Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті республикалық тәжірибені талдау аясында шағын және орта бизнес өкілдерін негізсіз тексеру фактісінің алдын алды.
Облыс аудандарының және Петропавл қаласының білім бөлімдері жекеменшік балабақшалармен жасаған шарттарға тексеру іс-шараларын жүргізу құқығын беретін тармақты енгізген.
Қазір облыста 18 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Кәсіпкерлер мен білім бөлімдері мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қызмет көрсету шарттарын жасасқан.
“Тапсырыс берушілер Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексі нормаларының талаптарына, сондай-ақ 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын-орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланғанына қарамастан бақылау және қадағалау органдарының функцияларын өздеріне жүктеген”, – делінген ведомство таратқан хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті және облыстық білім басқармасының басшылығы кездесіп, нәтижесінде заңды бұзатын тармақты шарттардан алып тастау туралы шешім қабылдады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.