«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балуандарымыз бабында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жылдағы дәстүр бойынша қазақ күресінен “Қазақстан барысы” республикалық жарысының өңірлік іріктеу кезеңі саналатын “Қызылжар барысы” турнирі ұйымдастырылды. Петропавл қаласы мен аудандардан жиналған 29 балуан өзара мықтыны анықтады.

Бозкілемге беттеген спортшыларды және қызықты белдесулерді тамашалауға жиналған жанкүйерлерді өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың атынан аппарат басшысы Олжас Ыдырысов құттықтап, балуандарға сәттілік тіледі. “Қызылжар барысы” турнирі осымен 11-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған аудан және қала деңгейінде үздік атанғандар ғана қатысуға мүмкіндік алды. Жарыстың бас төрешісі Асылхан Болатовтың айтуынша, өңірімізде қазақ күресіне деген қызығушылық артып келеді, соның бір айғағы – “Қызылжар барысы” турниріне жастардың көптеп қатысуы.

– Бұған дейін негізінен ересектер арасында белдесіп жүрген балуандар көп қатысатын. Биыл олардың қатарына жастар қосылды. Бұл – қуантарлық жайт. Ереже де жетілдіріле түсті. Әр белдесу бес минутқа созылады. Қарсыласын жеңген балуан келесі айналымға өтеді, – деген Асылхан Болатов турнирге салмағы 90 килограмнан асатын спортшылар ғана қатысатынын айтты.

Жарыс басталмай тұрып, балуандар жеребе тартты. Бозкілемге бірінші болып Қызылжар және Жамбыл аудандарының балуандары шықты. Бұл белдесуде Қызылжар ауданының намысын қорғаған Нұрбек Жұрабековтің күші басым болды.

– Облыстық турнирге дейін ірік­теу жарыстары өтті. Қызылжар ау­данында үздік атанып, өңірлік кезең­ге жолдама алдым. Бірінші белде­суім оңай болмады. Жамбыл ауда­ны­нан келген қарсыласым Әділ От­дан білекті жігіт екен. Дегенмен білетін айла-тәсілдерімді қолданып, жеңісті жұлып алдым. Келесі қарсы­ласымды да жеңуге тырысамын, – деген Қызылжар ауданының балуа­ны сәл тынығып алу үшін арнайы бөл­меге қарай беттеді.

Екінші болып бозкілемге Петро­павл қаласы мен Уәлиханов ауданы­ның балуандары шықты. Бұл кездесу ұзаққа созылмады. Кішкенекөлден кел­ген Қанат Өмірзақ қарсыласы Ермек Мұқажанның жауырынын жер иіскетті. “Бірінші белдесуімде айқын басымдықпен жеңіске жеттім. Енді келесі қарсыластарымнан да айлам­ды асыруға тырысамын. Республи­калық кезеңге өтуге барымды сала­мын”, – деген Қанат Өмірзақ сөзінде тұрып, ақтық сынға дейін сүрінбей жетті. Финалда жерлесі Алтынбек Ау­сағитовпен жолы түйісті. Бұл бел­десуде “Қызылжар арландары” спорт клубының басшысы әрі халық­аралық турнирлердің жеңімпазы Ал­тынбектің күші басым болды.

– Жарысқа кілең мықты спортшылар жиналды. Әрқайсысы өз дең­гейінде өнер көрсетті. Жарыста жал­ғыз жеңімпаз болуы қажет, сондық­тан соңына дейін күрестім. Енді “Қа­зақстан барысы” турнирінде бағым­ды сынайтын боламын. Өңір намы­сын қолдан бермеймін, – деді жарыс соңында Алтынбек Аусағитов.

“Қызылжар барысы” турнирінің жеңімпазы атанған Алтынбек Ауса­ғитовқа 500 мың теңгенің сертифи­каты табысталды. Ал екінші орын алған Қанат Өмірзақ 300 мың теңгені қоржынына салды. Үздік үштікті түйіндеген Шал ақын ауданының спортшысы Азат Шәукеровке 200 мың теңге берілді. Алғашқы екі орынды иеленген балуандар “Қазақ­стан барысы” жарысында бақ сынайды. Республикалық дода шілде айының басында Астана қаласында өтеді.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp