Диас Аяған
Ел намысын халықаралық байқауларда қорғап жүрген “Sensitive” би театры Қазақстанның қоржынын тағы бір жүлдемен толтықтырды. Өнер ұжымы Дубайда өткен “DANCE-FEST DUBAI” халықаралық фестиваль-байқауына қатысып, алты елден жиналған 200-ден астам өнерпаздың ішінен жылпы байқауда үздік деп танылып, бас бәйгені еншіледі. Би театры бұл байқауға “Искусство в движении” халықаралық шығармашылық жобасының ұйымдастырушыларының арнайы шақыртуымен барған екен.
Аталған сайыста “Sensitive”-тің аға буын бишілері мен “Есту қабілеті нашар балаларға арналған облыстық (арнайы) түзету мектеп-интернатының” оқушылары өнер көрсетті.
Араб түбегіндегі тартысты бәсекеде бишілер дайындаған Е.Кузьмин мен Е.Воропаеваның “Танго”, “Самба” қойылымдары “Дуэт” аталымында 1 орынға лайық деп танылды. Ал Д.Қанғожиннің “Спойлер” хореографиялық қойылымы “Соло” аталымында 1 орынға ие болды.
Жерлестеріміздің өнеріне тәнті болған қазылар алқасы “Sensitive” би театры мен оның көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщиковаға арнайы сыйлық табыстады. Сонымен қатар еліміздің БАӘ-дегі бас консулы Жұмабек Рауан би театрын арнайы жүлдемен және естелік дипломмен марапаттады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.