Жылдағы дәстүр бойынша қазақ күресінен “Қазақстан барысы” республикалық жарысының өңірлік іріктеу кезеңі саналатын “Қызылжар барысы” турнирі ұйымдастырылды. Петропавл қаласы мен аудандардан жиналған 29 балуан өзара мықтыны анықтады.
Бозкілемге беттеген спортшыларды және қызықты белдесулерді тамашалауға жиналған жанкүйерлерді өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың атынан аппарат басшысы Олжас Ыдырысов құттықтап, балуандарға сәттілік тіледі. “Қызылжар барысы” турнирі осымен 11-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған аудан және қала деңгейінде үздік атанғандар ғана қатысуға мүмкіндік алды. Жарыстың бас төрешісі Асылхан Болатовтың айтуынша, өңірімізде қазақ күресіне деген қызығушылық артып келеді, соның бір айғағы – “Қызылжар барысы” турниріне жастардың көптеп қатысуы.
– Бұған дейін негізінен ересектер арасында белдесіп жүрген балуандар көп қатысатын. Биыл олардың қатарына жастар қосылды. Бұл – қуантарлық жайт. Ереже де жетілдіріле түсті. Әр белдесу бес минутқа созылады. Қарсыласын жеңген балуан келесі айналымға өтеді, – деген Асылхан Болатов турнирге салмағы 90 килограмнан асатын спортшылар ғана қатысатынын айтты.
Жарыс басталмай тұрып, балуандар жеребе тартты. Бозкілемге бірінші болып Қызылжар және Жамбыл аудандарының балуандары шықты. Бұл белдесуде Қызылжар ауданының намысын қорғаған Нұрбек Жұрабековтің күші басым болды.
– Облыстық турнирге дейін іріктеу жарыстары өтті. Қызылжар ауданында үздік атанып, өңірлік кезеңге жолдама алдым. Бірінші белдесуім оңай болмады. Жамбыл ауданынан келген қарсыласым Әділ Отдан білекті жігіт екен. Дегенмен білетін айла-тәсілдерімді қолданып, жеңісті жұлып алдым. Келесі қарсыласымды да жеңуге тырысамын, – деген Қызылжар ауданының балуаны сәл тынығып алу үшін арнайы бөлмеге қарай беттеді.
Екінші болып бозкілемге Петропавл қаласы мен Уәлиханов ауданының балуандары шықты. Бұл кездесу ұзаққа созылмады. Кішкенекөлден келген Қанат Өмірзақ қарсыласы Ермек Мұқажанның жауырынын жер иіскетті. “Бірінші белдесуімде айқын басымдықпен жеңіске жеттім. Енді келесі қарсыластарымнан да айламды асыруға тырысамын. Республикалық кезеңге өтуге барымды саламын”, – деген Қанат Өмірзақ сөзінде тұрып, ақтық сынға дейін сүрінбей жетті. Финалда жерлесі Алтынбек Аусағитовпен жолы түйісті. Бұл белдесуде “Қызылжар арландары” спорт клубының басшысы әрі халықаралық турнирлердің жеңімпазы Алтынбектің күші басым болды.
– Жарысқа кілең мықты спортшылар жиналды. Әрқайсысы өз деңгейінде өнер көрсетті. Жарыста жалғыз жеңімпаз болуы қажет, сондықтан соңына дейін күрестім. Енді “Қазақстан барысы” турнирінде бағымды сынайтын боламын. Өңір намысын қолдан бермеймін, – деді жарыс соңында Алтынбек Аусағитов.
“Қызылжар барысы” турнирінің жеңімпазы атанған Алтынбек Аусағитовқа 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал екінші орын алған Қанат Өмірзақ 300 мың теңгені қоржынына салды. Үздік үштікті түйіндеген Шал ақын ауданының спортшысы Азат Шәукеровке 200 мың теңге берілді. Алғашқы екі орынды иеленген балуандар “Қазақстан барысы” жарысында бақ сынайды. Республикалық дода шілде айының басында Астана қаласында өтеді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.