«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адал еңбек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызда “Еңбек етсең емер­сің” деген тамаша сөз бар. Өз басым адал еңбектің адамды абырой биі­гіне жеткізетініне күн сайын куә бо­лудамын. Ата-анам бала кезімде ерінбей еңбек етудің маңызды екенін жиі айтатын.

Мен облыс орталығындағы “Прогресс” тігін фабрикасының техно­логымын. 1986 жылы Семей жеңіл өнеркәсіп техникумын бітірісі­мен, Петропавлдағы сол кезде “Комсомолка” деп аталған тігін фабрика­сына жұмысқа орналастым. Сол кәсіпорында қырық жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келемін.

Өткен ғасырдың соңғы жылдары біздің кәсіпорын үшін жеңіл болма­ды. Басшылық қатардағы маман­дарға еңбекақы ретінде азық-түлік, киім-кешек беретін. Сол жылдары әріптестерімнің көбі басқа жұмысқа ауысып кетті, фабрикада 6 адам ғана қалдық. Біз бұл қиындықтардың өтпелі екеніне, уақыт өте келе жағ­дайдың жақсаратынына сендік, сүйікті ісімізбен айналыса бердік.

Қазіргі уақытта мен тәжірибелік цехты басқарамын. Қарамағымда елу қызметкер бар. Тапсырыстар қабылдап, жаңа киім үлгілерін әзірлейміз.

“Шебердің қолы – алтын”, дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қол­өнері. Асыл тастан сән бұйымын жа­саған, қазақ ұлттық киімдерінің етек-жеңіне оқа тігіп, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізіп, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберле­рінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы. Өкініштісі сол, соңғы жыл­дары бұл мамандыққа құштар жас­тардың қатары сиреп барады. Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі. Ойы­на ерік берген маман түрлі киім үлгі­лерін тіге алады. Қазір заманауи стильдегі киімдерге сұраныс жоға­ры. Біз тұрғындардан тапсырыстар қабылдап қана қоймай, қатарымыз­ға қосылуды мақсат еткен жас мамандарға бар білгенімізді үйретуге асықпыз.

Райхан САҒЫНДЫҚОВА,

“Прогресс” тігін фабрикасының технологы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp