Сәуірде тұтыну бағаларының индексі айлық мәнде 0,9 пайызды құрап, көрсеткіш наурыз айы деңгейінде сақталды. Индекс құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы – 1,3, азық-түлік тауарлары – 0,9, ақылы қызметтер 0,4 пайызға өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде сәуірде бағаның ең жоғары өсімі дизель отыны (16,1%) мен бензинге (9,7%) қатысты болды. Наурыз айымен салыстырғанда жуу және тазалау құралдарының бағасы – 1,4, жеке гигиена құралдары – 1,1, ыдыс-аяқ – 1, тұрмыстық техника 0,9 пайызға қымбаттады.
Азық-түлік тауарлары арасында жеміс пен көкөніс бағасының едәуір өскені байқалады, сәуірде қырыққабат – 4,7, қызанақ – 4,1, жүзім – 3, алма – 2,6, алмұрт – 2,4, күріш – 2,7, салқындатылған сусындар – 2,5, ультрапастерленген сүт – 2,4, салқындатылған балық – 2,2, пастерленген сүт, макарон өнімдері 2,1 пайызға қымбаттады. Қияр – 11,4, қарақұмық жармасы – 3,7, күнбағыс майы 2,6 пайызға арзандады.
Қызмет көрсету саласы бойынша бағалардың өсуі жолаушылар әуе көлігінде орын алды, бір айдың ішінде ұшу қызметі 17,7 пайызға қымбаттады. Бағаның жоғарылауы шаштараз бен сұлулық салондарында (1,5 %), жерлеуге байланысты рәсім жасау (1%), санаторий қызметтерінде (1,1%), денсаулық сақтау саласында (0,9%) тіркелді.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция – Абай және Ұлытау облыстарында (әрқайсысында 1,4%-дан, орташа республикалық деңгейден 0,5 пайызға жоғары), ең төменгісі – Астана қаласында (0,5%).
Өңірлер бойынша азық-түлік тауарлары бағасының ең жоғары өсімі Батыс Қазақстан облысында (1,8%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар Алматы облысында (3%), ақылы қызметтер Түркістан облысында (2,3%) байқалды.
Тұтастай алғанда, жылдық инфляция деңгейі қатарынан екінші ай баяулап келеді. 2023 жылғы ақпанда – 21,3, наурызда – 18,1, сәуірде 16,8 пайыз болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 17,9, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 18,2, ақылы қызметтер 13,7 пайызға артты.
2022 жылғы сәуірмен салыстырғанда кеңсе тауарлары – 68,5, кір сабын – 59,3, шақпақ қант – 51,7, ыдыс жууға арналған құралдар – 51,6, қияр – 50,9, балалар сабыны – 49,6, күріш – 43,9, кір жуу ұнтағы – 43, дәретхана қағазы 42,7 пайызға қымбаттады. Қырыққабат – 53,4, сәбіз 19,2 пайызға арзандады.
“Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Оны есептеу кезінде пайдаланылатын тауарлар мен қызметтер себеті 508 тауар мен қызметтен тұрады, оның 160-сы – азық-түлік тауарлары, 243-сы – азық-түлікке жатпайтын тауарлар, 105-сі – ақылы қызметтер. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, Астанада және қалалар мен аудан орталықтарында, әр-түрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі”, – деді Ұлттық статистика бюросы жанындағы баға департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.
2023 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі – 41,8, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 29,6, ақылы қызметтер 28,6 пайызды құрады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.