Марқұм Қалима әжей көреген кісі еді. Жетпіс жеті жылға шақталған ғұмырында халқымыздың дәстүрі мен салтына қиянат жасаған кезі жоқ. Ұл-қыздары мен немерелеріне де бар білгенін үйретіп бақты, оларды ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан адастырмауға тырысты.
Біз ол кісімен көрші тұрдық. Ол кезде ойын баласымыз. Үйдегі ас үйге қажетті ыдыс-аяқтарды есік алдындағы алаңқайға шығарып, жайқалып өсіп тұрған шөптерді жұлып, турап “тамақ пісіруден” жарысамыз. Бір күні көптен бері пайдаланылмай есік аузындағы сандықта тұрған қара қазанды далаға алып шықтық. Оған толғанша су құйып, ет асатын адамша дөңгелек тастарды салдық. Дәл сол уақытта құйын соғып қазанымызды төңкеріп тастамасы бар ма? Бәріміз үйімізге тым-тырақай қаша жөнелдік. Әлгі қазан төңкерілген күйі сол жерде қалды.
Анадайдан “Қазанды төңкергендері несі? Бұл жаман ырым емес пе?” – деп айқайлаған Қалима әжей көрінді. Төңкерілген қазан марқұмның артында тұяғы қалмады, оты өшті дегенді білдіретінін кейін білдік.
Халқымыз не айтса да қалт айтпаған ғой. Ата-әжелеріміздің “Қазанды төңкерме” деп ұрсатыны бекер емес екен. Бүкіл ырым-тыйымдардың астарына мұқият мән берсең, дүниедегі бар қорқыныштан, жамандық атаулыдан сақтандырып кеткенін байқайсың. Иә, қазақтың қазанға қатысты ырымдары аз емес. Халқымыз қыз балаға ешқашан қазан бермеген.
Сыныптастарымның бірі – құтқарушы. Ол “суға батып кеткен адамдарды қазан арқылы іздейміз” дегенде таңқалғанмын. Адам өзенге немесе теңізге батып кетсе үйіндегі қазанын төңкеріп суға жіберу қазақтың дәстүрінде әлімсақтан болыпты. Әлгі қазан адам батқан жерді айнала жүзіп тұрады екен.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы Зылиқа Бимақанова бір кездесуде қазанның қасиеті туралы айтып берген еді. Тарихшының айтуынша, бұрындары сақ елінің бірлігі бұзылып, ел ішін алауыздық жайлай бастапты. Сол кезде ел көсемдері халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырады. Сақ сарбаздары жебелерінің ұшындағы мысты жинап, балқытып, содан алып қазан құйған. Сол қазанға пісірілген тағамнан дәм татқан сақтар өкпе-наздарын ұмытып, қазан басында қайтадан татуласқан. Мұны тарихтың атасы Геродот: “Сақ патшасы Арриант жауынгерлерінің бүкіл жебесін бір жерге жинап балқытқызып, үлкен қазан құйдырған да, оны елден ерек қызметкерінің құзырына қаратқан”, – деп жазады.
Тарихтан қазанның қазақтың қорғаны болғанын білеміз. “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” заманында “елім-айлап” босқан халық бауырындағы баласын төңкерілген қазан астына жасырып аман алып қалған. Қазақ ұғымында қазаннан айырылу құт-берекеден айырылумен бірдей. Сол сияқты, біреудің қазанын тартып алу масқарашылық болып саналған.
Облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбарымыздың: “Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Жаратушы жұмақта оған арнап хауыз дайындайды”, – деген хадисі барын айтады. Осы сөзді тыңдап отырған менің ойыма киелі Түркістандағы алып тайқазан сап ете түсті. Мамандардың айтуынша, бұл тайқазан сонау 1399 жылы сирек кездестетін жеті түрлі асыл металдың қоспасынан құйылған. Соған қарағанда тайқазан кесененің бір бұрышына жай жәдігер ретінде қою үшін емес, осы хадиске амал ету үшін жасалған сияқты. Қазақ береке мен бірліктің белгісі санағандықтан, мұндай алып қазанды билеушілер мен әскербасылардың қабіріне қойған. Зиярат етіп келген адам қазандағы суды ішіп шөлін басып, қабір иесіне дұға бағыштаған. Бейіт басындағы қазанға қарап, марқұмның жай адам емес, ел билеген көсем, жау жапырған батыр болғанын білген.
…Қайсыбір жылы ауылға барғанда өмірі өнегеге толы Қалима әжейдің мәңгілікке жайғасқан жерін зиярат еттік. Құлыптасының жанында қазан тұр екен. Іші суға толы. Көзі тірісінде халқымыздың салты мен дәстүріне қылдай қиянат жасамаған жан осы көркем қасиетінен о дүниеде де ажырамай, жалғастырғысы келген тәрізді…
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.