«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясына қатысып, сөз сөйледі. “Әділетті Қазақстан, бірлік, тұрақтылық, даму” атты алқалы жиында Президент еліміздегі Ассамблеяның жаңа міндетін айқындап берді.

Бірлік бар жерде тірлік бар

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясынан бергі аралықта мемлекетіміз де түбегейлі өзгерістер болғанын жеткізді. Атап айтқанда, саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа əрі анағұрлым демократиялық үлгісі қалыптасты. Ауқымды өзгерістер барысында Ассамблеяға баса мəн берілді. Аталған бірегей институт парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды. Президент Ассамблеяның елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарғанына назар аударды. ҚХА барлық этносты мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне жұмылдыруға ықпал етті.

Президент алдымен Ассамблея сессиясының 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізілуінің мəні зор екеніне тоқталды.

– Еліміз жақында Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл – ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дəріптейтін мейрам. Қазақстан үшін бұл аса маңызды мереке. Еліміз Бірлік күнін міндетті түрде атап өтуге тиіс. Себебі қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз əрқашан бекем болуы керек. Бұл – анық ақиқат. Ассамблеяның алқалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дəстүрге айналды. Бұл сессия – көктем мезгілінде мемлекеттік деңгейде өтетін ең ауқымды іс-шара. Мұнда еліміз үшін өте маңызды ұсыныстар айтылады. Мен былтырғы сессияда Ата заңымызға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастама көтердім. Көп ұзамай халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасады. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді, – деді Президент.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев: “Біз “бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды” дейміз. Əрине, бұл – дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі. Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тəуелсіздігі жəне аумақтық тұтастығы бəрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы барлық жерде дəріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, əр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек. Халқымыз бірліктің жəне тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!” – деп бірлік ұғымының тереңде жатқанын айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, əрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек.

– Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға əрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бəрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде “Ассамблеяның қажеті жоқ” деген ұшқары, яғни күмəнді пікірлер айтылып жатады. Шын мəнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады. Ассамблея жалпыұлттық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарды. Ол реформаларды қоғамдық тұрғыда қолдауды кеңейтуге ықпал етті. Бұл бірегей институт халықаралық озық тəжірибеге толығымен сəйкес келетін парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды. Ассамблеяның ұсынысы бойынша Президент тағайындайтын Сенаттың бес депутаты заңнамалық деңгейде кері байланысты, қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге жəне Парламентте Қазақстанның барлық этностарының мүдделерін білдіруге жұмылдырылған. Мұнымен қоса, Ассамблеяның 12 мүшесі Ұлттық Құрылтай құрамына еніп, оның жұмысына жалпы ұлттық диалогтың əмбебап үлгісін ілгерілетуде баға жетпес тəжірибе əкелді. Ассамблея реформаларды қоғамдық тұрғыда қолдауды кеңейтуге, мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге барлық этностарды тартуға ықпал етті, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Тəуелсіздік жылдары елімізде жаңа жалпыұлттық бірегейлік қалыптасқанын айтты. Президенттің пікірінше, біздің көк паспортымыз бен көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан жəне миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы.

– Шынайы демократия сөзбен емес, іс жүзінде ұлттың үдемелі ілгерілеуі мен азаматтық идеясын нығайту үшін ең қолайлы жағдай жасайды. Тəуелсіздік жылдары бізде жаңа жалпыұлттық бірегейлік қалыптасты деп сенімді түрде айта аламыз. Ол неден көрінеді жəне оның рəміздері қандай? Бұл сұраққа жауап беру үшін жасанды идеологиялық тұжырымдамаларды əзірлеудің, интерпретациямен жəне толғаныспен айналысудың қажеті жоқ. Негізінде бəрі бетінде жатыр. Көк төлқұжатымыз бен көк туымыз – тарихтың өзінен туындаған жəне миллиондаған адамдардың жүрегінде шынайы жауап тудыратын біздің бірегейлігіміздің нақты нышандары. Біздің төлқұжатымыз адамға этностық тегіне, діни көзқарастарына, əлеуметтік мəртебесіне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты құқықтар мен міндеттердің толық көлемін береді. Төлқұжатқа ие болу дегеніміз – елдің халықаралық аренасында құрметті азамат болу, барлық елге кедергісіз бару жəне өзін қазіргі əлемнің ажырамас бөлігі ретінде сезіну. Бұл əрқашан жəне барлық жерде өз мемлекетінің қорғауында болуды сезінуді білдіреді.

