Футболдан ел біріншілігінің сегізінші турында “Қызылжар” командасы қарағандылық “Шахтерға” қарсы ойын өткізді. Сырт алаңдағы кездесу жерлестеріміз үшін сәтсіз болды.
Бұл ойынға дейін солтүстікқазақстандықтар “Каспиймен”, ал қарағандылықтар “Оқжетпес” командасымен тең түскен болатын. Сондықтан қос клубқа да жеңіс қажет еді. Кездесудің бірінші минуттарынан бастап, алаң иелері шабуылдауға кірісті. Алайда соққылары қақпадан қиыс кетіп жатты. Матчтың бел ортасында жерлестеріміз үшін алға шығатын бірнеше мүмкіндік болды. Бірақ қырағы қақпашы есеп аштырмады.
Екінші тайм басталысымен қызылжарлықтар қарсылас қақпасына бірнеше соққы жасады. Өкінішке қарай, нәтиже өзгеріссіз қалды. Ал 61-ші минутта “Қызылжар” аяқдопшысы ереже бұзып, ойыннан қуылды. Айып добын тепкен Темур Чогадзе тоғыздықты дәл көздеді. 1:0 есебі матч соңына дейін өзгермей, “Шахтер” қажетті үш ұпайды еншіледі.
Жеңіліске ұшырағанына қарамастан “Қызылжар” турнир кестесінде көш бастап тұр, жерлестерімізді “Астана” өкшелеп келеді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.