтан кейін жеміс-жидек жейді. Арақ-шарапты минералды сумен алмастырады. Сондықтан да америкалықтарда асқазан обыры өте сирек кездеседі.
Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде емдеу оңайырақ. Дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупін азайта алады. Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе, онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Кейбір азаматтар онкоорталыққа жіберген кезде қорқып, айлап-жылдап бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. Азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру, денсаулықты нығайту және ауруларды ерте анықтау бойынша жұмыстарды белсенді жүргізу қажет.
Саламат ОРАЗБАЙҰЛЫ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Қатерлі ісіктен толық жазылып кетуге бола ма?
– Қатерлі ісік диагнозы қойылған кезде көпшілік мұны “үкім” ретінде қабылдайды. Бұл – қате түсінік. Обырдың ең басты емі – алдын алу. Ағзада ауру белгісі немесе қандай да бір ауытқу байқалған жағдайда тексерісті жылдамырақ бастаған жөн. Денсаулықты уақытымен тексертіп, күмән туындаған жағдайда ем-шара жасатудың қатерлі ісік дерті үшін маңызы зор. Белгілері байқала қоймайтын 0,1,2 сатыларда анықталған жағдайда емі сөзсіз нәтижелі болмақ.
Мұрат ДҮЙСЕНБИН,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Обырдың алғашқы белгілері қандай, қай жағдайда бірден дәрігерге көрінген жөн?
– Қатерлі ісіктің алғашқы белгілеріне себепсіз салмақ жоғалту, тәбеттің төмендеуі, қатерлі ісік пайда болған орган жұмысының нашарлауы жатады. Мысалы, өңеш қатерлі ісігінде жұтқыншақ ауырсынады. Асқазан қатерлі ісігінде тамақты аз көлемде ішкеннің өзінде ұзақ уақытқа дейін қорытылмағандай, батып ауырғандай сезіледі. Тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісіктері – дәретте қан немесе қанның іздері байқалады. Ішек кеуіп, дәреттің зорға шығуы, кейде себепсіз іш өтіп, бұрап ауырады. Көзге көрінетін қатерлі ісіктерге: тері қабыршығы, ауыз қуысы, сүт безі, қалқанша без, қынап, жатыр мойны және тік ішектің ісіктері жатады. Егер де аталған органдарда түйін, жара байқалса дереу учаскелік дәрігерге көріну керек. Ал терапевт әрі қарай қай маманға, қандай зерттеуге жіберу керектігін шешеді.
Мәрзия СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Сіздің тәжірибеңізде сырқаттың онкологиялық аурудан ғажайып жолмен емделген кездері кездесті ме? Халық емі жайында не айтар едіңіз?
– Онкологияда ғажайыптар болмайды. Әр құтқарылған өмірдің артында жоспарлы түрде жүргізілген ем, команданың нәтижелі жұмысы тұр.
Ал халық еміне келер болсақ, олар зерттелмеген, сондықтан нәтижесі жайында айту қиын. Халық еміне сеніп жүріп, алтын уақытты жоғалтып алмау керек. Өздігінен емделіп, аяққа тұрып кеткендер бар. Оның әрқайсысына тоқталар болсақ – бұл сырқаттарда обыр болмаған, диагностикадан қателік кетуі мүмкін. Егер бұл негізгі емге зиян тигізбесе және пациентке субъективті түрде жеңіл болса, шөптен жасалған тұнбаларды ішкен дұрыс. Бірақ адамның қатерлі ісіктен осындай жолмен емделгені жайында ғылыми басылымдарда бірде-бір дерек жоқ.
Арайлым ЕРҒАЛИҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Қатерлі ісік диагнозы қойылған сырқатқа туған-туыстары қалай көмектесе алады, қандай қолдау көрсеткені жөн?
– Сырқатқа туған-туыстарының қолдауы өте қажет. Жағымды эмоция, яғни окситоцин гормоны иммунитетті көтереді. Науқас өзінің аурумен бетпе-бет жалғыз қалмағанын, жақындарына арқа сүйей алатынын сезінуі керек.
Жанар ЕРМЕКҚЫЗЫ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Жатыр мойны қатерлі ісігі жайында соңғы кезде жиі естиміз. Одан сақтанудың жолдары қандай?
– Біздің орталықта қазіргі уақытта осы патологиямен 550-ге жуық әйел есепте тұр. Былтыр обырдың бұл түрі 77 әйелде анықталды. Олардың жетпісі дәрігерге дерттің алғашқы сатысында жүгінген. Жатыр мойны қатерлі ісігінде төртінші ғана емес, үшінші сатысы да асқынған болып есептеледі. Негізінен рактың бұл түрі фертиль жастағы, жұмысқа қабілетті әйелдерде көп кездеседі. Олардың жасы 35 пен 53 аралығында. Өкінішке қарай, обырдың бұл түрі “жасарып” барады. Сырқаттарымыздың арасында 25-28 жастағылар да бар.
Аурудың алдын алу үшін елімізде скринингтер өткізіледі. Былтыр біздің өңірде 20 мыңнан астам әйел тексерілді. Нәтижесінде дерт 12 адамда ерте сатысында анықталды. Обырға ұласуға жақын қалған 180 жағдай тіркелді, бұл сырқаттарды дер кезінде анықтап, емдегендіктен қатерлі ісіктің алдын алу мүмкін болды. Барлық әйелдерге қажетті ем-дом көрсетілді.
Бұл ауруға шалдыққан кезде адамның салмағы азайып, әлсіздік пайда болады. Тіпті аурудың алғашқы сатысынде белгі бермеуі мүмкін. Жаңадан пайда болған қатерлі ісік бірден ұлғаймайды, ендеше асқындырмай қаралған жағдайда бұл аурудан айығуға болады. Оған қазіргі медицинаның мүмкіндігі жетеді.
Жалпы жатыр мойны қатерлі ісігінің пайда болу себебі көп. Жыныстық қатынасқа ерте түсу, ерте босану немесе 28 жастан кейін жүкті болу дерттің пайда болуына әсер етеді. Сондай-ақ жатыр мойнының жаралары мен жыныс жолдарының инфекциялары, жүктілікке қарсы дәрі-дәрмекті ұзақ уақыт қабылдау, онкологиялық ауруларға, соның ішінде жатыр мойнының обырына бейімділік, артық салмақ, темекі шегу қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Кездейсоқ және бейберекет жыныстық қатынастар да аурудың пайда болуына себеп.
Зүбила РАҚЫМЖАНҚЫЗЫ,
Мамлют ауданының
тұрғыны:
– Скринингтен өту қаншалықты маңызды, тегін скрининг түрлерін айтып өтсеңіз?
– Скрининг – қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшілік ол тегін жасалса да, тексеруден өтуге асықпайды. Онкологиядағы скрининг түрлеріне келетін болсақ, 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обыры қаупі жоғары топқа жатады. Сондықтан олар маммографиялық тексеруден тегін өтеді. 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне тегін тексеріледі. 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де тоқ ішек пен тік ішек обырына тегін тексеріледі. Өз бетінше қаралатындар, асқазаны ауырса – фиброгастроскопия, өкпе ауырса – флюрография, рентген, бауыр, бүйрек, ұйқы безі – УЗИ, компьютерлік томография, тоқ ішек пен тік ішек ауырса – колоноскопия, сүт безі ауырса – маммолог, жатыр қынап, ішкі жыныс органдары ауырса – гинеколог дәрігерлерге көрінген дұрыс. Орталыққа учаскелік дәрігердің жолдамасымен келсе тегін тексеріледі.
Дайындаған
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.