Қазақстан төлқұжаты біздің бірлігіміз бен келісіміміз негізделген прогрессивті құндылықтарды білдіреді. Өз кезегінде Қазақстанның аспан түстес көк туы біздің қасиетті тəуелсіздігіміз бен ғасырлар бойғы мемлекеттілігімізді айқын бейнелейді. Біздің туымыз ең ірі халықаралық спорттық жарыстарда жəне басқа да осындай іс-шараларда жоғары көтерілген сайын əрқашан өз еліміз үшін мақтаныш сезіміне ие боламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біздің қоғам – ортақ идеялар одағы

Бұған қоса Мемлекет басшысы елімізде түрлі мəдениет дəстүрлері жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тəн айрықша өмір сүру салты қалыптасқанын атап өтті.

– Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мəдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кəсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуы тиіс. Біздің қоғам – ортақ идеялар мен құндылықтар біріктірген еркін əрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен əрі біртұтас қазақ отбасының, шын мəнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді. Біз бəріміз – бір отбасымыз. Бұл – артық айтқандық емес. Бұл – біздің шынайы болмысымыз. Осы ретте біз мақтаныш ететін этномəдени əр-алуандығымыз ешқайда жоғалып кетпейді. Керісінше, біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі. Елімізде түрлі мəдениет дəстүрлері жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тəн айрықша өмір сүру салты қалыптасты. Осынау ерекше бірегейлігіміз уақыт тезіне төтеп беріп, қоғамдық сананың өзегіне айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сонымен қатар елімізде қазақтың салт-дəстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп деген пікірін жеткізді.

– Биыл қасиетті Рамазан айының басталуы Наурыз мейрамымен қатар келді. Пасха мен Ораза айтты мерекелеу күндерінің де арасы жақын болды. Мұның ерекше символдық мəні бар. Ораза кезінде мұсылмандар мызғымас адамгершілік құндылықтарды дəріптейді. Бір-біріне ізгі тілектерін арнайды. Сол секілді Пасха да – адамдарды жоғары гуманистік идеалдарға үндейтін мерейлі мейрам. Сондықтан бұл мерекелердің бəрі этностық шығу тегіне қарамастан, еліміздің миллиондаған азаматы үшін ортақ мейрамға айналды. Біз азаматтарымыздың ерекше ауызбіршілігіне куəміз.

Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дəстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс.

Дəстүрлердің осылайша біте қайнасуы, этносаралық жəне конфессияаралық келісім, өзге мəдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз. Отансүйгіштік, əдептілік, қонақжайлық, еңбекқорлық, халықтық дəстүрлер мен отбасы құндылықтарын құрметтеу ұлтымыздың мəдени жəне адамгершілік қасиеттері саналады. Мұны бүкіл қоғамымыздың адамгершілік негізі деп айтуға болады. Əр адамның ішкі моральдық өзегі туралы ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан таным-түсінігі осыған сүйенеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл туралы ойын дана ақынның сөзімен түйіндеді. “Ұлы Абайдың “Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек” деген сөзі бар. Расында, санасы сергек, жауапкершілігі жоғары адамдар ғана қоғамды жаңғыртады, түрлі этнос пен мəдениеттің басын қосқан ұлтымызды алға қарай жетелейді”, – деді Қ.Тоқаев.

Сын-қатерлердің бетін қайтару қажет

Қазір дүниежүзіндегі ахуал түбегейлі өзгеріп, жаңа басымдықтар пайда болып жатқанын айтқан Президент сырттан төнген сын-қатерлердің бетін қайтару аса өзекті мəселеге айналғанын жеткізді.

