«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қара қазанның қасиеті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Марқұм Қалима әжей көреген кісі еді. Жетпіс жеті жылға шақталған ғұмырында халқымыздың дәстүрі мен салтына қиянат жасаған кезі жоқ. Ұл-қыздары мен немерелеріне де бар білгенін үйретіп бақты, оларды ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан адастырмауға тырысты.

Біз ол кісімен көрші тұрдық. Ол кезде ойын баласымыз. Үйдегі ас үйге қажетті ыдыс-аяқтарды есік ал­дындағы алаңқайға шығарып, жай­қалып өсіп тұрған шөптерді жұлып, турап “тамақ пісіруден” жарысамыз. Бір күні көптен бері пайдаланылмай есік аузындағы сандықта тұрған қара қазанды далаға алып шық­тық. Оған толғанша су құйып, ет аса­тын адамша дөңгелек тастарды сал­дық. Дәл сол уақытта құйын соғып қазанымызды төңкеріп тастамасы бар ма? Бәріміз үйімізге тым-тырақай қаша жөнелдік. Әлгі қазан төң­керілген күйі сол жерде қалды.

Анадайдан “Қазанды төңкер­гендері несі? Бұл жаман ырым емес пе?” – деп айқайлаған Қалима әжей көрінді. Төңкерілген қазан марқұмның артында тұяғы қалмады, оты өшті дегенді білдіретінін кейін білдік.

Халқымыз не айтса да қалт айт­паған ғой. Ата-әжелеріміздің “Қазан­ды төңкерме” деп ұрсатыны бекер емес екен. Бүкіл ырым-тыйымдар­дың астарына мұқият мән берсең, дүниедегі бар қорқыныштан, жа­ман­дық атаулыдан сақтандырып кет­кенін байқайсың. Иә, қазақтың қазанға қатысты ырымдары аз емес. Халқымыз қыз балаға ешқа­шан қазан бермеген.

Сыныптастарымның бірі – құт­қа­рушы. Ол “суға батып кеткен адамдарды қазан арқылы іздейміз” дегенде таңқалғанмын. Адам өзен­ге немесе теңізге батып кетсе үйін­дегі қазанын төңкеріп суға жіберу қазақтың дәстүрінде әлімсақтан бо­лыпты. Әлгі қазан адам батқан жерді айнала жүзіп тұрады екен.

М.Қозыбаев атындағы Солтүс­тік Қазақстан университетінің оқы­тушысы Зылиқа Бимақанова бір кез­десуде қазанның қасиеті туралы ай­тып берген еді. Тарихшының ай­туын­ша, бұрындары сақ елінің бір­лігі бұзылып, ел ішін алауыздық жай­лай бастапты. Сол кезде ел көсем­дері халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырады. Сақ сарбаздары жебелерінің ұшындағы мысты жинап, балқытып, содан алып қазан құйған. Сол қазанға пісірілген тағамнан дәм татқан сақтар өкпе-наздарын ұмытып, қазан басында қайтадан татуласқан. Мұны тарих­тың атасы Геродот: “Сақ патшасы Арриант жауынгерлерінің бүкіл же­бесін бір жерге жинап балқытқызып, үлкен қазан құйдырған да, оны елден ерек қызметкерінің құзырына қаратқан”, – деп жазады.

Тарихтан қазанның қазақтың қорғаны болғанын білеміз. “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” за­ма­нында “елім-айлап” босқан халық бауырындағы баласын төңкерілген қазан астына жасырып аман алып қалған. Қазақ ұғымында қазаннан айырылу құт-берекеден айырылу­мен бірдей. Сол сияқты, біреудің қазанын тартып алу масқарашылық болып саналған.

Облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділ­беков адамзаттың ардақтысы Мұ­хаммед Пайғамбарымыздың: “Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Жаратушы жұмақта оған арнап хауыз дайындайды”, – де­ген хадисі барын айтады. Осы сөзді тыңдап отырған менің ойыма киелі Түркістандағы алып тайқазан сап ете түсті. Мамандардың айтуынша, бұл тайқазан сонау 1399 жылы си­рек кездестетін жеті түрлі асыл ме­талдың қоспасынан құйылған. Со­ған қарағанда тайқазан кесе­ненің бір бұрышына жай жәдігер ретінде қою үшін емес, осы хадиске амал ету үшін жасалған сияқты. Қа­зақ береке мен бірліктің белгісі санағандықтан, мұндай алып қазанды билеушілер мен әскербасылардың қабі­ріне қойған. Зиярат етіп келген адам қазандағы суды ішіп шөлін ба­сып, қабір иесіне дұға бағыштаған. Бейіт басындағы қазанға қарап, марқұмның жай адам емес, ел билеген көсем, жау жапырған батыр болғанын білген.

…Қайсыбір жылы ауылға барғанда өмірі өнегеге толы Қалима әжейдің мәңгілікке жайғасқан жерін зиярат еттік. Құлыптасының жанында қазан тұр екен. Іші суға толы. Көзі тірісінде халқымыздың салты мен дәстүріне қылдай қиянат жасамаған жан осы көркем қасиетінен о дүниеде де ажырамай, жалғастырғысы келген тәрізді…

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp