Осыдан 3 ай бұрын аққайыңдар өлкесінде кезекті тарихи көркем фильм түсірілді. Бейімбет Майлиннің “Күлпәш” шығармасына негізделген туынды жақында халықаралық “Томирис” кинофестивалінде үздік деп танылды.
Туындыны кәсіби мамандар емес, Қазақ ұлттық өнер университетінің “Кино және теледидар” факультетінің студенттері түсірді. Түсірілім 10 күнге созылған. Бірақ осы тақырыпта фильм түсіру екі жыл бұрын ойластырылыпты. Фильмнің қоюшы-режиссері – Астанада білім алып жатқан жерлесіміз Ернат Сәбитов. Бұл – оның киноиндустрия саласындағы тырнақалды туындысы.
– Еңбегіміз зая кетпейтініне сендік. Орын алатынымызды білдік. Бірақ бас жүлде бұйырады деп ойламадық. Киноны Қызылжар ауданы Архангелское ауылында түсірдік. Себебі бұл елді мекенде көне үйлер көп. Қаржылай қиындықтар болды. Ауыл тұрғындары қолдады. Жататын жерімізді тегін берді, – дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ернат Сәбитов
Фильм қос аталымда топ жарды. Германия мен Түркия елінің қазылары оператордың да жұмысын жоғары бағалаған. Сол үшін туындыға “Болат Сулеев атындағы арнайы марапат” та беріліпті. Ернат Сәбитовтің жоспары ауқымды. Енді “Күлпәш” фильмін “Байқоңыр” фестиваліне ұсынбақшы.
Жас режиссер болашақта заманауи кино түсіруге ниеттеніп отыр. Келесі фильмі мектептегі буллинг жайлы болады. Алғашқы туындысын өз қаржысына түсірген талант енді демеуші іздемек. Бұл фильм де біздің өңірімізде түсірілуі мүмкін. Осы арқылы Ернат Сәбитов аққайыңдар өлкесіндегі киноиндустрияны дамытуға үлес қосқысы келеді.
Алдияр АЙТПАЕВ.