– Алдымен бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық əрекетке батыл түрде тосқауыл қою қажет. Қоғамда түрлі жалған ақпарат немесе фейктер мен деструктивті жарияланымдар айтарлықтай көбейгенін көріп отырмыз. Оның басым бөлігінің авторларының Қазақстанға түк қатысы жоқ. Шетелде отырып, біздің қоғамға іріткі салғысы келеді. Олардың сөзі мен əрекеті адамдар арасындағы сенімге селкеу түсіріп, алауыздықты қоздыруға, мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған. Осындай жайттарды ескерсек, қылмыстық жəне тұрмыстық сипаттағы кез келген оқиға теріс пиғылды адамдардың кесірінен этносаралық жанжалға айналуы жəне оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сіздер оны жақсы білесіздер. Сондықтан жауапкершілігі бар азамат ретінде радикализм, экстремизм жəне сепаратизмнің кез келген түріне қарсы тұруға тиіспіз. Бұл орайда абай болған жөн. Бірақ қаталдық та керек. Түптеп келгенде, əділ болу қажет.

Əрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек. Сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алады. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Əрқайсысымыз – Қазақстан атты қасиетті қарашаңырақтың перзентіміз. Бəріміз бүгінгі өмірі жəне болашағы – бір бауырлас азаматтармыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев мемлекет заң аясында этносаралық қарым-қатынас, тіл жəне əлеуметтік мəселелерге қатысты барлық арандатушылық əрекеттің жолын кесетінін айтты.

– Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі жəне Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мəселені айрықша бақылауда ұстайды жəне заңға сай əрекет етеді. Бұл ретте еліміздің əрбір азаматы өз сөзі мен əрекеті үшін жауап беретінін сезінуге тиіс. Эмоцияға бой алдырып, сырттан таңылған алауыздық пен өшпенділіктің жетегіне еруге болмайды. Өзгенің ақпараттық соғысы мен идеологиялық дауының бізге қажеті жоқ.

Демократия туралы сөз қозғағанда, таразының бір жағында азаматтың құқықтарымен жəне бостандығымен қатар, оның міндеттері мен жауапкершілігі тұрғанын ешқашан естен шығармауымыз керек. Еркіндікті жүгенсіздікпен шатастырмайық. Ал диалог мəдениетін əлсіздік деп қабылдамаған жөн. Бір адамның бостандығы шектелетін жерден, екінші адамның еркіндігі басталатыны ежелден белгілі.

Ынтымағы жарасқан қоғам құрамыз десек, біз заң мен тəртіпке мүлтіксіз бағынуымыз қажет. Бұл – Əділетті мемлекет құрудың ең басты қағидаты. Оны жүзеге асыру үшін кез келген құқық бұзушылық əрекет жазасыз қалмауы керек, – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан плюрализмді құптайды, ал радикализмге жол жоқ. Осы орайда Президент ақпараттық кеңістігімізде жəне қоғамда достық пен татулық, сындарлы диалог пен адами қарым-қатынас рухы салтанат құруға тиіс екенін айтты.

– Ұлттық бірлігімізді, достығымызды, азаматтарымыздың толеранттылығы мен отаншылдық сезімін айшықтайтын тамаша мысалдар жетерлік. Ассамблея мен оның мүшелерінің əлеуметтік желіде бейбітшілік, татулық идеясын белсенді түрде насихаттайтыны жəне арандатушылық əрекеттерге қарсы шұғыл шара қолданып, бірлігімізді қорғайтыны қуантады. Өткен жылы Ассамблея өкілдері бірлікке шақыратын прагматикалық ұстанымнан айнымайтынын көрсетіп, қоғамда резонанс тудырған жағдайларға қатысты бірнеше рет мəлімдеме жасады. Əрбір азамат ел ішінде де, шетелде де халқымыздың бірлігі мен ынтымақтастыққа негізделген құндылықтарын табанды түрде қорғауы тиіс. Оның бір мысалы – əлеуметтік желідегі челлендждер. Онда этностық шығу тегі əртүрлі азаматтарымыз халқымыздың бірлігін дəріптеп, елімізде кемсітушілікке жол берілмейтінін айтады. Креативті индустрия өкілдері жəне қарапайым шығармашылық адамдары Қазақстандағы достық пен өзара түсіністікті, азаматтарымыздың мейірімділігі мен толеранттылығын паш ететін контент жасайтыны қуантады. Мұндай мазмұндағы əндер, өлеңдер, бейнероликтер əрқашан аудиторияның ерекше ықыласына бөленеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент этноəлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. “Өткен сессияда мен томағатұйық тіршілік ететін этностық аудандар мен кварталдардың пайда болуына жол бермеу мəселесімен айналысуды тапсырдым. Бүгінде кешенді шаралар əзірленіп, алдағы жұмыс жоспары жасалды. Енді оның сапалы əрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету керек. Бұл өте шетін жұмыс екенін ескеріп, оны қажетті ресурстармен күшейту қажет. Бұл ретте этноəлеуметтік топтардың қоғамға толыққанды кірігуіне кедергі келтіретін аймақтық ерекшеліктерге, мəдени жəне басқа да факторларға баса мəн беру маңызды”, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекеттік тілді меңгеру — стратегиялық бағыт

Президент мемлекеттік тілдің мəселесін де қозғады. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады деген пікірде.

– Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мəселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мəдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты əрі дəйекті түрде əрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған жəне тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – əр адамның мəдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, əсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мəдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мəселесіне қатысты барлық пікірталас этностық емес, азаматтық жəне саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды”, – деді Президент.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының екі сыйлығын тағайындауды ұсынды. Біріншісі – əдебиет пен журналистика салаларындағы үздік жұмыс үшін. Екіншісі – мəдениет пен өнер саласындағы үздік шығармалар үшін. Аталған сыйлықтарды жекелеген авторлар да, шығармашылық ұжымдар да ала алады. Бұл ретте Қ.Тоқаев сыйақы мөлшері мемлекеттік сыйлықтан кем болмауға тиіс екенін айтты.

Бұған қоса жаңа мемлекеттік награда – Қазақстан халқы Ассамблеясының “Қоғам бірлігін нығайту жолындағы табысты еңбегі үшін” орденін бекіту қажет екенін де айтты. Бұл награданың алғашқы иегерлері биыл қазан айында Республика күнінде марапатталмақ.

Этносаралық келісім саясатында сөз бен іс бір жерден шығуға тиіс екенін айтты Президент. Бұл орайда Ассамблея саяси партиялармен ақылдасып, кеңесіп потыруы қажет.

– Сонда бірлігімізді нығайтамыз. Этносаралық қатынасқа қатысты кез келген арандатудың жолын кесеміз. Партияларды ортақ іске жұмылдырудың тағы бір маңызды жолы – Парламентте депутаттық бірлестік құру. Ассамблеядан сайланған бес сенатор бұл шаруаның басы-қасында жүруі керек. Этносаралық қатынас саласындағы өзін-өзі басқару институттарын дамыту – маңызды міндеттің бірі. Ассамблея бұл жұмысты этномəдени бірлестіктердің қызметін үйлестіру арқылы атқаруда.

Осында министрліктердің, мекемелердің, аймақтардың, Парламенттің жəне Президент Əкімшілігінің басшылары отыр. Олардың көпшілігі – Ассамблея мүшесі. Ассамблея қызметіне белсене атсалысу – баршаңызға ортақ міндет. Ассамблея да əкімдіктер мен мəслихаттардың жұмысына атсалысуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея жəне билік органдары өзара тығыз байланыста болуға тиіс. Мұның айрықша мəні бар. Құзыреттерді жоғарыдан төменге беру ісінде осы мəселені ескерген жөн. Мемлекеттік орган басшылары Ассамблея өкілдерімен тұрақты кездесіп отыруы қажет. Мұндай кездесулер кем дегенде жарты жылда бір рет өткізілуі керек.

Ассамблеяның барлық негізгі жұмысы жергілікті жерде, яғни халық арасында жүргізілуге тиіс. Осы сессияда жүктелген міндеттердің жүзеге асырылуы ғана емес, сондай-ақ жалпы реформалардың табысты болуы да аймақтық ассамблеялар мен жергілікті этномəдени бірлестіктерге тікелей байланысты.

Ассамблея көптеген игілікті іске ұйытқы болып жүр. Мəселен, рекордшы Сергей Цырульников “100 ауыл” жобасы бойынша бастама көтерді. Ол ауылдық жердегі 100 мектепті спортқа қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Мұның бəрін бюджеттен қаржы сұрамай жүзеге асырды.

“Үйде сөйле” атты жобаның аясында аула клубтары ашылып жатыр. Тұрғындар сол жерде бас қосып, қазақ тілін үйрене бастады. Əкімдіктер осындай ұтымды бастамаларға барынша қолдау көрсетуге тиіс. Этномəдени бірлестіктердің жергілікті билікпен тікелей қатынас орнатуы маңызды, – деді Президент.

