Облыс орталығында апта сайынғы дәстүрлі жәрмеңкелер жалғасуда. Аудан шаруалары қала тұрғындарына жергілікті азық-түлік өнімдерін арзан бағада ұсынуда. “Алтын арман” базарындағы кезекті жәрмеңке де әдеттегідей ұзын-сонар кезекпен басталды.
Тұрғындардың айтуынша, азық-түлікті осындай жәрмеңкеден алған анағұрлым тиімді, өйткені арзан, табиғи таза әрі сапалы. Бүгінде қаладағы ағайынға азық-түлікпен қамдану үшін жылына бірнеше рет өтетін жәрмеңкелерді күтудің қажеті жоқ. Әр апта сайын не керектің бәрі жеткізіледі. Сауда қыста да бір тоқтаған жоқ.
Мұндай шаралардан тауар өндірушілердің де ұтары көп. Олар өз өнімін арзанға сатып ұтылмайды. Керісінше, осындай жәрмеңке арқылы тұтынушылармен тікелей сауда жасайды. Шаруалардың жәрмеңкеде күтіп тұратын тұрақты сатып алушылары да бар.
– Облыс орталығына құс, сиыр етін, жұмыртқа, сүт өнімдерін әкелдік. Мұнда айыртаулық сүт өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін байқадық. Өйткені сапасы жоғары, бағасы арзан. Мәселен, ірімшіктің келісін қалалықтар дүкеннен 950 теңгеге алса, бізден 800-ге сатып ала алады. Оның көбін өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз алып кетеді, – дейді Айыртау ауданынан келген сатушы Наталья Войтенко.
Мұндағы сөрелерге ілінген баға нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен. Сондықтан да қала тұрғындары көбірек алып қалуға тырысады. Жәрмеңкедегі сиыр етінің келісі – 2100, жылқынікі 2700 теңгеден сатылып жатты. Жалпы бұл күні жәрмеңке “Алтын арманнан” бөлек “Дария”, “Қызылжар Ақбастау” базарларында да ұйымдастырылды. Онда Шал ақын, Қызылжар, Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Аққайың және Айыртау аудандарының тауар өндірушілері бір күн ішінде 6,5 млн. теңгеге сауда жасады.
– Азық-түлікті осындай жәрмеңкелерден алуға тырысамыз. Өйткені жергілікті өнім табиғи әрі қолжетімді. Қазір қалтамызға сай келер азық-түлікті табу қиындады. Арзан өнімнің сапасы төмен болып жатады. Ал жергілікті шаруалар мен өндірушілер үнемі бізге экологиялық таза тағам түрлерін жеткізіп береді, – дейді қала тұрғыны Гүлзейнеп Мәуленова.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.