Облыс орталығында ағаш отырғызу акциясы өтті. Оның аясында Жеңіс саябағына және Мағжан Жұмабаевтың ескерткішінің маңына 300 түп көшет егілді.
Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасованың айтуынша, 8 сәуірден бастап Петропавлда сенбіліктер өткізіліп келеді. Қаланың саябақтары, демалыс орындары мен орталық көшелері қоқыстан тазартылып жатыр. Осы аралықта шаһардан 2800 текше метр қоқыс шығарылған.
Жалпы өңірдің әр тұрғыны абаттандыру іс-шарасына ғана емес, ағаш отырғызу акциясына да қатыса алады. Тілек білдірушілерге орман шаруашылықтары арнайы учаске бөліп, көшет және қажетті құралдармен қамтымақ.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2014 жылдан бастап “Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні” өткізіліп келеді. Бұл табиғатты қорғап, оны сақтауға үлес қосқысы келетін адамдарды біріктіретін жақсы дәстүрге айналған.
“Бұл пайдалы іске кез келген адам қатыса алады. Экологиялық акциялардың өткізілетін күні мен орны туралы әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланады. Еріктілерге ағашты қалай дұрыс отырғызу керектігі туралы нұсқаулық беріледі”, – дейді басқарманың бөлім маманы Сәуле Сүлейменова.
Осындай іс-шара Күйбышев орман шаруашылығында да ұйымдастырылды. Еріктілер 1 гектар аумаққа 6 мың түп қарағай екті. Акцияға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, облыстық экология департаментінің, “Центр кредит” банкінің, Қызылжар орман шаруашылығының мамандары қатысты.
“Мемлекеттік орман шаруашылықтары “Таза табиғат”, “Бірге таза Қазақстан”, “Бұл менің ағашым” сияқты 50 экологиялық акция өткізуді жоспарлағанын айта кеткен жөн.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.