Жүз отыздан астам этносты бауырына басқан Қазақстанды әлем жұртшылығы татулық пен тыныштықты ту еткен, бірлігі бекем, тірлігі шуақты мемлекет ретінде үлгі тұтады. Иә, біздің ата-бабаларымыз ынтымақ берік орнаған жерге ырыс пен несібе ұялайтынын әлімсақтан білген. Тағдырдың жазуымен түрлі этностарға пана болған қазақ жері бүгінде береке мен келісімнің алтын ұясына айналып отыр. Қазіргі буынға қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмір сүру бақыты бұйырыпты. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерейлі іс-шараларда достық пен тыныштық кеңінен дәріптелді.
1996 жылдан бері тойланып келе жатқан бұл мерекені қызылжарлықтар да сәт-салтанатымен атап өтті. Негізгі мәдени шаралар Петропавл қаласының Орталық алаңында ұйымдастырылып, білім ошақтары мен музейлерде, театрларда, ірі сауда үйлерінде жалғасын тапты. Еңбектеген баладан еңейген қарияға дейін мерекелік думанның қызығына бөленіп, концерттік бағдарламаларды тамашалады. Сахнаға көтерілген өнерпаздармен бірге ән айтты, би биледі.
Қазақстанда тұратын этностардың тарихына көз жүгіртсек, әртүрлі тағдырлар мен өмір иірімдеріне қанығамыз. Мәселен, өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы мен алпысыншы жылдардың басында кеңес одағының әр түкпірінен жастарды еліміздегі тың игеру жұмысына тартқан болатын. Қасиетті қазақ жеріне келген түрлі этнос өкілдері тамырын тереңге жайды. Олардың ұрпақтары бүгінде бірлігі мен татулығы жарасқан елімізге тастай батып, судай сіңді.
Тонның ішкі бауындай тірлік кешіп отырған өзге этностардың біразы елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан, “Солтүстіктің қақпасы” саналатын қасиетті Қызылжар жерінде тұрып жатыр. Олар жыл сайын бұл мерекені асыға күтеді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы этнобірлестіктерге жиналып, атаулы күні тұрғындарға қандай көңіл күй, мерекелік дастарқан сыйлайтындарын ақылдасады.
Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Қазақстан Конституциясы көшесі күндегідей емес, өзгеше сипатқа енді. Ұлттық киімдерін киген бірқатар этнос өкілдері өз ұлттарының тарихы мен салт-дәстүрлері туралы сыр шертті.
Негізгі думан Орталық алаңда өтті. Тұрғындардың дені осы жерге жиналыпты. Сахна төріне көтерілген күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер көрерменнің көңілін өздеріне аудартты. Әсем ән мен күмбірлеген күй тыңдаған жұртшылық өнерпаздарға деген ілтипат-қошеметін қол шапалақтау арқылы білдіріп жатты. Алаңда қазақ күресінен балалар арасында жарыс ұйымдастырылды. Жас спортшылардың тартысты ойыны көрермендердің қатарын қалыңдата түсті.
Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Айдарбек Сапаров та қатысты. Өңір басшысы түрлі этнос өкілдері әзірлеген тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдарының жасалу жолдарымен танысты.
Орталық алаңда қаз-қатар тізілген киіз үйлерге әр этностың өкілдері жайғасыпты. Олар жұртшылыққа ұлттық салт-дәстүрлері туралы кеңінен баяндап, өнерлерін көрсетті. Содан кейін жиналған жұртшылық “Бірлігіміз жарасқан” атты фестивальді тамашалады. Есімдері елімізге белгілі әншілер өз өнерлерімен концерттің ажарын аша түсті. Алдыңғы толқын өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері сөз сөйлеп, солтүстікқазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
“Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың бірлігі бекем болса, экономикалық даму, бейбітшілік пен тұрақтылық болатынын айтып өтті. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері өз болашағын Қазақстанмен байланыстырады және оның өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Біздің жалғыз Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Тәуелсіз еліміз жасай берсін!” – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин.
Алаңға жиналғандар алтыбақан теуіп, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойнаудан сынға түсті. Асық атудан өткен жарысқа жасөспірімдер ерекше қызығушылықпен қатысты.
Мерекелік шаралар “Бір үйдің баласындай” атты галаконцертке ұласты.
“Біз сәуір айында облыстық байқау ұйымдастырған едік. Оған балалар, жастар және ересектер қатысты. Бұл концертке жүзден жүйрік шыққан өнерпаздар шақыртылып отыр. Біз оларды үлкен сахнаға шығарып, жұртшылыққа таныстырғымыз келді. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ”, – деді қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхамедәли Испанов.
Концертке қатысушылар қазақ, орыс, үнді, украин сынды ұлттардың билері мен әндерін орындап, көпшілікті сүйсіндірді.
Орталық алаңда қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Мы едины, когда вместе” атты флешмоб ұйымдастырылды. Онда өңір колледждерінің студенттері белсенділік танытып, “Бірлік – басты байлығымыз!” – деп ұрандады.
Айшагүл ӘШІМОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.