Халқымызда “Еңбек етсең емерсің” деген тамаша сөз бар. Өз басым адал еңбектің адамды абырой биігіне жеткізетініне күн сайын куә болудамын. Ата-анам бала кезімде ерінбей еңбек етудің маңызды екенін жиі айтатын.
Мен облыс орталығындағы “Прогресс” тігін фабрикасының технологымын. 1986 жылы Семей жеңіл өнеркәсіп техникумын бітірісімен, Петропавлдағы сол кезде “Комсомолка” деп аталған тігін фабрикасына жұмысқа орналастым. Сол кәсіпорында қырық жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келемін.
Өткен ғасырдың соңғы жылдары біздің кәсіпорын үшін жеңіл болмады. Басшылық қатардағы мамандарға еңбекақы ретінде азық-түлік, киім-кешек беретін. Сол жылдары әріптестерімнің көбі басқа жұмысқа ауысып кетті, фабрикада 6 адам ғана қалдық. Біз бұл қиындықтардың өтпелі екеніне, уақыт өте келе жағдайдың жақсаратынына сендік, сүйікті ісімізбен айналыса бердік.
Қазіргі уақытта мен тәжірибелік цехты басқарамын. Қарамағымда елу қызметкер бар. Тапсырыстар қабылдап, жаңа киім үлгілерін әзірлейміз.
“Шебердің қолы – алтын”, дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, қазақ ұлттық киімдерінің етек-жеңіне оқа тігіп, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізіп, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы. Өкініштісі сол, соңғы жылдары бұл мамандыққа құштар жастардың қатары сиреп барады. Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі. Ойына ерік берген маман түрлі киім үлгілерін тіге алады. Қазір заманауи стильдегі киімдерге сұраныс жоғары. Біз тұрғындардан тапсырыстар қабылдап қана қоймай, қатарымызға қосылуды мақсат еткен жас мамандарға бар білгенімізді үйретуге асықпыз.
Райхан САҒЫНДЫҚОВА,
“Прогресс” тігін фабрикасының технологы.