“Біз — қазақпыз!”

Жиында Мемлекет басшысы халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар Ассамблея мүшелерін марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев “Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті” КеАҚ Азия зерттеулер институтының директоры Ким Гераның, “Коре ильбо” республикалық газетінің бас редакторы Константин Кимнің омырауына IІ дəрежелі “Достық” орденін тақты. Ал “Lituanica” литвалықтар ҚБ мүшесі Бронислав Бугинас, “Наири” армян мəдени орталықтарының қауымдастығы” РҚБ төрағасының орынбасары Наринэ Микаелян “Құрмет” орденімен, “Сөйле” тілдесу клубының қазақ тілінің оқытушысы Алина Кан, “Радима” беларусь мəдени орталығы” ҚБ төрағасы Дмитрий Останькович, “Вайнах” чешен жəне ингуш халықтарының мəдениетін дамыту қауымдастығы” ЗТБ мүшесі Юсуп Тумгоев “Шапағат” медалімен марапатталды.

Сонымен қатар Президент Костенко атындағы шахтаның тау-кен жұмысшысы Даниель Дильге, блогер Иван Червинскийге жəне Қазақстан халқы Ассамблеясының Франциядағы достық елшісі Оборон-Туар Малгожатаға өз атынан Алғыс хат табыстады.

– Бүгінгі заманда қазақ тілін білу жетістікке жетудің ғана амалы емес. Қазақ тілі – жаңа бағдарламалардың тілі, тереңдегі түйсіктерді оята алатын ойлардың тілі. Қазақ тілі – əділетті өмірге ұмтылған қоғамның тілі. Мен үшін “тіл тұтастығы – ел тұтастығы” деген мəтелдің мəні зор. Президент бастаған реформалар өзіміздің жəне еліміздің болашағын тең біріктіреді. Мен Отанымның көркеюіне жəне қазақ тілінің ғұмырлы болуына өз үлесімді қосуға дайынмын, – деді Президент алдында сөз алған Алина Кан.

Алинамен қоса Президенттің Алғыс хатына ие болған блогер Иван Червинский сөз сөйлеп, өзін “Мен – қазақпын” деп атады.

– Мен 2017 жылдан бастап Димаш Құдайбергеннің арқасында Қазақстанды тани бастадым. Осыған дейін Қазақ елі туралы 4 мыңнан астам репортаж жасап, фильм түсірдім. Мен елдің мəдениетіне қанығып, рухани байлығына мол кенелдім. Сондықтан “Мен – қазақпын” деп сеніммен айта аламын! Сіздердің тамаша елдеріңіз маған көп дос сыйлады, мен мұны құрмет тұтамын. Барша Қазақ еліне алғысым зор, маған қол ұшын созған əрбір азаматқа зор құрмет, – деді Иван Червинский.

Сессияны қорыта келе, Президент: “Əділетті Қазақстан көз алдымызда құрылып жатыр. Əрқайсысымыз түрлі қорқыныштардың, стереотиптер мен жалған сенімнің шырмауында қалсақ та, артқа жалтақтамай, алға қадам басуымыз керек”, – деді.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, еліміздің барша азаматының тағдыры жалпыұлттық бірлігімізбен астасып жатыр. Қазақстан – біртұтас ұлт, елімізді əрбір этносы достықты, үйлесім пен келісімді нығайтуға өзінің өлшеусіз үлесін қосып отырған команда деп айтуға болады.

– Біз өзіміздің іргелі құндылықтарымызға берік болуымыз керек. Бəріміз жəне əрқайсысымыз үшін қуатты мемлекет пен əділетті қоғам құру жолын табанды түрде жалғастыра отырып, елімізді азаттық пен тəуелсіздіктің мызғымас тірегіне айналдыра алатынымызға сенімдімін. Ынтымағы бекем жұрттың болашағы баянды болады. Біз бəріміз бір ел болып, татулық пен тұрақтылықты сақтау үшін еңбек етеміз. Ел бірлігін нығайту жəне Отанымызды өркендету – қасиетті парыз, – деп түйіндеді ҚХА мүшелері алдында сөйлеген сөзін Мемлекет басшысы.

(“Egemen Qazaqstan”,

28 сәуір 2023 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp