Есіл ауданы Спасовка ауылдық округінің әкіміне қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық іс бойынша тағы екі адам жазаға тартылды.
Петропавл қалалық соты Есіл ауданы Спасовка ауылдық округінің әкімін 130 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп таныды.
“Жолдаяқов “InvestComEnergy” ЖШС-ның бас инженерінен қосымша келісімдер жасау кезінде, Спасовка мен Тауағаш ауылында көше жарығын орнату және ағымдағы жөндеу бойынша орындалған жұмыстарға ақы төлеуде көрсеткен көмегі үшін 130 мың теңге көлемінде пара алған. Осылайша сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады”, – делінген облыстық соттың хабарламасында.
Өзінің тікелей міндетін орындаған аппарат қызметкері Байманова мердігер ұйым өкілінен екі шартқа қосымша келісімдер жасағаны үшін 50 мың теңге заңсыз сыйақы алған.
Прокурор барлығына 2,5 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл жазаны олар қылмыстық атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемесінде өтеп, сондай-ақ тиісті органдарда қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылулары тиіс.
Айыпталушы Жолдаяқов кінәсін мойындамады және ақтауды сұрады, Байманова кінәсін ішінара ғана мойындап, ақтауды және айыппұл тағайындауды, ал пара беруші Құрманғожин кінәсін мойындап, жазаны жеңілдетуді өтінді.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен және қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді. Әкімнің кішкентай балаларының болуы қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін жайттар деп танылды.
Сот үкімімен оған қылмыстық атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 1 жыл 10 ай жазасын өтеу, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза тағайындалды. Жолдаяқов сот залында қамауға алынды.
Қалған екеуі – пара беруші Құрманғожинге 4 млн. 788 мың теңге, ал әкім аппаратының бұрынғы қызметкері Баймановаға 2 млн. 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Олар бұл соманы сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде төлеулері тиіс. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.