«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮСКЕНДЕР

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Кез келген ұлттың ғасырлар бойы тарихи оқиғалар мен өмір салты негізінде қанына сіңген айрықша қасиеттері болады. Данышпан Абай атамыз айтқандай, бір ел кәсіпке, бір ел саудаға, енді бірі дінді ұстауға берік. Ал қазақ халқының атын әлемге танытар қандай қыры бар? Ежелден есімі жарты әлемге жайылған ержүрек бабаларымыздың ерлік істеріне қарап, ұлтымыздың ұстыны бойындағы батырлығы десек жарасады. Баһадүрлеріміз көзсіз ерліктерімен көзге түсіп, тұлпардың тұяғы тиген жерде билік құрып, киелі топырақ үшін суға түсіп, отқа күйген. Олар ұлтымыздың тұтастығы үшін атқа қонып, қолдарына еліміздің ертеңі үшін қару алды. Бүгінде біз көлеңкесін саялап отырған бейбітшілік бәйтерегі сол ержүрек бабалардың қанымен суарылғандықтан жайқалып тұр.

Отанға деген махаббаттың оты жас ұрпақтың жүрегінде маздап жанып тұруы керек. Бұл жолда олар бой түзейтін Алпамыс пен Қобыландыдан бастап, кейінгі Қабанбай, Райымбек, Батыр Баян мен ел құрметіне бөленген Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов сынды тұлғаларымыз аз емес. Қазақ халқының батыр ұлдары Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күнінен бастап соңына дейін қатысты.

– Біз әрқашан батырларымыздың ерен ерлігін еске аламыз. Осы жолда құрбан болғандардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Жеңіс күніне орай өңірде бірнеше күн қатарынан түрлі шаралар өтуде. Қаламыздағы соғыс ардагерлеріне де барынша көңіл бөлінуде. Биыл оларға 1,5 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Жандарын шүберекке түйіп, отқа түскен ардагерлерге қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Жеңіс күні “Мәңгілік алау” мемориалына гүлшоқтары қойылып, жиналғандар соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Қолдарына гүлшоқтарын ұстаған жерлестеріміз Жеңіс саябағына да көптеп жиналды. Қаз-қатар тізілген солтүстікқазақстандықтарды облыс әкімі Айдарбек Сапаров бастады. Өңір басшысынан кейін көпшілік ескерткішке гүлшоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті. Кейін бір минут үнсіздік жарияланды.

Мұнда жүрген әрбір жанның айтары бар. Қан майданға біреуінің әкесі, енді біреуінің атасы немесе ағасы қатысқан. Батырдың есімі ешқашан ұмытылмайды. Жерлестеріміз соғысқа қатысқан жауынгерлерді әркез жадында сақтайды.

Айта кетерлігі, мереке қарсаңында қаламыздағы бірқатар ескерткіш жөндеуден өтті. Жеңіс саябағы да 9 мамырға орай жаңа кейіпке еніп, өткен күнді еске салып тұр. Саябақ пен орталық алаңнан бөлек, жеңістің әр жылдардағы мерейтойларына арнап орнатылған белгілер де жаңарып қалған.

Жеңіс күні қаланың орталық алаңы мен Қазақстан Конституциясы көшесі бөлек кейіпке еніп, тарихтың тереңінен сыр шерткендей әсер қалдырды. Бұл күні жылдағыдай көшелермен “мәңгілік полк” жүріп өтпесе де орталықта майдангер аталарының суретін көтеріп жүргендер кездесті. Суреттен бөлек, тұрғындардың қолдарында жалаудың да түр-түрі желбіреді. Майдандағы түрлі ірі оқиғаларға арналған жалаулардан бөлек, еліміздің көк туын ұстап жүргендерді де көзіміз шалды. Сонымен қатар алаңның әр жерінде әскери әндер айтылып, кәдесыйлар сатылды. Ал бас алаңның сахнасында Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістері дайындаған концерттік бағдарлама қойылды.

– Бұл концертке арнап ерекше репертуар дайындадық. Соғыстың аяқталғанына 78 жыл өтсе де әскери әндерді тыңдағанда жанарларына жас алатын жандар әлі де бар. Соларға арнап түрлі жанрдағы туындыларды әзірледік. Ұлы Отан соғысы музыка тарихында да өз ізін қалдырды. Жеңісті, елді жырлайтын туындылар аз емес. Біздің өнерпаздардың бүгінгі тосынсыйы қалалықтардың көңілінен шықты деп ойлаймын, – дейді шара ұйымдастырушысы Алма Банных.

Өлкетану музейіндегі арт-орталықта да мерекелік көрме өтіп, онда өңірдің әскери әлеуетін айшықтайтын тарихи суреттер мен құжаттардың көшірмелері қойылды, деректі фильм көрсетілді. Өңіріміздің соғыс жылдарындағы өмірінен сыр шертетін “Солтүстікқазақстандық батырлар” атты көрмеде де құнды мәліметтер келтіріліпті. Ондағы деректерге сүйенсек, қан майданда 45364 солтүстікқазақстандық құрбан болған. 55 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген. Сонымен қатар Жеңіс күніне орай қуыршақ театрында балаларға арналған тарихи қойылымның тұсауы кесілді.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp