Экономиканың күретамыры саналатын жолдың сапасы қай кезде де назардан тыс қалған емес. Жыл сайын бұл салаға қомақты қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанымен, “әттеген-ай” дейтін сәттер жетерлік. Әсіресе облыс орталығынан шалғайда жатқан ауыл жолдарының жайы алаңдатпай қоймайды.
Мәселен, Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылында 71 көше бар. Осы уақытқа дейін оның 30 пайызы ғана жөнделген. Сапасыз жолдарға кейінгі уақытта ғана назар аударыла бастаған. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын аудан орталығындағы 16 көше жөнделсе, биыл Янко көшесі жаңа кейіпке енбек. Тиісті конкурстық рәсімдер аяқталғаннан кейін өзге де тозығы жеткен көшелерге кезек келмек.
Володар ауылдық округінің әкімі Ермек Қасымғалиевтің айтуынша, Янко көшесін жөндеуге 350 млн. теңге бөлініпті. Жұмысты “МГА “ДорСтрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып жатыр. Құрылысқа 15 жұмысшы мен 7 техника жұмылдырған серіктестік директорының орынбасары Граир Авдоян жанармай тапшы екенін жасырмады. “ҚазМұнайГаз” 2 тоннадан артық бермейтін көрінеді. Бұл тек 8 сағатқа ғана жетеді екен.
– Су құбырларын тартқаннан кейін жолдың көп бөлігі бұзылады. Көліктердің қатынауы қиындайды. Бір қуантарлығы, ауыл көшелері жөнделе бастады. Мәселенің барлығы бір мезетте шешілмейтіні анық. Бәріне уақыт, қаржы қажет, – дейді Саумалкөл ауылының тұрғыны Владислав Гордеев.
Он бір мың тұрғыны бар ауыл тұрғындарын жолмен қатар жарық мәселесі де толғандырып отыр. Округ әкімінің айтуынша, бұл мәселе де алдағы уақытта шешіледі.
Аснурия АБДУЛА.