«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жер заңнамасындағы өзгерістер өзекті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, 44-баптың 1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сауда-саттыққа (аукциондарға) шығарылатын мемлекеттік жер учаскесіне құқық беру белгіленген тәртіп бойынша жүргiзiледi. Ол тәртіпке жер учаскесiне тиiстi құқық беру туралы өтінішті қарауға қабылдау, сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлу негізінде мәлімделген нысанның мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау, жер учаскесін алдын ала таңдау (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралғанда), жер комиссиясының қорытындысын дайындау, жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылдауы, сатып алу-сату немесе уақытша (қысқамерзімді, ұзақмерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу, жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу, елді мекен шегінде объектілер салуға арналған жер учаскесін қоспағанда, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру жатады. Аталған тәртіп Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында көрсетілген ерекше жағдайларда сауда-саттық, конкурстар өткізбестен жер учаскелеріне құқықтар беру кезінде қолданылады.

Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін беру кодекстің 43-бабы, 1-тармағымен реттеледі. Осы ережеге орай мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады. Конкурсты ұйымдастыру мен өткізуді жергілікті атқарушы орган жүзеге асыра отырып, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында, мерзімді баспасөз басылымдарында конкурс өткізу туралы хабарламаны жариялайды. Аудандардың жергілікті атқарушы органдарына, тиісті облыс шегінде және оның интернет-ресурсында орналастыру үшін орталық уәкілетті органға хабарламалар жібереді.

Облыс бойынша ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетін жеке және заңды тұлғалар үшін 2019 жылдан 2022 жылға дейін жалпы ауданы 401,1 мың гектар жер теліміне 72 конкурс (оның ішінде егістік –75 мың га, жайылым – 311,6 мың га) ұйымдастырылды. Жыл аяғына дейін 36 мың гектар жерге 15 конкурс өткізіледі.

Елді мекен шегінде объект салу үшін (оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін де) жер учаскесі “Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру” мемлекеттік қызметін көрсету шеңберінде кодекстің 44-бабы, 1-тармағы негізінде беріледі. Жер учаскелеріне жер пайдалану құқығын алуға мүдделі жеке және заңды тұлғалар белгіленген үлгідегі өтінішті “электрондық үкімет” веб-порталы арқылы www.egov.kz немесе мемлекеттік корпорация жер учаскесінің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органға жолдайды. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 46 жұмыс күні ішінде электрондық жүйе арқылы орындалады. Мәселе оң шешілген жағдайда жергілікті атқарушы орган жер-кадастрлық жоспармен қоса жер учаскесін пайдалану құқығын беру туралы шешімді ұсынады. Ал мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартылса, дәлелді себептер көрсетілуі тиіс.

Азаматтарды жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерімен қамтамасыз етуге келсек, 2005 жылдан бастап бүгінге дейін облыс бойынша – 7785, оның ішінде Петропавл қаласында – 2683, аудандарда – 5102 (2022 жылы – 362, Петропавл қаласында – 185, ауылдық елді мекендерде 177) жер учаскелері берілді. Биыл 28 жер учаскесі бөлінді.

Коммерциялық мақсаттар үшін жер учаскесін беру тәртібі Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағына сәйкес жүргізіледі. Яғни мемлекет меншігіндегі және пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру жер учаскелерін сату бойынша сауда-саттық немесе жер учаскесін жалға алу құқығын өткізу жолымен жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 15 қазандағы №297 бұйрығымен бекітілген сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу қағидаларына сәйкес мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (е-Qazyna) электрондық түрде рәсімделеді. Коммерциялық мақсаттар үшін жер учаскелерін беру мақсатында жергілікті атқарушы орган мемлекеттік тізілім порталында аукцион өткізілетіні туралы хабарлайды. Аукционға қатысу үшін әлеуетті жер пайдаланушы мемлекеттік мүлік тізілімінің сайтында тіркеледі, өзінің барлық деректемелерін көрсетеді. Сондай-ақ сайтта көрсетілетін кепілдік жарнаны төлейді және аукционға қатысуға өтінімді электрондық түрде береді.

Бизнес субъектілерін дамыту мақсатында 2018 жылдан бастап өңірде жалпы ауданы 183,3 гектар 174 жер учаскесін сату немесе жер учаскелерін жалға алу құқығы бойынша – 33, өткен жылы 14 аукцион өткізілді.

2023 жылғы 5 сәуірдегі “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға сәйкес республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқық беру тәртібіне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, жер комиссиясында өтініштерді қарау, жер учаскесін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын және сәйкестендіру құжатын (жер учаскесіне мемлекеттік актіні) дайындау алып тасталды. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы және аудандық маңызы бар қаланың әкімі жер учаскесіне құқық беру жөніндегі шешімді қабылдау үшін жер учаскесіне құқық алуға мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесін беруге өтінішпен қоса жер учаскесін бөлудің келісілген сызбасын тапсырады.

Жылжымайтын мүліктің бастапқы немесе қайталама объектісінің техникалық, сәйкестендіру, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда орналасқан жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты сәйкестендіру құжатын (жер учаскесіне арналған мемлекеттік актіні) алмастыратын құжат болып табылады.

Жер заңнамасындағы жоғарыда аталған өзгерістер 2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Мейрам МЕҢДІБАЕВ,

облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp