Диас Аяған
Адамзатты ақыл-ойдың биігіне шығарып, өркениетке бастайтын басты құндылық – кітап. Кітапқа құмар қоғамның бүгіні баянды, болашағы жарқын болмақ. Бұл жағынан келгенде кітапханаларымыздың мүмкіндіктері де жоқ емес. Соған қарамастан мәдени орындардың есігін қағатын ағайынның азайғаны байқалады. Кітапхана сөрелеріндегі сіресіп тұрған туындыларды іздеп келіп оқушылар сиреген. Сол себептен соңғы екі жылда Мәдениет және спорт министрлігі оқырман белсенділігін арттыру үшін бірнеше жобаға жан бітірді. Олардың қатарында ірі қалаларда өтетін ауқымды кітап жәрмеңкелері, әдеби кештер мен кездесулер бар. Аталған жобалар еліміздің үздік кітапханаларының қатарына енетін өңіріміздегі С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада да жүзеге асуда. Мәселен, өткен күзде мұнда облыстық кітап фестивалі өтіп, айналасына жүзге тарта оқырманды топтастырған еді. Жуырда мәдениет нысанында “Кітапхана түні” шарасы өтіп, онда оқуға құштар қызылжарлықтар әдебиет әлеміне саяхаттай алды.
Шараның аты “Кітапхана түні” болғандықтан бейсенбінің кеші облыстық кітапхана үшін әдеттегідей емес, қызу дайындықпен басталды. Үш қабатты нысанның қай залына барсаңыз да түрлі тақырыптағы шараларға жиылған жұртшылықты көресіз. Кітапхананың кіреберісінде ән кеші ұйымдастырылса, үлкен залында мәдени шараның салтанатты ашылуы болып, ол Алаштың ардақтысы – Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған рухани кездесумен аяқталды. Кең залда иық тіресіп тұрған тұрғындардың есебіне жете алмадық. Кітапханаға мұнша адамның бір уақытта келуі – сирек оқиға. Кешкі сағат жетіде басталған шаралар легі түнгі он бірге дейін жалғасты. Мәдениет ошағының әр залында түрлі тақырыпты қамтыған шара өтіп, әр адам өзін қызықтырған сауалдың жауабын таба алды. Ұйымдастырушылар бұл кешті Мағжан ақынның мерейтойына арнағандықтан өткізілген жиындардың көбі ардақты тұлғаның өмірі және шығармашылығымен астарласып жатты. Шетел әдебиеті бөлімінде ақынның үш тілдегі аудиокітабы таныстырылды, анимацияға қызығушылар “Батыр Баян” поэмасы негізінде мультфильм кейіпкерлерін жасапты. Сонымен қатар Мағжан жырларын жатқа оқу бойынша сайыс өтіп, жеңімпаздар марапатқа ие болды. Ал өзге бөлімдерде әлем әдебиетіне қатысты кездесулер, шеберлік сағаттары, қолөнер үйірмелері, викториналар, өңірдің киелі жерлері бойынша 3D экскурсия, 3D технологиясын үйрету сабақтары, әдеби кештер мен қызықты ойындар өтті. Жастар арасында Мағжан шығармашылығына қатысты сайыс ұйымдастырылып, білімімен көзге түскендерге 30-дан аса кітап сыйға берілді. Кітапхана қонақтарының көбі ұлттық бөлімде өткен “Талантқа тағзым” атты әдеби жиынға куә болып, жергілікті өнерпаздар дайындаған арнайы бағдарламаны тамашалады. Рухани кеште Жұмабек Рахимов, Қабдолла Бейісхан, Ақтілек Қайымхан есімді талапкерлер айтыс көркін қыздырып, отты өлеңдерімен көрерменнің қошеметіне ие болды. Уәлиханов ауданының өнерпаздары да сахна төрінен табылды. Содан кейін Аманжол Зағыпар бастаған жергілікті ақындар өздерінің өлеңдерін оқыды. Жалпы бұл күні әдебиет пен өнерге шөлдеген ағайын үшін ән де, жыр да, күй де төгіліп, Қызылжардың түнін жарық еткендей болды.
– Кітапханалар тек білімнің ғана емес, жұртшылықтың жиі келетін мәдени орталығына айналуы тиіс. Өзге өңірлерде “Кітапхана түні” сынды шаралар жиі өтіп тұрады. Биыл біз де игі бастаманы қолдап, Қызылжар жұртшылығын қуантуды ойладық. Бұл шараларға осынша адам келеді деп күткен жоқпыз. Аудандардан келген әріптестеріміз осынау игі бастаманы жалғастырады деп сенеміз, – дейді кітапхана директоры Бейбітгүл Әбілмәжінова.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.