«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаһандық ғылымдағы жетістіктер біздің жастарға қолжетімді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің қатысуымен жоғары білім беру жүйесін қайта форматтау белсенді түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Парламент Мәжілісінің отырысында жаңа эконо­мика құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығын баса айтқан болатын. Президенттің 2025 жылға дейін шет елдердің беделді бес университетінің филиалын ашу туралы шегелеп айтқан тапсырмасы жүзеге асырыла бастады. Бұл – қазақстандықтардың жоғары білімге қолжетімділігін арттыруды және беделді шетел университеттерінің тәжірибесін енгізу арқылы білім сапасын көтеруді көздейді. Халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламаларын әзірлеу және қазақстандық университеттердің ғылыми әлеуетін дамыту елді өркендетудің стратегиялық бағыты десек қателеспейміз. Жаңа Қазақстан құру үшін жаңа белестерді бағындыру керек. Шетелдік білім беру жүйесінің озық үлгілерін енгізу мақсатында әлемдегі озық университеттермен серіктестік қарым-қатынас орнатудың өзіндік талабы бар.

Елдің теріскейіндегі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 2021 жылдың аяғында өзіне стратегиялық серіктес етіп Америка Құрама Штаттарындағы Аризона университетін таңдады. Екі жақ бірлесіп, білім беру бағдарламаларын жасады. Бұл шешімді қабылдау үшін екі жаққа да тиімді болатын шарттарды қабылдап, үлкен дайындық жүргізді. Нәтижесінде Аризона университеті, М.Қозыбаев атындағы СҚУ және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі арасында үшжақты меморандумға қол қойылып, келісімшарттың орындалу мерзімі он жылға белгіленді.

Аризона университетімен ынтымақтастық – қазақстандық университетті халықаралық кеңістікке ілгерілету және стратегиялық мақсаттарды іске асыруды көздейтін бастама.

2022-2023 оқу жылының басында жаңа оқыту бағдарламасы бойынша студенттер қабылдап, білім беруді бастадық. Оның ең басты ерекшелігі – белгілі мамандықтар бойынша грант иегері атанған студент төрт жыл оқып, қазақстандық және америкалық қос дипломды иеленеді. Яғни түлек көптеген елдер мойындайтын халықаралық үлгідегі диплом алады.

Биылғы оқу жылында қос дипломдық бағдарламаға 500 мемлекеттік грант бөлінді, бірақ толық игерілген жоқ. Оның өзіндік себептері бар. Алғашқы жыл болғандықтан тың бастамаға қызығушылар аздау. Оған уақыт қажет. Алдағы оқу жылында жаңа бағдарлама бойынша оқимын деген жастардың көбейері анық. Қос диплом алуға қызығушылардың қатары қалыңдап, бағы жанғандар мемлекеттік грантқа ие болып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген талапкерлерді қабылдайтынымызға сенім мол. Алдағы 2-3 жылда студенттердің санын 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Оқыту қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Бұл жерде нағыз бәсекеге қабілетті мамандар даярланатыны сөзсіз. Тағы бір артықшылығы – қос дипломдық оқу жүйесінде білім алып жүрген студенттер 4-ші курста соңғы семестрді Аризона университетінің кампусында жалғастырады. Ондағы үздік профессорлардың дәрістеріне қатысады, ағылшын тілін жетік меңгеруге жол ашылады. Осыдан кейін жас мамандардың Қазақстанда ғана емес, әлемдік еңбек нарығында жұмыс табуына мүмкіндік ұлғаяды.

Биыл жеті халықаралық бағдарлама қолға алынды. Оның ішінде ақпараттық жүйелер мен биотехнология бойынша қос дипломдық бағдарлама іске қосылды. Алғаш болып “Өсімдіктер денсаулығы туралы ғылымдар”, “Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар”, “Тамақ қауіпсіздігі”, “Биотехнология”, “Ақпараттық жүйелер” білім беру бағдарламалары енгізілді. Облыстың негізгі басымдықтарын ескере отырып, агротехникалық және инженерлік бағыттағы білім беру бағдарламаларына баса назар аударып отырмыз. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өте маңызды жоба. Биыл осы бағыт бойынша гранттық қаржыландыру есебінен 155 студент білім алуда. Қос дипломдық бағдарлама бойынша оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі. Жергілікті профессорлық-оқытушылық құраммен қатар, Аризона университетінің оқытушылары да жұмыс істейді.

Солтүстікқазақстандық университет неге Аризона университетін таңдады деген сауал көпшіліктің көкейінде жүрген болар. Аризона университеті – білім мен ғылымның әлемдік нарығында жеткен жетістігі мен тәжірибесі мол жоғары оқу орны. Ол – 136 жылдық тарихы бар қоғамдық ғылыми-зерттеу университеті. “Карнеги классификациясы” бойынша университет R1 санатына жатады, яғни бұл зерттеу қызметінің жоғары деңгейіндегі университет. Жоғары оқу орны – АҚШ-тың беделді, әлемдік деңгейдегі рейтингтерде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген оқу орындарының бірі. Бұл университет NASA-ның планетарлық ғылымдарына қатысады, астробиология, инженерия, медицина және биотехнология салаларында керемет жобаларды жүзеге асырады. Аризона университеті соңғы 5 жылда АҚШ-тың ең үздік инновациялық жоғары оқу орындарының рейтингісіне кірді. Яғни АҚШ-тың үздік 40 мемлекеттік университетінің бірі. Шанхай рейтингісінде (ARWU) 101-150, “Times Higher Education”-да 124 орында. 1700 профессор-оқытушы жұмыс істейді. Оның ішінде 5 Нобель сыйлығының лауреаты, 7 Пулитцер сыйлығының иегері бар.

Екі университет арасындағы келісім аясында әзірге тек бакалавриат бағдарламасы қолға алынған. Болашақта магистратура мен докторантураны да осы жүйемен оқыту мүмкіндігі туатыны сөзсіз. Алдағы жылдары мұнда 1700 орындық заманауи жатақхана салу жоспарланып отыр.

Қос дипломдық бағдарламаның толыққанды жүзеге асуына 11 қабатты замануи зертханалық-оқу ғимаратының көмегі зор. Оның жалпы аумағы 18 мың шаршы метрді құрайды. Жаңа оқу-зертханалық корпустың құрылысы аяқталып, бүгінде зертханаларды жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Кешенде 60-тан астам замануи зертхана болады. Оның жиырмасы инженерлік, тағы жиырмасы жаратылыстану және агротехнологиялық, оны медициналық бағытта жабдықталып жатыр. Сүттің толық химиясын, соның ішінде соматикалық жасушаларды зерттейтін “Foss nirs DS 2500” жем анализаторы (Дания) мен “Combifoss 7” сүт анализаторы (Дания) зертханалары, газ және сұйық хромотографтары және “GIZ” технологиялары бойынша зертханалар да орналастырылуда.

85 жылдық тарихы бар университеттің өзіндік білім беру жүйесі мен тәжірибесі қалыптасқан. Университет білім беру мен кәсіби маман даярлау ісінде оқыту бағдарламасы мен тәрбиелік шараларын ұдайы жаңартып, жаңғыртып отырады.

Биылғы оқу жылында университетіміз бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Дәлірек айтсақ, жоғары оқу орындарының бесжылдық аккредитациясынан абыройлы өтті. Университеттегі тағы бір жаңашылдық – биыл алғаш рет бес бағдарлама – информатика, есептеу техникасы және басқару, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, радиотехника, электроника және телекоммуникация, машина жасау, электр энергетикасы салалары бойынша PhD докторлық диссертациялары қорғалды.

Британдық кеңеспен бірлесе отырып, университет базасында IELTS емтиханын өткізуге қол жеткіздік. Бұл мүмкіндікке республикамыздың алты қаласы ие болса, солардың бірі – біз. АҚШ-тың Аризона университетімен бірлесіп әзірленген жеті халықаралық бағдарлама іске қосылды. Қазақстанның Түркия және АҚШ елшіліктерімен келісімді әрекеттерінің арқасында біздің студенттер мен қызметкерлерге түрік және ағылшын тілдері тегін үйретіледі.

“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының былтырғы деректері бойынша, қазақстандық студенттердің жұмысқа орналасуының орташа көрсеткіші 77,7 пайызды құраса, біздің түлектердің 85 пайызы жұмыспен қамтылған.

Университет білімді және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға баса назар аударады. Студенттер теориялық білімін тәжірибемен сабақтастыруға дағдыланған. Біздің университетте білім алушыны кәсіби сертификаттау тәсілі ұтымды пайдаланылады. Мысалы, “Есеп және аудит” бағдарламасы бойынша білім алушылардың “СҚУ сертификаттау орталығы” арқылы 1С бухгалтерия сертификатын алуға мүмкіндігі бар. Немесе агротехнология факультетінің студенттері француздың “CEVA SANTE ANIMALE” компаниясымен бірлесе ұсынылатын ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарды вакцинациялау бойынша халықаралық сертификатқа ие бола алады.

Білім алушыны таңдаған кәсібіне жан-жақты баулу, әлемдегі танымал оқу орындарында білімін жетілдіру, шетелдердің мәдениетімен кеңірек танысу, білім алушының ізденісін шыңдау мақсаттарын көздейтін академиялық ұтқырлық мәселесі де – университеттің стратегиялық бағыттарының бірі. 2022 жылы агрофакультеттің 12 студенті Германияда тәжірибеден өтіп, кәсіби сертификатқа ие болып келді. Студентіміздің “ДжонДир” ауыл-шаруашылығы техникасының білгірі ретінде республикалық байқауда жеңімпаз атануы да – университет үшін абырой. Аграрлық мамандықты игеріп жүрген алты магистрант Қытай елінің үздік университетіне тағылымдамадан өтуге жіберілді. Бұл басқа мамандықтар үшін де қолжетімді.

Осы жылы академиялық ұтқырлық аясында Италия, АҚШ, Түркия және Литвадан ғалымдар келіп, студенттеріміздің білім мен ғылымға деген ынтасын, ізденісін арттырды. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының да ізденісі зор. Өткен жылмен салыстырғанда ғылыми жобалар қатары 46 пайызға жоғары, қаржыландыру мөлшері 33,7 пайызға артық. Биыл 161,6 млн. теңгенің мемлекеттік гранты бойынша 17 ғылыми жоба іске асырылуда. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, машина жасау сияқты бағыттар бар. Мысалы, біздің ғалымдар сарқынды суларды экологиялық тазарту бойынша жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде сарқынды судан бөлінетін күкіртсутек иісін айтарлықтай төмендете аламыз.

Біз облыстағы жалғыз университет ретінде, өңіріміз үшін маңызды да қажетті жобаларды қолға алуға тырысамыз. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында “Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық аймақтары үшін бейімделген ресурс-энергия үнемдейтін және цифрлық технологияларды қолдану негізінде сүтті мал шаруашылығында ұстау, азықтандыру, өсіру және өсімін молайту технологияларын әзірлеу” атты жобаны бастадық. Бұл зерттеу арқылы ірі қара төлдерін қоректендіруге өсімдік негізінде жасалған сүталмастырғыш жемазық дайындау көзделген. Сол сияқты химия өнеркәсібіне де, мұнай өндіру саласында да құнды ғылыми жобаларымыз бар.

Рената АПЕРГЕНОВА,

философия докторы (PhD), М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp